Сел мұздықтардың, қардың мөлшерден артық еруінен, нөсерлі жауын-шашыннан, жер сілкінісінен, тау өзендерінің арнасынан асып, тасуынан болады. Одан қалай сақтану керек? Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кеңесін жария етеміз.

Сел кенеттен пайда болып, жоғары жылдамдықпен (секундына 10 метр және одан да артық) жүреді және 10 минуттан бірнеше сағатқа дейінгі аралықта қайталанады. Селдің алдыңғы толқынының биіктігі 15 метрге дейін жетуі және одан да асуы мүмкін. Оның гүрілі алыстан естіледі.

Селге қалай дайындалу керек?

Әдетте сел жүретін жерлер алдын ала белгілі болады. Тауға шығар алдында өз жол бағытыңызды зерттеңіз, қатты нөсерден кейін сел қаупі бар жерлерге бармағаныңыз жөн. Апатқа тап болсаңыз, аман қалу мүмкіндігі аз екенін есте сақтау керек. Селден жақындамай ғана құтылуға болады. Қауіпсіз жерге кетерде, үйден шықпас бұрын электр, газ және су желілерін сөндіріңіз. Есіктерді, терезелер мен вентиляциялық саңылауларды мықтап жабыңыз.

Сел кезінде не істеу керек?

Сел дауысын естігенде сайдың етегінен өрге қарай кем дегенде 50-100 метр биіктікке көтерілген жөн. Селдің қарқынымен адам өміріне қауіп төндіретін үлкен тастар алыс жерлерге ұшуы мүмкін екенін ескерген абзал.

Селден кейінгі іс-әрекет

Селден жапа шеккендерге көмектесіп, сел жолындағы үйінділерді жинауға жәрдемдесіңіз. Егер сіз зардап шексеңіз, өзіңізге алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысыңыз. Жарақаттанған жерлерді сәл биіктеу ұстап, оған мұз (суланған мата) басып, таңып байлаңыз. Кейін дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Kevin Langer)