Президент Kaspi.kz басшылары мен қоғам қайраткерлерін қабылдады

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ләззат Рамазанова Мемлекет басшысына өнеркәсіп орындарының ауа сапасын ластауын төмендетуге бағытталған технологияларды әзірлеу мен енгізу мәселесі және EcoJer қауымдастығы атсалысқан жаңа Экология кодексі жобасының негізгі ережелері талқыланды.

Президент экология заңнамасын алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажет екенін айтты.

Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен компанияның басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Президентке цифрлық қызмет көрсету сервисінің және тиісті экожүйенің даму стратегиясы мен Қазақстандағы электрон коммерцияның өсу перспективасы туралы баяндады, әсіресе компанияның шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жөніндегі жоспарына ерекше мән берілді.

Банкирлер Kaspi.kz компаниясының акцияларын Лондон қор биржасы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңдарына ашық орналастыруға дайындық туралы айтты.

Президенттің қоғам қайраткері, BTS Digital білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбекпен кездесуі барысында кәсіптік-техникалық білім беру ісін және еңбек нарығын дамыту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Саясат Нұрбек
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Саясат Нұрбек. Фото: Akorda.kz

Саясат Нұрбек Президентке «Жаңа мамандықтар атласы» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы жайында айтты. Оның пікірінше, жоба жастардың мамандық таңдауына және алдағы уақытта елімізде сұранысқа ие болатын кәсіптерді меңгеруіне көмектеседі.

Мемлекет басшысы білім беру саласында жаңа ғылыми әдістерді және технологиялық шешімдерді қолдану маңызды екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, білім жүйесін жаңғыртуға байланысты мәселелер Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібіне енгізіледі.

Экономика саясаты институтының президенті Қайырбек Арыстанбековпен кездесуде ұлттық экономиканы дамыту, мемлекеттің әлеуметтік саясатының тиімділігін жақсарту мәселелері қаралды.