Батырхан Шүкеновке арналған байқауда вокалистер баттлы болады

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, биылғы байқаудың басты ерекшелігі — финалистерді баттл арқылы іріктеу. Сонымен қатар әндер кәсіби аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындалады.

Байқау үш кезеңнен тұрады. І кезеңде қатысушылар байқауға қатысуға өтінішпен бірге Батырхан Шүкеновтің репертуарындағы бір әнді орындап, оны бейнежазбаға түсіріп, ұйымдастырушыларға жіберуі керек. Іріктеуден өткен үміткер байқауға қатыстырылады. Екінші кезеңде жарысқа қатысушылар дуэт болып ән шырқайды. Жеңгендер финалға өтеді. Финалда Батырхан Шүкеновтің репертуарындағы әндер орындалады. Орындаушыны аспаптар ансамблі сүйемелдейді. Байқаудың лауреаттары гала-концертке қатысады.

Қазылар алқасының құрамында танымал, кәсіби музыканттар, композиторлар, музыка әрлеушілер мен мәдениет және өнер қайраткерлері болады. Байқауға қатысушылардың орындау шеберлігі, сахна мәдениетін сақтауы, өзін ұстауы мен образына ерекше көңіл бөлінеді, — деп хабарлады байқауды ұйымдастырушылар.

Байқау әншінің туған күні қарсаңында — 16-18 мамыр аралығында оның туған жерінде өтеді. Шараны Қызылорда облысының әкімдігі мен «Таңдау» өндірістік орталығы қолдап отыр.

Жас таланттар мен қонақтар байқау аяқталған соң Батырхан Шүкеновтің ескерткішіне барады.

Конкурсқа қатысуға өтінішті 2020 жылдың 20 сәуіріне дейін [email protected] электрон поштасына жолдау керек. Үміткерден:

— конкурсқа қатысуға өтініш;

— бейнежазба (Батырхан Шүкенов репертуарындағы әнді жанды дауыспен орындау, жазба сапасы жақсы әрі көлемі 2 минуттан кем болмағаны жөн);

— шығармашылық сипаттама;

— 3 дана кәсіби фотосурет (электрон формат);

— жеке куәлік көшірмесі талап етіледі.

Эстрада әншісі, композитор, A`Studio тобының бұрынғы солисі Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда туған. Ол 2015 жылы 28 сәуірде қайтыс болды.