Алматыда Абайдың 175, әл-Фарабидің 1150 жылдығы тойланады

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров 2020 жылы Абайдың 175, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 және Алтын Орданың 750 жылдығына арналған шараларды дайындау және өткізу бойынша кеңес өткізді.

Кеңеске Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, философ Әсет Құранбек, жазушылар Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Смағұл Елубаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, кинорежиссер Сергей Азимов қатысты.

Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, Алматы еліміздің мәдени орталығы ретінде жалпы республикалық шараларды өткізудің негізгі ошағы болуы тиіс.

Жиында мерейтой кезінде өткізілетін шаралардың жоспары әзірленді. Әр жоспар бойынша ұсыныстар айтылып, толықтыру енгізілді.

Белгіленген тарихи күндерді мерекелеу — халықтың тарихи сана-сезімін тереңдетуге және жаһандық форматта еліміздің рухани мәдениетін жан-жақты алға жылжытуға бағытталған тәуелсіз Қазақстанның жаңаша тарихындағы маңызды оқиға, — деді Ержан Бабақұмаров.

Алматы әкімінің орынбасары мәдениет басқармасына барлық ұсынысты қарап шығуды тапсырды.