Кондоминиум, яғни бірнеше меншік иесінің мүлік кешеніне бірге иелік етуі тұрғындарға өз үйін күтуге арналған қаржы жинауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматы тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев брифингіде айтты.

Кондоминиум нысандарын басқару органдары қызметін реттеу мақсатында «бір үй — бір бірлестік — бір шот» қағидаты бойынша коммерциялық емес ұйымның жаңа формасы құрылды. Ол меншік иелері қауымдастығы деп аталады. Бұл ұйымда тұрғындар өз үйін күтуге кететін шығынды өздері ұстайды және қаржының түсуі мен оның жұмсалуын өздері бақылай алады, — деді  ПИК жұмысы өзгерісіне қатысты брифингіде.

Меншік иелері қауымдастығы — заңды тұлға. Ұйымды сол үйдегі пәтерлердің бірінде тұратын, сол үй тұрғындары сайлаған төраға бір жыл басқарады. Ұйымның штатында аула тазалаушы, электрик, сантехник сияқты қызметкерлер болмайды. Қауымдастық мұндай қызметтерді көрсететін ұйымдармен келісімшартқа отыруы керек.

Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Қарапайым серіктестік — барлық меншік иесін заңды тұлғаны құрмай-ақ тікелей бірлесіп басқару деген сөз. Меншік иелері серіктестіктің жарнасын ақшалай төлейді немесе оның орнына жұмыс істейді. Бұл жағдайда меншік иелері өз арасынан сенімді тұлғаны анықтайды. Ол үшін барлық меншік иесі сол адамға сенім білдіретінін қолхатпен жазып береді, — деді Мейіржан Отыншиев.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін ПИК, ПИТК (пәтер иелерінің тұтыну кооперативі), ЖШС және басқа да басқару органдары бірнеше үйде басқарып, барлық үйге бір есеп жүргізетін. Енді бұл органдарды үй кеңесі алмастырады. Кеңестің үш иесі болады, олар әр ай сайын тұрғындар алдында есеп береді. Әр үйде үй кеңесі болуы керек.

Кондоминиум нысанын басқарудың жаңа формасына көшу кезінде меншік иелері пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстауды жауапкершілігіне алады. Ол үшін меншік иелері қауымдастығы төрағасы мен қарапайым серіктестіктің сенімді тұлғасы екінші деңгейдегі банктерде ағымдағы және жинақ шоттарын ашады.

Осылайша Алматыда 900 пәтер иелерінің кооперативі орнына 8,4 мың басқару органы пайда болады. Оған қоса, меншік иелері бір жылда үй кеңесі мен кондоминиумды басқару түрін сайлау үшін жиналыс өткізеді, — деді Мейіржан Отыншиев.

Қазіргі тұрғын-үйді басқару органдары 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыс істей алады. Олар басқару немесе қызмет көрсету компанияларын тарату немесе қайта құру рәсімдерін жүргізуге құқылы.