Қазақстанның оңтүстігінде қар аралас жаңбыр жауады

Жамбыл облысының таулы аудандарында күшті жауын-шашын болады: жаңбыр, жылбысқы қар жауады, кей жерде тұман түседі, көктайғақ болады, жаяу бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді, облыстың оңтүстік-батысында жел екпіні секундына 30 метрден асады. Түркістан облысында да кей жерде жауын-шашын көп түседі: жаңбыр, қар жауады, тұман түседі, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 24-29 метрге дейін күшейеді.

Қызылорда облысында күшті жауын-шашын болады, жаңбыр, қар жауады, бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, кей жерде тұман түседі, көктайғақ болады. Шығыс Қазақстан облысының кей жерінде тұман түседі, жаяу бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді, 29 градус аяз болады. Алматы облысында кей жерде тұман түседі, көктайғақ болады, Жалаңашкөл көлі ауданында жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Қостанай, Қарағанды облыстарында тұман түседі, екпіні секундына 18 метрге жететін жел соғады. Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерінде тұман түседі.

Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Алматыда су тасқыны қаупі бар.