әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлау ресми түрде басталды

Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдық мерейтойын ел бойынша тойлау Алматыдағы ғұлама аты берілген қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында салтанатты жағдайда басталды. Мерейтойды Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ашып берді.

әл-Фарабидің 1150 жылдығы
Фото Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Салтанатты шараға БҰҰ және ЮНЕСКО, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен дипломатиялық миссиялар өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ЖОО ректорлары, Қазақстан мен шетел ғалымдары қатысты.

Жиналғандар әуелі университет алаңында орналасқан әл-Фараби ескерткішіне гүл қойды.

әл-Фарабидің 1150 жылдығы
Фото Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Тұңғыш Президентіміз “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайық баға берді. әл-Фараби – әлемдік өркениеттің жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және өркениеттің дамуына теңдессіз үлес қосты. Сондықтан оның 1150 жылдық мерейтойы халықаралық ауқымда аталып өтеді. Бұл мерейтой тарихи сәт екенін жақсы түсінесіздер деп ойлаймын. Еліміздің жетекші университеттерінде әл-Фарабидің 12 орталығы, Ыстанбұл мен Делиде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті ашқан музейлер бар. Мерейтой аясында басқа да орталықтар ашу жоспарланған. Жақында әл-Фараби ізімен экспедициясы басталады. Тек ғылыми конференциялар өткізумен шектелмей, жаңа инновациялық жобаларға басымдық беріледі, – деді Қырымбек Көшербаев.

Мерейтойдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әл-Фараби жылы аясында қолға алынуы керек бірнеше бастаманы атады.

Бақытжан Сағынтаев
Фото Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Біріншіден, мерейтойға орай ғалымның еңбектерін терең зерттеп, аударып, әл-Фараби мұрасын жаңғыртуды ұсынамын. Екіншіден, жастар арасында әл-Фараби шығармашылығы бойынша байқау жариялап, Алматы әкімінің стипендиясын тағайындауды ұсынамын. Үшіншіден, 2009 жылдан бері өтетін әл-Фараби олимпиадасын жаңа халықаралық деңгейге көтеру керек. Төртіншіден, туристерге ыңғайлы болуы үшін “әл-Фараби ізімен” интерактив картасын дайындауды қолға алу керек. Бесіншіден, әл-Фараби аспан денелерін де зерттегендіктен Алматыдағы обсерватория ішінен әл-Фараби бөлмесін ашуды ұсынамын, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Мерейтой аясында ұлттық университетте әл-Фараби кітапхана-орталығы ашылды.

Фото Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Ойшыл, математик, музыка теоретигі әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері мен оқиғалары күнтізбесіне енді. Мерейтой ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және тағы басқа ұйымдардың қолдауымен халықаралық мәдени алаңда кеңінен аталып өтеді. Түркия, Иордания, Қытай, Мысыр, Болгария және тағы басқа елдердегі ғылыми шараларда ұлы ғалымның есімі дәріптеледі.

Шығыстың әйгілі философының мерейтойы аясында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде, Нұр-Сұлтанда және Түркістан облысында ғылыми симпозиумдар өткізу жоспарланған. Оған әлемнің 40-тан астам елінен фарабитанушылар келеді.

Сонымен қатар әл-Фараби мерейтойы жылы халықаралық экспедициялар ұйымдастырылады, тарихи-мәдени нысандар жаңартылады, әл-Фарабидің ғылыми еңбектері әлем тілдеріне аударылады. “Аристотельден кейінгі екінші ұстаз” атанған ғұлама туралы деректі фильмдер циклі жасалады.