Қазақстанда демалыс күндері жауын-шашынды болады

"Қазгидромет" ақпанның 22-24-і күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады. 

Қар аралас жаңбыр жауын қыс желтоқсан ауа райы құбылмалы
Фото: B-port.com

Синоптиктердің болжамы бойынша Орталық Азиядан ауысып келе жатқан белсенді циклон сенбі күні Қазақстанның орталық аудандарында, ал күндіз республиканың шығысында болады. Соған байланысты демалыс күндері республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жауын-шашын, жаңбыр, жабысқақ қар жауады, тұман түседі, көктайғақ болады, күшті жел соғады.

Қазақстанның орталығы мен шығысында оңтүстік циклон қардың жаууына себеп болады, жексенбі күні кей жерде қар көп түседі, боран мен күшті жел соғады, жолдарды күртік қар басады. Циклонның артынан Еділ бойы аудандарынан антициклон келеді, оның әсерінен жауын-шашын түседі, күн аздап суиды, – деп хабарлады “Қазгидромет” мамандары.

Ауа температурасы төмендегенімен ол әлі де орташа көпжылдық шамадан 3-6 градус жоғары болады.

“Қазгидромет” мамандары сенбі – 22 ақпан күні бірнеше өңірде ауа райының қолайсыз болатыны ескертілгенін хабарлады.

Жамбыл облысында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 30 метрден асады, тұман түсіп, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады, Түркістан облысы мен Шымкентте жаңбыр мен қар жауып, найзағай ойнайды, тұман түсіп, жел екпіні секундына 25-28 метрге жетеді. Солтүстік Қазақстан облысында тұман түседі. Шығыс Қазақстан облысында қар жауады, бұрқасын соғады, тұман түседі, көктайғақ болады, Жарма ауданында жел екпіні секундына 25 метрге жетеді. Батыс Қазақстан облысында тұман түседі. Қызылорда облысында жаңбыр, қар жауады, тұман түседі, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Қостанай облысында тұман түседі.