Вице-министрдің мәліметінше, 37 адам ауруханаға түсті, оның 9-ы реанимацияда, 18-і үйіне жіберілгелі жатыр. Санитариялық авиациямен алты адам Алматы ауруханаларына жеткізілді. 100 адам амбулаториялық бақылауға алынды.
Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында құрылған жедел штабта өткен брифингіде осы оқиғаға байланысты құрылған Үкімет комиссиясының төрағасы Бердібек Сапарбаев ауылдан шекара асып қашуға тырысқандар жөнінде мәлімдеме жасады.
Қырғызстанға кетудің қажеті жоқ. Қайтып келсін. Тәртіпке келтіреміз. Комиссия мүшелерімен бірге ертең шекараға барып, жағдайды білеміз. Айдап салушылар мен арандатушылар жазаланады. Оларды табамыз. Тауып, жазалаймыз. Видеоны көрдік. Жастар қаза болды. Не үшін? Кім үшін? Тұрғындар 150 жылға жуық тату-тәтті өмір сүрді, аяғы осындай болды. Тәртіп орнатамыз, — деді Бердібек Сапарбаев.
7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болып, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Көп ұзамай құқық қорғау органдары жағдайды тұрақтандырды. Оқиға салдарынан сегіз адам қаза тапты, әуелі 40-тан астам адам жараланғаны хабарланды. 30-дан астам үй, 15 сауда нысаны мен 20-дан астам автокөлік өртенген. Полицейлер 47 адамды ұстады, қазір бұзақылық, кісі өлтіру, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру деректері бойынша қылмыстық тергеу басталды. Оқиға орнында Президенттің тапсырмасымен құрылған Үкімет комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Полицияның мәліметінше, ауыл тұрғындары арасындағы төбелестің видеосы мен арандатушылардың жалған ақпараты әлеуметтік желілерде жылдам тарап, қақтығыстың ұлтаралық сипат алуына ықпал еткен. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіз жаққа қашып жатқаны туралы хабар тарады.