Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ, Ащыбұлақ, Жаңабазар, Жылыбұлақ, Жаңажол, Жаңаталап, Қарабастау, Тілектес, Үлгілі, Қарабау, Сынтас, Жұмысшы, Үшбұлақ, Махамбет Өтемісұлы ауылы, Үшбұлақ және Жіңішке ауылдарына табиғи газ жеткізіліп, аыл тұрғындары өркениеттің игілігіне қол жеткізді.
Оысған байланысты Шарбұлақ ауылында салтанатты жиын өтіп, Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындардың қуанышына ортақтасып, құттықтады.
— Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойын лайықты табыстармен қарсы алу жолында көптеген игілікті шара өткізілуде. Соның бірі Шарбұлақ ауылына табиғи газ жүйесінің қосылуы дер едім. Әрине, елдімекендерге табиғи газ жүйесінің қосылуы үлкен қуаныш. Әсіресе, күнделікті ағаш жарып, тезек теріп, күл шығарып жүрген аналарымыздың жұмысы жеңілдейді, — деді әкім.
Айта кету керек, жыл соңына дейін Қазығұрттағы тағы 16 елдімекен газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Нақты айтқанда, аудандағы Жігерген ауыл округінен төрт елдімекен, Сабыр Рақымов ауыл округіндегі үш, Алтынтөбе және Тұрбат ауыл әкімдіктеріне қарасты сегіз ауылды көгілдір отынға қосу жоспарда бар. Жыл соңына дейін аталған елдімекендер газға қосылғанда, аудандағы көгілдір отынмен қамту жұмыстарының көрсеткіші 65 пайызға жететін болады.
Бұған дейін Шарапхана (екі ауыл), Жаңабазар (сегіз ауыл), Қарабау (төрт елдімекен) және Қазығұрт (бір елдімекен) ауыл округтеріне газ берілген болатын.
Қазығұрт ауданында 2012 жылға дейін 64 елдімекеннің оны табиғи газбен қамтылса, 2012-2014 жылдар аралығында аудан бойынша 32 елдімекенді газбен қамту жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды.