Қазақстан азаматтары Diamond Princess кемесінен сау шықты

Олар 23 ақпанда елге оралады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің ақпараты бойынша 22 ақпанда Diamond Princess кемесінен тағы екі азамат жерге түсірілді. Олар қазір Токио қонақүйлерінің бірінде демалып жатыр. Осылайша Қазақстанның барлық азаматы кемеден шығып отыр. Олар коронавирусты анықтайтын тест тапсырған, нәтижесі теріс болды.

Токиодағы дипломаттарымыз лайнерде Қазақстанның азаматтары бар екені белгілі болған кезден бастап олармен тұрақты байланыс орнатып, барлық консулдық-құқықтық көмек берді, — деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жапония жағалауында тұрған Diamond Princess криуз кемесіндегі Қазақстан азаматтарының екеуінен коронавирус анықталмағанын хабарлаған еді.

Ақпарат құралдарының мәліметінше, Diamond Princess кемесі Иокогамада 3 ақпаннан бері тұр. 5-19 ақпан аралығында лайнер карантинге жабылды. Оған мұндағы 3 700 адамның арасынан коронавирус жұқтырғандар болуы себеп. Бүгінге дейін 600-ден астам адамнан қатерлі вирус анықталған. Кемеде Қазақстанның төрт азаматы болды.