Спектакльді алғаш рет 1975 жылы режиссер, КСРО халық артисі Әзірбайжан Мәмбетов пен дирижер Тұрғұт Османов қойған. Кейін қойылымды Еңлік пен Кебектің туған жері Семей өңірі және Мәскеу мен Ленинград, тіпті Италия көрермені де тамашалады. «Еңлік-Кебектің» музыкасын композитор Ғазиза Жұбанова, либреттосын Сағи Жиенбаев жазды. Еңлікті Бибігүл Төлегенова, Кебекті Нариман Қаражігітов сомдады. Қойылым сахнаға ұзақ жыл шықпай қалып, 2016 жылы жаңа нұсқамен көрермен назарына ұсынылды.
Спектакль желісі бойынша Шыңғыстау баурайына өзара ұзақ жыл жауласып жүрген найман мен арғын рулары қоныстанады. Екі ел арасында қыз бен мал ұрлау, ылғи қақтығысу тоқтамаған. Найманның қызы Еңлік бала күнінде атастырған жігітке тұрмысқа шығудан бас тартады. Заң бойынша енді ол жігіттің ағасы Есен батырға шығуға тиіс. Бақытын өзі тапқысы келген қыз жау саналған арғын руының жас батыры Кебекпен бірге қашып кетеді.
Еңлік — жауынгер, батыл қыз. Онысын бірінші актіде қолына садақ ұстап, арқасына жебе асынып, шалбаршаң шыққанынан байқауға болады. Кебек жораларымен аңға шыққан кезде найман жеріне өтіп кетеді. Олар қуалап келе жатқан аңды алыстан Еңлік атып алады. Екі жас осылай танысады.
Біз Нәдия Нәденованың дайындық бөлмесінде дауысын жаттықтырып отырғанына куә болдық. Ол кейін грим бөлмесінде шашын өргізіп, бөркін киді.
Кейіпкеріме мінезім ұқсайды. Еңлік — айтқанынан қайтпайтын ару. Онысын патриархал қоғамда өз өміріне қатысты шешімді өзгенің қабылдауына жол бермей, бақыты үшін күрескенінен байқаймыз. Тауда Кебек екеуі тығылып күн кешіп жүргенде қыз жақ ғашықтарды ұстап алып кетеді. Бұл кезде сәбиі дүниеге келген. Өлетінін біле тұрып, «Кебек екеуімізді бірге жерлеңдер, ал баламызды Кеңгірбай биге беріңдер!» дей алу үшін адамға қандай батылдық керек?! — дейді Нәдия Нәденова.
Артист бұл рольге былтырдан бері дайындалған. Рольге кіріспес бұрын әуелі либреттоның музыкасына құлақ үйретуі қажет болыпты. Өйткені либретто Еуропаның классика ережесіне сүйенбеген.
«Еңлік-Кебектің» музыкасына құлақ үйретуге арнайы уақыт бөлдім. Ал операның сөзін түсініп, жаттауға одан да көп уақыт кетті. Партиямды жаттап жүріп, бұған дейін білмеген қазақтың неше түрлі сөзін үйрендім, мағынасын білдім. Артистер әуелі операның музыкасын тыңдайды, кейін өлеңін оқиды. Келесі кезең — кейіпкерді бойға сіңіру. Бұған дейін Еңліктің партиясын айтқан театрдың жетекші солистері Гүлзат Дәуірбаева мен Дана Таласбекованың орындауын видеодан қарап шықтым. Залда оқытушым, әріптестерім отырып, орындауымызды бағалайды. Көрермен Еңліктің партиясын орындайтын артистің өзгергенін көреді. Сол себепті қатты толқып тұрмын, — деді артист.
Кебектің партиясын айтатын Болат Қанағатов — КСРО халық артисі Ермек Серкебаевтың шәкірті. Бұл рольді премьерадан бері сомдап жүр. Кебек партиясы драма тенорына жазылған. Оны кез келген тенор айта алмайды. Ғазиза Жұбанова жазған опералардың ішінде вокал жағынан ең қиыны осы — Кебек ролі.
Мені ұстазым Ермек Серкебаев опера тетарына бағыттады. Соңғы шәкірттерінің бірі болдым. Дауысым — тенор. «Біржан-Сара» операсында Біржанның партиясын орындаймын. Оған да драма теноры керек. Ғазиза апамыз опера, балет, кантата мен симфония, хорға арналған әндер жазып кетті. Композитор Төлеген Мұхамеджанов, қазіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова — сол кісінің шәкірттері, — деді Болат Қанағатов.
Нәдия Нәденованың айтуынша, қойылымға қызу дайындық сахнаға шығардан бір күн бұрын толық тоқтайды. Спектакль алдында барлық қатысушы топ ештеңеге алаңдамай демалуы керек. Артистердің тамағын ауыртып алмауы қатты қадағаланады. Опера әншілері дауыс желбезегіне зақым келмеуіне көп көңіл бөледі, әсіресе күйзеліске түспеуге тырысады, дауыс гигиенасын сақтайды. Тұрақты дауыс патологиясының маманы — фониатрға қаралып тұрады. Қойылым аяқталған соң жақсылап ұйықтап алады.
Ал Болат Қанағатов қойылым жақындағанда салқын су ішуден, балмұздақ жеуден бас тартатынын айтты. Ағза сау болса, дауыс та сақталады.
Спектакль алдында жақсылап ұйқымды қандырамын. Жанды дауыста 1-2 сағат ән айту үшін әуелі ағза тыныққан болуы керек. Келіншегім де — өнер адамы. Ертең қойылым деген күні міндетті түрде үйде ет асылады. Ет жеп, күш жинаймын, — деді артист.
Спектакль желісі бойынша Еңліктің елі арғындардан қызын алып қашқан Кебекті қолдарына беруді талап етеді. Оған көнбесе, арғындарға соғыс ашатынан айтады. Арғынның тобықты руынан шыққан Кеңгірбай би екі жақтың да қаны төгілмес үшін Кебекті беруді жөн санайды. Бұл кезде екі жастың сәбиі дүниеге келген еді. Ғашықтардың соңынан қуып барған найман руының басшылары Еңлік пен Кебекті өлім жазасына кесуге шешім қабылдайды. Өлер алдында Еңлік Кебекпен соңғы рет көрісуді, екеуін бірге жерлеуді және сәбиін Кеңгірбай биге беруді сұрайды.
Оқиға трагедиямен аяқталғанына қарамастан Ғазиза Жұбанова операға оптимист көңіл-күйін көбірек қосқан. Сотта ғашықтарды қорғаған Абыз дана таудан табылған Еңлік пен Кебектің баласына бата беріп, оны жарқын болашақ күтіп тұрғанын айтады. Абыз ғашықтардың ұрпағы рулар арасындағы араздық жойылған заманда бақытты өмір сүретінін болжайды.