Жуырда Қазақстан сүт одағы өзіне еліміздің балмұздақ экспорттаушы жалғыз компаниясы — «Шин-Лайнды» қосып алды. Екіжақты келісімнің мақсаты мынадай: бұдан соң одақ ішкі нарықты отандық балмұздақпен түгел қамти алады, ал балмұздақ өндіруші одаққа нарықтағы позициясын нығайту жөнінен тәжірибесін ұсынбақ, сонымен бірге компания осы арқылы халықаралық нарыққа шығуды да көздеп отыр.

Бұл өзара ынтымақтастықтың тағы бір негізгі көздегені бар. Ол — сапа мен қауіпсіздік. Сүт одағы мен балмұздақ өндіруші жаз маусымында сауда-саттық шарттарына, оның ішінде сатып алынатын өнімнің сақталу мерзіміне, қаптамасына тұтынушылардың назарын аударып отыр. Қазақстан сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевниковтің айтуынша, әсіресе, сақтау шарттары ескерілмеген, температура режимі бұзылып сатылатын құйылмалы балмұздақтар адам денсаулығына зиянын тигізеді.

Жаздың ыстығында сүт өнімдерін сақтау үшін 4 градус аязға дейін, ал балмұздаққа 20 градус аязға дейін температура қажет. Мұздатқышта сақталатын балмұздақтың температурасын өзгертпеген жөн. Әйтпесе, оның құрамы бұзылады.

Құйылып сатылатын балмұздақтың сапасына, сақталу мерзіміне, тағы басқа мәліметтеріне көз жеткізе алмаймыз. Сол себепті қаптамадағы балмұздақты сатып алу тиімді. Мамандардың айтуынша, қапталмаған, герметика емес орамасы бар, сыртындағы мәтіні анық емес, өндірушісі мен құрамы көрсетілмеген, құны төмендетілген өнім тұтынушыны елең еткізуі тиіс.

Қаптама — өндіруші жауапкершілігінің және оның техрегламентті орындауының көрінісі. Нарықтың барлық қатысушысы талап бойынша өнімнің дұрыс атауын, шикізаттың құрамын таңбалауы қажет. Қаптамада көрсетілген шикізат құрамы өнімнің мазмұнын толық ашуы керек, онда терминдер, Кеден одағы елдерінің тілі дұрыс қолданылуы керек, мәтін сапалы басылуы керек, барлығы тұтынушының дұрыс таңдау жасауына септігін тигізуі керек, — дейді Қазақстан сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.

Балмұздақ
Фото: «Шин-Лайн» компаниясы

Балмұздақ сатып алғанда ескеретін жағдайлар:

  • Міндетті түрде сыртқы қаптамасы болуы керек;
  • Балмұздақтың көлемін көрсететін герметика орамасы болуы керек;
  • Қаптамадағы мәтінде құрам мен өндіруші анық көрінуі керек.
  • Балмұздақтың қаптамада көрсетілген құрамын оқу барысында сүт майының орнына өсімдік майы алмастырылмағанын мұқият оқыңыз;
  • Балмұздақтың жарамдылық мерзімі шыққан күнінен алты айға дейін.

Балмұздақтың құрамы қандай болады?

  • Сүт мөлшері 10% майлылықтан кем болмауы керек;
  • Құрғақ сүт өнімдері — 9-12%, құрамына протеин мен казеин кіреді;
  • Қант — 12-16%;
  • Стабилизатор мен эмульсиялар — 0,2-0,5%;
  • Су — 55-64%.

Бір балмұздақтың құрамында 270-275 калория бар.

Балмұздақтың түріне қарай майлылық үлесі:

  • Сүтті балмұздақтың майлылығы 4%-ға дейін болуы керек;
  • Кілегей балмұздақтың майлылығы 10%-ға дейін;
  • Пломбир балмұздақтың майлылығы 15%-ға дейін;
  • Жемісті балмұздақтың майлылығы жеміс шырынына байланысты болады.

Балмұздақ құрамында адам ағзасына пайдалы 20-ға жуық ақуыз, 25 түрлі май қышқылы, 30 түрлі минерал тұз, 20 түрлі дәрумен, сонымен қатар фосфор, магний, калий мен темір бар.