Юрий Померанцев 1923 жылы 11 ақпанда Киевте туған. Әкесі репрессияға ұшырағаннан кейін отбасы Мәскеуге көшіп кетеді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Қазанда жауынгер курсынан өтіп, Солтүстік-Батыс майданына аттанады. Ауыр жараланып, тылға оралғаннан кейін бір жылдан соң — 1943 жылы анасы эвакуацияланған Алматыға келеді.
Қазақстан астанасында Абай атындағы опера және балет театрында хор артисі, 1945-1953 жылдары Қазақстан балалар мен жасөспірімдер театрында актер болды, 1953-1954 жылдары Саратов балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеді, 1954 жылдан бері қазіргі М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актеры. Театрда режиссер әрі драма студиясының жетекшісі де болды.
Юрий Померанцев «Даладағы қайың», «Біздің сүйікті дәрігер», «Жол түйісі», «Атамекен», «Чапай түлектері», «Азат ету», «Ән айтудан төрт», «Солдаттар отаны», «Джельсоминоның сиқырлы дауысы», «Өзгенің бақыты» көркем фильмдерінде ойнады. Қалың көпшілікке талантты режиссер, КСРО халық артисі Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі ақ халатты абзал жан Анатолий Лавров ролімен танымал. Музыкалық картинада 33 жастағы Юрий Померанцев 60 жастағы дәрігер ролін сомдады.
Шәкен Айманов бұл фильмде Қазақстанның музыка және драма өнерінің жарқын жұлдыздарының басын қосуды мақсат еткен. Картинадан режиссердың өзін және Роза Ысмайылова, Евгений Диордиев, Ермек Серкебаев, Мүлік Сүртібаев, Валентина Старжинская, Лидия Ашрапова, ағайынды Ришат, Мүсілім Абдуллиндер, Хадиша Бөкеева, Шара Жиенқұлова, Серке Қожамқұлов, Рахия Қойшыбаева, Кәукен Кенжетаев, Бибігүл Төлегенова, Мұхтар Бақтыгереев, Дина Жанғозина, Таңат Жайлыбеков, Камал Қармысов, Зинаида Морская, Евгений Попов сияқты өнер қайраткерлерін көруге болады. Фильмнің композиторы — бүгінде 94-ке таяған Александр Зацепин.
Былтыр жазда режиссер Асқар Бисембин «Біздің сүйікті дәрігердің» жалғасын түсіруді қолға алды. Фильмде жас әнші Данэлия Төлешова ойнайды. Өндірістің басталуына арналған баспасөз мәслихатына Юрий Померанцев қатысты.
Юрий Померанцев бүгінде М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Бір күні Глостерде», «Мистер Гринге бару» қойылымдарында ойнап жүр. Театр наурыз айында халық артисінің туған күніне орай ол ойнайтын жаңа спектакльді — «Менің ғасырым» аталатын комедияны көрермен наразына ұсынады.
Baribar.kz редакциясы театр және кино актеры, «Сахнагер», «Алтын Адам» ұлттық жүлделерінің иегері Юрий Померанцевті туған күнімен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілейді!