Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың бәрі қазір Нұр-Сұлтандағы көпбейінді ауруханада.
Аурухана жаңа, жоғары қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Әрбір қабаттағы палаталардың дербес желдету жүйесі бар. Бұл — өте жақсы жүйе, «таза үй-жай» деп аталады. Ол ауаның араласуына жол бермейді. Ауа палатадан дәлізге және кері бағытта шықпайды, — деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігінің сапасын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов.
Қытайдан қайтқан сапарда ұшақ бортында дәрігерлер тағы бір мәрте термометрия жүргізіп, жолаушылардың қызуын өлшеген.
Ұшақ бортына көтерілген кезде тағы бір термометрия жүргізген едік. Ұшақта жолаушылармен бірге санитариялық авиацияның дәрігерлері мен дәрігер-эпидемиолог болды. Бір әйелдің дене қызуы 37,2 градус болды, бірақ одан коронавирустың қандай да бір сырттай белгілері анықталған жоқ. Азаматтар екі, үш және төрт адамдық палаталарға орналастырылды, жағдайы мен тамағы өте жақсы. Жүктері өңделгеннен кейін сақтау қоймасына тапсырылды, — деді комитет төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, көпбейінді аурухананың инфекциялық блогы бір-бірінен оқшауланған.
Карантинге жатқызылғандар — Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Семейден, Алматы, Қарағанды өңірлерінің балалары. Олар біздің талаптарымызбен келісіп отыр. Қытайда да дәл осындай талап болған. Олар инфекциялық блоктың оқшауландырылған палаталарында жатыр, дәлізге шықпайды. Барынша қауіпсіздік шараларын қабылдауға міндеттіміз, — деді Нұрқан Сәдуақасов.
Нұр-Сұлтан көпбейінді медициналық орталығы инфекциялық блогы директорының орынбасары Сәуле Атығаеваның айтуынша, 3 ақпан күні таңертең пациенттердің жағдайы қанағаттанарлық болды.
Олардың тарапынан айтарлықтай шағым жоқ. Интоксикация белгілері байқалмайды, тынысалуында кемшілік жоқ, дене қызуы шекті нормада. Медициналық қадағалау инкубациялық кезең бойына жалғасады, — деді дәрігер.
Ауруханада жатқан пациенттердің бірі өзге заттармен бірге азаматтардың телефоны да өңдеуге алынғанын айтты. Пациенттер аурухананың стационарлық телефонын қолданып жатыр.
2016 жылдан бері Уханьда болдым. 22 қаңтарда қалада карантин жарияланған кезде 100-ден астам адам болған едік. Мен және тағы екі студент эвакуациялау бойынша операцияны үйлестіруге көмек бердік. Эвакуациялау жоспарын бір апта бойы дайындадық. Себебі нақты шешім болған жоқ. Соңғы уақытқа дейін Қытай өзге елдерге әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат бермеді, — деді студент.
Ол ауруханада жатқан адамдардың денсаулығы жақсы екенін айтып, пациенттердің туған-туыстарынан еш алаңдамауды өтінді.
Ұзақ уақыт Қытайда болған балалар өз нөмірін тіркеп үлгермеді және Қазақстанға келгеннен кейін олардың нөмірі өшіп тұр. Олардың ата-анасы эвакуациялау жоспарына сай Қазақстанға келгенімізді біледі, бірақ кім қай палатада екенін білмейміз, — деді студент қыз.
2 ақпан күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Шұғыл медицина ұлттық үйлестіру орталығы Уханьнан Қазақстанның 83 азаматын эвакуациялады. Қазақстан олармен бірге Беларусьтің бес, Арменияның бір және Қырғызстанның 18 азаматын да елге алып келді. Эвакуацияланғандар елімізде 14 күн қатаң бақылауда болады. Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоңырау шалып, Уханьнан өз елінің азаматтарын әкелуге көмектескен Қазақстанға алғыс айтты.