— «Абайтану» оқулығы қалай жазылды? Бұл еңбекті Абай әлемін зерттеушілер қалай қабылдады?

Руда Зайкенова. Фото: Kazmkpu.kz

— 1912 жылы жазушы Мұхтар Әуезов қазіргі Қазақ ұлттық қыздар университетіне абайтануды факультатив пән ретінде енгізген. 2013 жылы Абайтану курсының типтік бағдарламасы енгізілгеннен кейін «Абайтану» оқулығын жазу керек болды. Әрбір баспа өзінің авторларына тапсырма берді. Мен де баспадан тапсырма алып, 2016 жылы оқулық жазып шықтым. Білім және ғылым министрлігі бағдарламаға арнап жазылған оқулықтарды талдап, арасынан мен жазған кітапты мектеп қабырғасында оқытуға таңдап алды. Менің оқулығым жоғары кластардағы абайтану факультатив сабағы үшін жазылған. Дегенмен көп мектеп әлі де бұл пәннің арнайы оқулығы барынан хабарсыз екен. Өйткені мектеп мұғалімдері өзара байқау жариялап, пәннің бағдарламасын өздерінше құрастырып, сабақ өтіп жүретінін білдік.

Оқулық баспадан шығайын деп жатқанда бір сарапшымен дауластық. Ол кісі кітаптың бірінші бетіндегі «Ақыл, жүрек, қайратты бірге ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген ақынның сөзін өзгерткісі келді. Нақыл сөздегі «толық» сөзін басқа сөзбен алмастыру керек деген уәж айтты. «Өйткені бұл сөзді оқушылар адамның денесіне қатысты деп қана түсінуі мүмкін» деді. Мен бұл сөзді өзгертуге болмайтынын кесіп айттым. Абай қалдырған еңбекті өзгерту және соған жол беру сауатсыздық болар еді. Керек десеңіз, Абайдың сөздерін Алаш арыстарының өзі өзгертпеген. Ендеше, маған не жорық?! Соңында нақыл сөз еш өзгеріссіз қалды.

— Оқулық жазу кезінде қандай ғалымдардың еңбегіне көбірек сүйендіңіз?

Көбіне Мұхтар Әуезов зерттеулерін қолдандым. Себебі ол кісі Абайдың көзін көрген адамдармен сұхбаттасып, соның негізінде әйгілі «Абай жолы» романын жазып шыққан. Сонымен бірге Зәки Ахметов пен Қайым Мұхамедхановтың еңбектері әдебиеттер тізімінде алдыңғы орында тұр. Қайым Мұхамедхановтың «Абай шәкірттері» атты үш томнан тұратын еңбегін оқып шығу қажет. Бұл еңбекте қазақ жазушыларының Абайдан қалай үйренгені жайлы, олардың ұлы ойшылға арнап жазған шығармасы мен өлеңдері туралы жақсы жазылған.

— Мектеп бағдарламасына арналған оқу-әдістемелік құралдар жазу ісіне ден қоюыңызға не себеп болды?

«Абайтану» оқулығы. Иллюстрация: Armanpv.com

1990 жылдан бері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде сабақ беріп келемін. Сол кезде жоғары оқу орындарында оқулық тапшы болды. Тәуелсіздік алған соң студенттерге арнап оқулық жазу мәселесі жиі көтеріле бастады. Сол жылдары «ХХ ғасыр басындағы әдебиет және Алаш ұстанымы» деген кітап жаздым. Бұл — оқулық жазудағы алғашқы еңбегім. Кітап ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап 1940 жылға дейін қалам ұстаған, әдебиетте өзіндік орны бар ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы болды. Сол уақыттан бері жоғары оқу орындары мен мектеп оқушыларына арналған оқулық жазып келемін.

Ғылымға, мәдениетке, әдебиетке ден қойған адам Абайдың шығармашылығына көп көңіл бөледі. Абайға тәнті болмаған, Абайға еліктемеген, Абайша жазғысы келмеген адам кемде-кем. Бұған дәлел — Абай негізін қалаған жазба әдебиетті жалғастырушы Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Мұқағали Мақатаев сияқты ақын-жазушылар.

Аружан Байоразова

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!