Киноға түсу үшін бес жыл бойы кастинг жағаладым. Біреуінен өтпейтінмін. Толық едім ғой. Кино саласында жақ пен мойын сүйектерінің көрініп тұруы үлкен рөл атқарады. Ал, мен семіз болдым. Кастингті ұйымдастырушылар «Ты, опять пришел?!»-деп ұрсатын. «На кастинг пришел»,-десең, «Ты же у нас стоишь в архиве. Иди пожалуйста, не приходи больше. Если нужен будешь, сами позвоним»,-дейді. «Хотя бы сфоткайте»,-деп жалынатынмын. Қайтарып жіберетін, ұрсатын, боқтайтын. Сонда да бара бересің. Жексұрын болып кеткенсің кәдімгідей (күлді). Сосын мен шынымен де өтпейтін шығармын деп ойладым. Жаттығу жасадым. Темекіні қойдым, ішімдікті қойдым. Салмақ тастадым. Бір күні кастинг ұйымдастырушылар хабарласады. Өмірімде олар бірінші болып хабарласып көрмеген ғой (күлді). «Нұржан, біз кино түсірейік деп жатымыз. «Аяулы арман» деп аталады. Жетім балалар жайлы. Сізді көргіміз келіп отыр»,-деп «видеопробаға» шақырды. Ондайды өмірімде көрмегенмін. Бұрын «Ары қара, бері қара, оңға қара, солға қара, жындан, қуан, таң қал, все, анкета толтыр да кете бер»,-деп суретке түсіріп-түсіріп қайтаратын. Соған үйреніп қалғансың ғой (күлді). Мына жерде бірден «видеопробаға» шақырды . Таң қалдым. «Видеопроба? Қашан?»,-десем, «Ертең келе аласыз ба?»-дейді. Бардым. Орысша мәтін беріп тұр. Мен орысша дұрыс сөйлей алмаймын өзі. Сөйтсем, режиссер орыс екен, соған ойнау керек. Фильм қазақ тілінде.
Негізі ең басында Қамбардың немесе Едігеннің рөлін ойнауым керек болған. Бірақ Сержанға көрмеген-тұғын. Барамын, Қамбардың рөлін берді. Назеркенің орнында басқа қыз болған. Ол фильмге түскен жоқ. Екеуіміз сахналас болып ойнадық. Орысша болды. Күліп-күліп, әйтеуір ойнап шықтық. Едігенің рөлі үшін Тоғжанмен ойнадым. Бірден Едігенің образы маған келмейтінін айттым. Келсе байдың баласы келуі мүмкін. «Егер шақыратын болсаңыздар, Қамбар күшті болар еді»,-деп тілегімді айттым. Кеттім. Екі апта өтті. Хабар жоқ. Күдерімді үздім.
Арада біраз күн өтті. Есімде. Моншаға кіріп жатырмын. Телефоным шырылдады. Жүгіріп келіп, қолымның суын орамалға сүрте-сүрте саламын да (көрсетіп), қарасам, кастингтегі Ардақ деген қыз хабарласып жатыр екен. Телефонды алдым: «Нұржан, саған екі жаңалығым бар. Біреуі жаман, екіншісі жақсы. Қайсынан бастайын?»-дейді. «Не де болса жаманынан баста. Жақсысы жұбатушы болсын»-дедім. «Сен неге менің инстаграмыма жазылмайсың? Это очень не хорошо»,-дейді (күлді). «Сол ма жаман жаңалығың?»-десем, «Иә, сол»-дейді. «Жақсы жаңалық ше?» — «Тебя утвердили»,-дейді ғой. «Рас па? Кімнің рөліне?» — десем, «Сержан деген байдың баласы. Кел, давай. Сценарийді оқып шығасың»,-деді. Монша жайына қалған (күлді). Бірінші мамама хабарластым. «Мама, киноға түсетін болдым!» — «Қандай?» — «Білмеймін, басты рөлдердің бірі деп айтты». Ол жүрегі жарылып, қуанып жатыр. Бардым, кездестім, сөйлестім. Сержанға солай өткенмін.
Жақында Рашидтің үйіне барғанда (Рашид Сүлейменов – авт.) Ардақ айтады. «Сені видеопробаға жай шақыра салғанбыз. Ең бірінші «Мың балаға» келген кезің есіңде ме, төрт қыз отырдық қой. Сені суретке түсіріп алған соң, төртеуіміз сөйлестік. Сенің көзің түсініксіз, не мейріміді, не қатыгез емес. Содан дауыс бердік. Егер көзің көпшілігімізге ұнаса, сені шақырамыз, ұнамаса шақырмаймыз дедік. Маған ғана ұнады. Үш қыз көзіңнің қатыгез екенін айтты»,-деді. Сонда тіпті Ақан ағаға да (Сатаев – авт.) көрсетпей, үшеуі өздері шеше салған ғой. Ортада 3 жыл өтеді. «Аяулы арманға» кастинг болып жатқан кезде сол Ардақтың есіне түсіп кетемін ғой. Ол Ақан Сатаевтың студиясындағы қыздарға хабарласып, менің нөмірімді алады да, өзгерген-өзгермегенімді көргісі келіп, мені шақыра салады. Мені өтеді деп ойламаған ғой. Сөйтіп, «видеопробаны» алған да режиссерге берген. Маған бүкілі қарсы болған. Басшылықтың бірі Рашид (Сүлейменов – авт) тұрған да «Маған ұнайды, Сержанның рөлін осы ойнауы керек»,-деген. Ильхам деген екінші акционер мені жаратпаған. Мына жақтан біреуі шығады:«Маған да ұнап тұрған жоқ». Рашид түсіндіреді: «Едігені – Шәріп Серік, Аңсарды – Ербол Семқұлов, Беркінді – Қуаныш Керімқұл, Сержанды осы ойнайды. Осы төртеуі фильмді алып шығады. Нұржан ойнауы керек. Мен соңғы сөзімді айттым. Не десеңдер де, Нұржан ойнайды»,- дейді де шығып кетеді. Ардақ таң қалған. «Сені танымайды да»,- дейді. «Бірақ, неге екенін, сенің көзің ұнап қалған»,- дейді. Солай өтіп кеткенмін. Алла нәсіп еткен ғой. Бақ қой былайша айтқанда. Оны естігеннен кейін Рашидке рахмет айтып жүрмін ғой. Ол «Не үшін маған рахмет айтасың?»,-дейді.
Сержанды ойнау қиын болмады. Өйткені, мен өмірде де Сержан сияқты болатынмын. Кино түсіретін алаңқайға кіргеннен нашақордың көзін салып алатынмын. Сахнаға шығып ойнаған кезде өзімді шынымен «нашақор» сезінетінмін. Көрген адамның бәрі менен: «Сен шынымен де шегіп алғансың ба?» деп сұрайтын.
Алайда, Сержанның рөліне кіру үшін нашақорлармен сөйлесетіндей тәуекелге бармадым (күлді).Маған режиссер түсірілім басталмай тұрып, бәрін ескертті. «Сен қандай нашақор екеніңді білесің бе?»-деп сұрады. «Анаша шегетін нашақор болар»,-деп жауап бердім. «Жоқ, ол анаша шекпейді. Анаша – жеңіл түрі. Сенде одан да қиын түрі. Ол нәрсе адамды іштей құртады, шірітеді. Соңында миың да істемейді, өз-өзіңе жауап бере алмай қаласың». Сол себепті мен фильмде Көркемді ұрып жіберемін, «қуып кетемін», анама қарсы шығамын, бәрін сатып жібере саламын. Режиссер соны түсіндіріп, кейін оны қабылдайтын адамдардың жағдайы қандай болатынын интернеттен көрсетті. Менің көргенім – қорқынышты адамдар. Қайта мен олардың бергі жағын ғана көрсеттім. Оның үстіне мен ірілеумін ғой. Сол себепті, нашақордың түрі кішкене «жұмсақ» болып көрінген. Егер түсірілім кезінде 15-20 кг салмақ тастағанда, түрім шынымен интернеттен көргенімдей болатын еді. Менің көзімнің өзі жан-жағын бояп қойған сияқты қоңыр болғандықтан, кадрда шынайы шықты.
Сержан – байдың баласы. Өмірде ешқандай ауыртпалық көрмеген. Кенеттен сүйген қызымен қарым-қатынасы дұрыс болмай қалады, ата-анасы ажырасып жатады, шешесі әкесіне қарсы қояды, әкесінің басқа сүйіктісі болады – осының бәрін Сержан көтере алмайды. Ішеді, ішімдіктен түк пайда болмайды. Сол кезде Беркін келеді де, «Саған одан да жақсысын беремін»,- дейді. Осының бәрін қалай екенін көрдім, сезіндім. Қалай көрсету керек екенін елестеттім. Өзіме осы рөл эмоционалды жағынан ұнады.
Ең ұзақ түсірілген сахналар
«Аяулы арманда» Аңсар мен Едіге жатақхананың алдында әңгіме айтып кетіп бара жатады. Мен сол кезде алдарына келіп құлауым керек. Аңсар мені көріп, ұрғысы келіп жүгіреді. Едіге келіп ажыратады. Сөйтіп, екеуі көтеріп әкеліп, отырғызады да, маған «әңгіме» айтады. Соны түсіретін кезде «қырғын» болған. Мен шынайы құлайтынмын. Кәдімгідей жерге құлаймын. Жер асфальт. Майда-майда тастар бар. Режиссер өтірік құлауымды сұрайды, маған жаны ашып тұр. Олай еткен шынайы шықпайтынын айтамын. Сөйтіп, түсірілім кезінде сахна шынайы шығуы үшін сегіз дубль жасап, сегіз рет құладым. Екі алақаным қанталап кеткен, қып-қызыл. Ол маған тосқауыл болған жоқ, себебі Сержанды қатты жақсы көрдім.
Одан кейін «Айман-Шолпанда» мынадай сахна болған. Бұл сериалы енді көрсетіледі. Айманның үйге оралатыны бар. Екеуміз әпке мен іні боп күшті әңгіме айтып отырамыз. Айман маған – інісіне Ергеннің өзін қалай еркелететінін, Ергеннің өзіне ұнайтынын айтып отырады. Соны түсіріп жатқанда Салтанат: «Айдар, білесің бе, ол мені «Ерген» деп еркелетеді»,- дейді (күлді). Өзім оның алдында әрең шыдап отыр едім. «Кім деп еркелетеді?»,-деймін. «Ергееееннн!»,- дейді (шатастырып алды), Салтанат екеуміз қосылып күлеміз. Алаңдағылардың бәрі «жарылып» күлді. Енді ана күлкіні тоқтата алмаймыз. Мен асығып түрмын. Сағат 1-де бітіріп, «Жүрек жалғайықтың» түсіріліміне баруым керек. «Салтанат, болды. Менің кетуім керек»,- деймін де, келесі дубльде «Ергееееен» деп, ал кеп күлеміз. Соңында режиссердің жүйкесі жұқарды. Сосын мен онымен «қырылып» алдым. Сөйтіп, ол сахнаға «нерв боп» түстім (күлді). Дубль сол кезде де көп болды.
Салтанат екеуміздің мінезіміз қатты жарасады. Екеуміз түсірілім алаңында кездескенде бүкіл команда маңдайын ұстайды. «Мына екеуі қосылса, 18 сағат у-шу деген сөз»,- дейді. Екеуміз «қуа» береміз. Негізі Салтанат «мынандай» қыз ғой (бас бармағын көрсетіп). Кез келген қалжыңыңды өзіңе екі есе етіп қайтарады.
Мен Салтанатпен, Ұлан Нүсіпәлі ағаммен, Майдан атамен, Камалия апаймен сахналас болғаныма өте қатты қуанамын. Менің анамды сомдаған кісі камерадан жасанды көрініп қалған. Бәрі сол кісіге қатысты жағымсыз пікір жазады. Бірақ, түсірілім кезінде арамызда шынайы ойнаған сол кісі. Негізі мықты актриса. Расында да анам сияқты болып кетті. Байқайсыңдар ма, Айманға қарағанда Айдарға көп көңіл бөледі. Өйткені, ерке өскен бала. Соны шынайы береді ол кісілер. «Әкем» қанша қатігез адам болса да, бәрібір «балам» деп тұрады. Сол кісілермен ойнағаныма мен қуаныштымын. Камалия апай, Оразхан Кенебаев та мықты кісілер. Қанағаттың рөлін ойнаған актер кадрда күшті көрінген. Сосын Сырымтайдың рөлі де камерадан күшті шыққан. Фильмді көргенде бәріміз бір-бірімізден «Сырымтайды көрдіңдер ме?»-деп сұрадық. Бәріміздің көңілімізден шыққаны сол болды. Қалғанымыз өз рөлдерімізді ұнатпаймыз. Маған Айдар ұнамайды. Салтанат келеді де «Айман-Шолпан»,-деп бастап жатсаң, «Нұржан, не говори»,- дейді. Маған мысалы, Айман-Шолпан ұнады. Екеуін керемет ойнаған. Бірақ Салтанаттың өзіне ұнамады.
Одан кейін Камал апай келеді: «Ужас! Ужас!»,-деп. Ұлан аға келеді: «Сынок, красавчик, сенікі жақсы шығыпты. Менікі ерунда»,-деп қояды. «Е, Батя, керісінше сіздікі жақсы шыққан ғой. Маған ұнады, батя»,-деймін. «Батя» деп сөйлеймін ғой оған. «Пойдет»,-деп қолын сілтеп қояды.
«Айман-Шолпан» сериалында динамика бар. Сахналар ауысып отырады: аурухана, Айманның үйі, Нұртаевтардың үйі, көшедегі тергеушілердің оқиғасы. Бірден бес-алты оқиғаны көрсете салады. «Айман-Шолпан» сонысымен де қызық. Көрермен жалықпайды.
«Айман-Шолпанды» көрген бір көрермен маған инстаграмда сұрақ қойыпты. «Осы режиссерлерідң бәрі сізді неге жындыханаға қамап тастайды?» дейді (күлді). Бұрынғы Сержанның рөлі сондай еді ғой. «Айман-Шолпанда» Айдардың жындыханада жатқанын жай ғана 1-2 кадрмен көрсеткен. Ал Сержанда мұның бәрін «мынауский» көрсетті (бас бармағын көрсетіп).
«Айман-Шолпанға» қалай келдім?
Рашид Сүлейменовке ұнап қалғаным соншалықты, Нұрғиса Тілендиев туралы «Құстар әні» фильмін түсірерде Арман деген жігіттің рөлін маған жазған екен. Мен барып ойнап көрдім. Сөйтсем, Арман орыс тілді жігіт екен. Рашид маған: «Нұржан, Арманды сен ойнайсың. Бірақ сенің түріңді «Хабар»-ға жіберуіміз керек», -деп айтып қойған. Ол кезде «Аяулы арман» фильмі эфирге әлі шықққан жоқ еді. «Жақсы», -деп бардым. Сценарий орысша. Тағы да режиссер орыс емес шығар деймін. «Жоқ, рөлің орысша». Барынша тырысып ойнап көрдім. Сөздері әлі есімде: «Таня, ты как спелая яблочка»,-деп келетін жерлері бар. Соның Танясын- Тания, яблокосын – яблоко қылғансың, қысқасы «былық» болған ғой (күлді). Өзім сезіп тұрмын енді дұрыс болмай жатқанын. Бірақ тырысып жатырмын. 4-5 дубль жасадық. Шықтым, Рашидке көрсетеді. Ол «Не акцент мынау? Арман деген қаланың баласы емес пе? Нұржан да қалада өскен бала ғой, орысша сөйлей алмай ма?»-дейді. «Представляешь, нет»-деген жанындағылар. Мен негізі аралас мектепте оқығанмын. Менің сыныптастарымның бәрі орысша сөйлейді. Содан Рашид не істерін білмей қалған. Маған хабарласты: «Нұржан, сам понимаешь да? У тебя жесткий акцент. Сен ренжімейсің бе басқа біреуді алсам?»,- деді. «Жоқ, Рәке, я же понимаю свою ошибку, рахмет! Хотя бы возможность бердің ғой»,-дедім. Бірақ, көңіл-күйім түсіп кетті. Барлық таныстарыма киноға түсейін деп жатқанымды айтып қойғамын. Оларға не деп айтамын? Ұят. Ертеңінде Рашид қайтадан хабарласты: «Нұржан, көңілім орнына түспей отыр. По секрету бір нәрсе айтайын. Жақында «Айман-Шолпан» деген 100 сериалы фильм шығады. Менің жігіттік сөзім болсын, саған сол жақтан бір рөл тауып беремін, ол басты рөл болады. Сен ризасың ба?»,-дейді маған. Қалай риза болмайсың? Жылап жібере жаздағансың ғой (күлді). «Болды, енді менің көңілім орнына түсті. Сен риза болсаң, болды. Я тебе обещаю»,-деді Рашид. Болды. Арманның рөліне Санжар Мадиев түсетін болды.
Ортада алты ай уақыт өтеді. «Аяулы арман» бітіп, эфирге шығады. Сөйтіп жүргенде «Көркем фильм» инстаграмдағы парақшасына «Айман-Шолпан» фильміне кастинг жариялап, суретін салды. Рашидтің айтқаны осы фильм шығар деп қоямын, бірақ ешкім шақырмайды. Жігіттерден кімдер фильмге түсетінін естідім. Мені ұмытып кетті деп ойладым. Себебі бір-екі аптада түсірілім басталуы керек. Содан Аида деген кастинг директоры хабарласады. Мені кастингтерден ұрсып қуып жіберетін сол болатын. «Бұл неге хабарласып жатыр?» деп ойладым. Телефонды аламын:
— Алло, Нұржан?
— Да
— Оказывается Рашид тебе обещал одну роль?
— Иә, общал, — қуанып тұрмын ғой (күлді), ал ол маған көңіл-күсіз айтып жатыр:
— Вот, тебя хотим снять. Приедешь на видеопробу?
— Да, приеду,-деймін. Бірақ Аиданың көңіл-күйі жоқ, біртүрлі. Сол кезде менде «осыларға актер екенімді көрсетейінші» деген ой пайда болды. Барамын. Ойнап беремін. Өтіп тұрғанымды біліп тұрмын (күлді). Түсірілім басталады. Бірінші күннен бастап, бәріне өзімді көрсеттім. «Аха, ойнаған екенсіңдер Нұржанмен. Көрсетемін сендерге». Бірінші Ұлан ағадан мақтау естідім. Екінші режиссер келді: «Молодец, спасибо тебе»,-дейді. Мен екі дубльмен «тақ» еткіздім ғой. Сөйтсем, менің алдымда Сырымтаймен 13 дубль жасаған екен. Күйіп кеткен ғой 1,5 сағат. Мен келемін де «баңқ-баңқ» еткізіп, төрт сахнаны тура 40 минутта түсіріп, кетіп қаламын. Бірақ оған негізі 2-2,5 сағат уақыт бөлінген. Мен оны 40 минутта бітіремін. «Уаааа!» бәрі бетімнен сүйіп жүр (күлді). Ұлан аға: «Сен кімнен оқығансың?»,-деп сұрады. «Аға, мен актерлік оқымағанмын. НарХозды бітіргенмін»,-дедім. «Маладеси!». Өзі солай сөйлейді ғой. «Маладеси!»,-деді. Сырымтайға әзілдеп, «Үйренсей!»,- деп қояды. Түсрілім біткенде, Аиданың өзі келді. «Нұржан, саған көп-көп рахмет! Енді қандай жоба болса да, шақырамын!»,-деді. Солай дәлелдеп шықтым. Аллаға шүкір! Бірақ дәлелдеймін деп артық кетпеу керек. Актерлерде сөз бар «Лучше недоиграть, чем переиграть» дейді. Асыра сілтеп жібермеу керек.
Енді актерлікті Оразхан Кенебаев ағаларым оқытатын болды. Аптасына 2-3 сағаттан актерлік сабақтарға қатысамын.
«Арманыңа баратын жолдың бірінші есігі – өзің»
Актрелік маған жаңа орта берді. «Аяулы арман» сериалына түскенде ең бірінші тапқаным – Нұрсұлтан Есжандай дос. Достығымыздың ең алғашқы баспалдағы сол кинодан басталды. Содан кейін маған «Айман-Шолпанға» ұсыныс түсті де, Нұрсұлтанда үзіліс болып қалды. Сөйтіп жүргенде екеуіміз Ақжол Әбілов деген бауырымыз түсірген «Мезет» киносының премьерасына бардық. Әлі күнге дейін есімде. Нұрсұлтан екеуіміз дәлізде «қуып» келе жатқанбыз. Сәкен аға сұхбат беріп тұр екен: «Нұржик, тұра тұршы, саған әңгіме бар еді», -деді. Шошып кеттік. Екеуіміз қатты шулап кеттік, соған ұрсайын деп тұр деп ойладық. «Екеуің танымал болып келе жатырсыңдар, олай жүрмеңдер»,-деп айтатын болар дедік. Нұрсұлтан «Ревюда» МузАрт туралы бірдеңе айтып қойдым ба?»- деп, екеуіміз уайымдап тұрмыз (күлді). Кейінгі кезде жаттығудан жартылай жалаңаш суреттер сала бастадық, мүмкін, соған ұрса ма деп қоямыз. Біраз нәрсе ойлап тастадық енді (күлді). Сол кезде Сәкен аға Нұрсұлтанды шақырып алып: «Нұрсұлан, қазір ешкім білмейді, «МузАрт Life» деген жоба болайын деп жатыр. Мен сенің жүргізгеніңді қалаймын»,- депті. Ойлашы, мен «Айман-Шолпанға» түсіп жатырмын. Нұрсұлтанда үзіліс. Сөйтіп жүргенде оған осындай мүмкіндік түсті. Ол шынайы дұға етті. Алла көруші, естуші де. Баланың еңбегін көрді, қапаланғанын көрді. Бірақ «Ей, сабыр ет» деп тұр. «Нұржанға мына жақтан берсем, саған мына жақтан берем»,-деді де «Музарт Life»-ты берді. Әйтпесе, арада Азамат Сатыбалды, Нұрсұлтан Құрман сияқты жүргізушілікке үміткер бірталай адам бар еді. Нұрсұлтанда арасына кіріп кетер не тамыр-таныс та жоқ. Жетісайдан бір сумкасымен ғана келген студент бала еді ғой. Сәкен аға оның талпынып жүргенін көрді. «Ревюін» қарады. Ринат Гайсинге, Мейрамбекке, Кенжебекке, Нұржан Жалауқызына көрсетті. Олар балаға мүмкіндік берді. Содан «Батс!», еліміздегі ең үлкен мега-жобаны жүргізіп шыға келді. Кадр сыртындағы мәтін, сахна сыртында, сахнада , күнделікте – бәр жерде Нұрсұлтан. Ол алдына мақсат қоя алатын жігіт. «Базар жоқ жігіт». Неге айтайын ба? Өйткені Нұрсұлтан да мен сияқты толық болған. Еңбектенді. Екеуіміз бірге жаттықтық. Мен 98 килограмнан 83-ке түстім. Арманыңа баратын жолдың бірінші есігі – өзің. Сөйтіп бастадық. Мен оған дейін темекі шегіп, арақ ішетін болдым. Оның бәрін қойдым, Аллаға шүкір! Салмақ тастадық, ел-жұрттың көзіне түсе бастадық. Бәрі «Базар жоқ, еңбек етіп жатыр балалар»,-деп қалды. Сәкен Майғазиев ағаларымыз көрген кезде «Бауырым, жаттығу жасап жүр екенсіңдер»,-деп мақтап қояды. «Сәкен аға бізді қарайды екен ғой» деп мәз боламыз. Одан кейін ақырындап киноларымыз жүре бастады.
Болашақтағы образ
Сергей Бзруковты үлгі тұтамын. Ғашықпын! Бекжан Тұрыс ағамның адамдығына ғашықпын. Еркебұлан Дайыровты үлгі тұтамын. Қасымда жүрген досым. Қазіргі таңда жастардың ішіндегі жұлдыз мен үшін Еркебұлан. Бір жылда кассалы деген киноның бәрінде басты рөлді сомдады. «Қазақ хандығында», «Анаға апарар жол», «Бауыржан Момышұлындағы», «Тараздағы» рөлдері қандай! Еркебұлан үнемі маған кеңестерін беріп, бауырлық жанашырлық танытып жүреді. Сол бауырымның айтуынша, маған «любовник Лавеластың» рөлін сомдау керек. «Түр-сипатың, дене-бітімің келеді»,- дейді. Соны енді режиссерлер көрсе болды.
Өзім туралы
Қызылорда облысы,Жаңақорған ауданында туғанмын. Серік Ибрагимов екеуіміз жерлеспіз. 1996 жылы әкемнің жұмысына байланысты Алматыға көшіп келдік. Әкем инженер. Анам біз ес білгелі үй шаруасында. Қарындасым бар, тұрмыста. Жақында жиенді болдым.
Болашақ жарым
Менің болашақ жарым өнерімді түсінетін болуы керек. Ата-анамды сыйлайтын, менің ата-анамды жәннатым деп білетін болса… Солардың разылығына бола тырысса… Менің күн демей, түн демей үйде болмаған кезімде орнымды жоқтатпаса… Иманды, намазхан қыз болғанын қатты қалаймын, тілеймін… Нағыз тәрбие көрген, қарапайым отбасынан шыққан болса… Әке мен шешенің, ата мен әженің орнын білсе… Ерін-елім деп білетін болса… Менің жүрегімнің түбіндегі шынайы сезімді көре алса… Мен өте қызба адаммын, аяқ астынан ашуланамын, тез басыламын. Соның барлығын түсінсе… Түннің бір уақытында түсірілімнен келгенде, түк болмағандай, қабағы шайдай ашылып қарсы алса… Болады ғой, мысал келтіре салайыншы, таңертең ұйықтап жатқанда хабарласса, дауысыңды баяғыда оянып алғадай сергек қылып алатын сен үшін қымбат адамдар болады ғой, сол сияқты ұйықтап жатса да, мен келген кезде түк болмаған сияқты ұйқысы шайдай ашылып қарсы алып отырса… Көп қой айта берсең… Бірақ, Алланың бұйрығы шешеді ғой бәрін.
«Таяқтың екінші ұшы бізге, жігіттерге келіп тиеді екен»
Қазіргі жастар ештеңеге қызықпайды. Нақты мақсаты бар жастар аз. Ойының бәрі ғаламтор. Жеңілмен жүріп үйреніп қалған. Бәріміз мынаған кіріп кеттік (Телефонды көрсетеді). Мен инстаграмды жарнама үшін ғана қолданамын. Тегін жарнама.
Тағы бір қатты қынжылтатын мәселе – қайда барсақ та, өзіміздің қарагөз қыздарымыз ұят тірліктер жасап жүреді. Жастарын сұрасаң, 2000 жылғы, 98 жылғы… Масқара! Мен соған қатты қынжыламын. Неге ондай болып кетті? Сөйтсем, таяқтың екінші ұшы бізге, жігіттерге келіп тиеді екен. Демек, біз осал болып отырмыз. Егер мен қарындасымды дұрыс ұстасам, ана бауырым қарындасына дұрыс қараса, анау ағам үйдегі жеңгемізді дұрыс ұстаса, қыздарымыз жеңіл жүрісті болмайды екен. Біз өзімізден жіберіп алып жатырмыз… Отбасын қорғай алмаған адам, отанын қорғай алмайды. Қазақ болып туып, қазақ өнерінде жүрген адам ретінде, қазаққа жаным ашуы керек. Ол менің міндетім, азаматтық парызым.
«Ақыл айтудан қорқамын»
Мен өзіме не істедім? Керек адам менің өзіме жасағанымды үлгі қылып алар. Абай атамыз бірінші қара сөзінде айтады ғой, «керек қылған адам, алар». Ең бірінші, ұйқымды дұрыстауға тырыстым. Екінші, уақытымды реттедім.
Егер сен уақытында бір жерге жете алмасаң, уақытында арманыңа жете алмайсың. Ол рас.
Жаттығу міндетті түрде. Жоқ дегенде жүгіру керек, жүру керек. Адамдармен сыйласа білеу керек. Неге? Себебі, «Дұрыс сөйлеп үйрен, ол сенің әдетіңе айналады. Әдетің – мінезіңе, менізің күндердің күнінде тағдырыңа айналады» деген сөз бар. Мен осыған қосыламын. Сол себепті дұрыс сөйлеу керек. «Жақсы нәрсені айт жақсылық» болады дейді. Осының тізбегіне жалғасып келетін, ниет, адамның пейілі деген нәрсе бар. Анамның үнемі айтатын сөзі бар: «Досыңнан дұшпаның көп, бірақ пейілің тарылмасын. Пейілің тарылды ма, болды. Жұмысың да тоқтайды, берекең де қашады»,- дейді. Сол үшін мынау ішкі пейіліме, жан-дүинеме кір түспесін деп жанталасамын. Кім не десе, о десін, көңіліме алмауға тырысамын.
Одан кейін арманыңа баратын мақсаттарыңды нақты қой. «Армандар орындалады – мақсатың айқын болса». Біреуге қызығып, мен сол сияқты боламын деу – ең үлкен қателік. Себебі, сен өзіңді жоғалтып аласың. Шынымен де, сен осыны қалайсың ба? Егер қаласаң, ниетің мен пейілің дұрыс болса, нақты мақсат қоя алсаң, Алла береді.
Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, Айзада Жайыққызы