Алматыда үш оқушының мәйіті мұз астынан табылды

Lider.kz волонтерлар ұйымы балаларға 12 ақпан күні іздеу жариялаған еді. Мектеп формасын киген үш оқушы Алғабас ықшамауданындағы №184 мектепке бара жатқан жолда із-түссіз жоғалған. Бақытжан Сағынтаев олардың мәйіті табылғанын естіртті.

Құтқару қызметтері Алатау ауданында жоғалып кеткен оқушыларды іздестіруді аяқтады. Өкінішке қарай, біз балалардан айырылып қалдық. Денис Мельников, Вадим Сизов, Сабыр Дүйсеғалиевтің қаза тапқаны туралы қайғыра хабарлаймын. Жазым болған оқушылардың отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын, — деп жазды Алматы әкімі.

Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, балалар мұзы жұқа суға түсіп кетіп, қайтыс болған. Алматы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 ақпан күні сағат 04.31-де «112» пультіне Алатау аудандық ішкі істер бөлімінің жедел кезекшісінен Теректі ықшамауданындағы жасанды кәріз коллекторынан оқушы рюкзактары табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару жасағының 7 сүңгуірі мен бір техникасы және Алматы құтқару қызметінің 5 жұмысшысы мен бір техникасы жіберілді. Сүңгуірлер су астынан үш баланың мәйітін алып шыққан. Қазір коллектор кімге тиесілі екені анықталып жатыр.

Полиция департаменті мен төтенше жағдайлар қызметіне оқиға себебін тергеу жөнінде арнайы топ құруды тапсырдым. Зардап шеккендердің отбасына көмек береміз. Тергеу барысы менің жеке бақылауыма алынды, — деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев.