Коронавирус тараған елдерден келген азаматтар 24 күн бақыланады

Ведомствоаралық комиссияның келісімімен енді коронавирус инфекциясы тараған Сингапур, Жапония, Таиланд, Оңтүстік Корея елдерінен және Қытайдың Гонконг, Макао, Тайвань арнайы әкімшілік аудандарынан Қазақстанға келген азаматтар ҚР шекарасын кесіп өткен күннен бастап 24 күн медициналық бақылауда болады — мамандар оларды 14 күн бойы үй-үйді аралап тексереді және 10 күн қашықтан мониторинг жүргізеді.

Коронавирус инфекциясын бірлі-жарым азаматы жұқтырған Малайзия, Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, БАӘ, Канада, Италия елдеріне барып келген адамдар 24 күн қашықтан бақыланады. Ал Қытайдан келген жолаушылар ұшақтан түсе салысымен оқшауланып, 14 күн стационарда карантинге жабылады, олар ауруханадан шыққаннан кейін тағы 10 күн қашықтан бақыланады.

Ресми делегация өкілдерінің, қызметтік және дипломаттық паспорт иелерінің, авиакомпания ұшқыштарының және қолайсыз аумақтардан келетін экипаж мүшелерінің денсаулығына да 24 күн қашықтан мониторинг жүргізіледі, — деп хабарлады ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

Қазақстанда 6 қаңтардан бері Қытайдан келген 23 мың 801 адам қатаң бақылауда болды, қазір 23 мың 647 адам мониторингіден шығарылды, ал кейінгі 14 күнде келген 789 адам мен ауруханаға жатқызылғандардың 165-сі әлі медициналық бақылауда.

20 ақпанда дене қызуы көтерілген және ЖРВИ белгісі бар 165 адам ауруханаға жатқызылды. 158-і жазылып шықты, 7 науқас стационарда қалды. Пациенттердің жағдайы қанағаттанарлық. 14 күн стационарлық карантинде болған 524 адам тексеріліп, карантиннен шығарылды.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам тіркелген жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті, күмәнді аймақтардан келген қазақстандықтарға өзге адамдармен байланысты үзіп, үй жағдайында карантинді жалғастыруды ұсынады. Бұл сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін маңызды. Сұрақтарыңыз болса және көмек қажет жағдайда тәулік бойы «1406» нөмірі бойынша сall-орталық жұмыс істейді, — деп хабарлады министрлік өкілдері.

Жұқпалы аурудан қорғайтын бұйымдар экспортына тыйым салынды