Круиз лайнеріндегі Қазақстанның екі азаматы коронавирустан аман

Жапония жағалауында тұрған Diamond Princess криуз кемесіндегі Қазақстан азаматтарының екеуінен коронавирус анықталған жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты. 

Diamond Princess
Diamond Princess кемесі. Фото: Gettyimages.com/Carl Court

Министрдің мәліметінше, карантинге жабылған круиз кемесіндегі Қазақстанның төрт азаматының екеуі коронавирусқа қарсы тексерілді.

Жапониядағы круиз лайнеріндегі екі азаматымыздың анализ нәтижесінің көшірмесі келді. Олардың коронавирус жұқтырмағаны анықталды. Ал қалған екі адамның тест нәтижесін күтіп отырмыз, ол жақпен байланыстамыз. Өкінішке қарай, ол екі адамның нақты я ересек, я бала екені туралы ақпарат жоқ, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Қазір кемеде болған азаматтарды елге әкелу мәселесі шешіліп жатыр. Бұған дейін жолаушылары коронавирус жұқтырған Diamond Princess криуз кемесінде Қазақстанның төрт азаматы бар екені хабарланған еді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, олардың екеуі – әйел адам, екеуі – бала. Кемедегі 50 елден жиналған 3 700 азамат карантинге оқшауланды. 19 ақпанда карантин аяқталып, лайнер жолаушылары жағаға шығарыла бастады. Бүгінге дейін 300 жолаушы коронавирус жұқтырып, оның үшеуі қайтыс болды.

Денсаулық министрі Уханьнан Украина азаматтарымен бірге эвакуациалануы керек болған Қазақстан азаматтары жөнінде де түсінік берді.

Жоспарланған екі азамат болған, бірақ оның біреуінің дене қызуының жоғары болуына байланысты Қытай дәрігерлері ұшаққа отыруға рұқсат бермеген. Ол, әрине, дұрыс шешім болды деп есептеймін. Себебі Уханьда карантин болғандықтан дәрігерлердің мақсаты – вирусты басқа елдерге жібермеу, – деді Елжан Біртанов.

Уханьда қалған азамат коронавирус жұқтырмаған болса, ол басқа рейспен елге жеткізіледі.