Бірлестік жетекшісі Ислам Угушев тұрақты демеуші табылмаса, жоғалған адамдарды іздестіру жұмысы тоқтайтынын Facebook-парақшасында жазды.
Алматыда танысыңыз жоғалса, не істеу керек?
Адамның жоғалғанын полицияға хабарлау қажет. Одан нәтиже шықпаса, Қоғамдық қауіпсіздік кеңесінен көмек сұрауға болады. Жоғалған адамға қатысты барлық ақпаратты жолдап (дене бітімі, соңғы рет киген киімі, денесіндегі қандай да бір артықшылық), оның қашан, қайда және қандай жағдайда хабарсыз кеткенін нақты баяндау керек.
Бізге жоғалған адам туралы хабар түсе салысымен 36 мүшесі бар команданың басын жылдам қосамыз. Брифинг өткізіп, із-түссіз кеткен адамға қатысты барлық ақпаратпен танысамыз. Содан кейін іздеуді жоғалған адамның соңғы рет болған жерінен бастаймыз, — дейді Ислам Угушев.
Қоғамдық бірлестік басшысының айтуынша, адамдар көбіне туыстарымен, достарымен жай ғана байланысқа шықпай қалуы мүмкін. Оған хабарласа алмаған таныстары іздеу жариялайды.
Жоғалғандардың көбі телефонын өшіріп, туыстары мен достарына әдейі хабарласпай қояды немесе өзінің қайда жүргенін айтпайды. Бір жаққа жұмысқа кетсе, қайда барып, не тірлік істеп жатқанын ешкімге ескертпейді. Содан туыстары дүрлігіп, бізден көмек сұрайды, — дейді Ислам Угушев.
Жоғалғандардың кейбірі қылмыс жасағаннан кейін қашып жүрген кезінде табылады. Сонымен бірге із-түссіз жоғалғандардың мәйіті ғана табылып жататын жағдайлар болады.
Хабарсыз кеткен адамды қалай іздейді?
Қоғамдық қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің адамды іздеу тәсілі әртүрлі:
- жоғалған адамның қалта телефоны арқылы тұрған жерін тауып барады;
- әлеуметтік желіге кірген уақытын қадағалайды, ондағы достарына хабарласады;
- даладан немесе таудан іздегенде иттерді бірге алып жүреді.
Негізі іздестіру жұмысына көп адам керек. Кеңес мүшелерімен бірге волонтерларды іздестіру ауданына дұрыс есеппен бөлсе, жоғалған адамды тез табамыз, — дейді ұйым жетекшісі.
Қоғамдық қауіпсіздік кеңесінде волонтерлар жоқ. Онда жұмыс істейтіндердің бәрі — бірлестіктің іздеу жұмыстарына епті, жұмысты ұйымдастыра алатын қызметкерлері. Исламның айтуынша, олар — адамдарға риясыз көмектесіп, қоғамға пайдасын тигізгісі келетін азаматтар.
Адамдарды әуелі ауруханалардан, диспансерлерден, баспанасыздарға арналған мекемелерден, мәйітханалар мен аты-жөні көрсетілмей жерленгендер архивінен іздейді. Хабарсыз кеткен адам ауруханаға түсіп қалуы мүмкін немесе қайтыс болып, қандай да бір себеппен бет-әлпетін ешкім тани алмауы мүмкін. Егер бұл жерлерден табылмаса, жоғалған адамды тірі деп есептеуге болады.
Із-түссіз жоғалған адамды іздеуге 12 күннен 8 айға дейін уақыт кетеді. 8 айдан соң нәтиже болмаса, ары қарай жұмысты жалғастыру мүмкін емес, бұл уақытта адамның ізі жойылатындықтан оны іздеу тоқтатылады.
Жоғалғандарды іздейтін бірлестікке қалай мүше болу керек?
Алғашқы кезеңде іріктеуден өтуге келген адамның дене күші анықталады. Ол үшін толық жабдықпен 12 шақырым жерді жедел маршпен жүгіріп шығады. Екінші кезеңде ақыл-ой қабілеті, сыни ойлауы мен алғашқы көмек беруге бейімдігі тексеріледі. Үшінші кезеңде талапкердің өзін-өзі ұстай алуы мен мінез-құлқы бағаланады.
12 ақпанда 5 жылдығымызды тойлаймыз. Осындай команда жасақтап, ұйым құрамыз дегенде көп адам «бұл бастама түкке тұрғысыз» екенін, бізді «ешкім қажет етпейтінін», бізден «көмек бола қоюы екіталай» екенін айтты, бірақ біз адамдарды құтқару жолын баяғыда таңдап қойдық. Өйткені біздің қоғамда қиын жағдайға ұшыраған адамның тағдырына енжар қарайтындар көп. Бұл ісімізбен адамдық басты қасиет екенін және өзімшілдіктен арылу қажет екенін көрсеткіміз келді. Осы мерзімде жоғалғандарды таппаған кездерді бастан өткердік, жақындарын қайта көре алмаған адамдардың көз жасын, адамдардың қайтыс болғанын көрдік, — дейді Ислам Угушев.
Қоғамдық қауіпсіздік кеңесі осы уақытқа дейін жеке адамдардың қолдауымен қаржыландырылып келді. Жоба іске қосылғаннан бері қайырымды азаматтар бірлестіктің қорына 500-ден 10 мың теңгеге дейін аударып отырды. Қаражат кеңсені жалға алуға, іздеуге қажет құрал-жабдық сатып алуға, автокөлік майына, интернет төлемі мен іздеуші топтың тамақтануына жұмсалады.
Жанашырлардың арқасында бірлестік әзірше жұмыс істеп жатыр. Келешектегі жұмыс тұрақты қаржыландыру көзінің табылуына байланысты.
Қазір біз жобаның басқа салаларын дамытып, жұмысын нығайтуға күш салып жатырмыз. Өтірік айтатын волонтерлармен күрес, кесірлі және адамды өзін-өзі өлтіруге үйрететін топтармен күрес және құқық қорғау органдарымен бірігіп әрекет ету бағыттары бойынша жұмысты бастадық. Жұмысымызды тоқтатпаймыз. Бұл мен, менің отбасым мен командам өмір сүретін қоғам үшін керек, — дейді жоба жетекшісі.