Есіңізде болса, арғы тарихтың апып-топырын шығарып, ақыры сүйегі Сауд Арабиясынан табылған Сааданийге келіп тоқтағанбыз. Бүгінгі сабағымызда Homo тұқымының пайда болуына әкелген оқиғалар туралы әңгімелейміз.

Дисклеймер. Автор ақылсынып, бірдеңе үйреткен болады

Ғылым әрқашан факт пен күмән-күдікті қатар басшылыққа алатынын ұмытпаған жөн. Ғалым адам нақты ақпаратқа сенеді және қандай да бір мәлімет әбден дәлелденбейінше күмән-күдігін келтіріп, айтысады да жүреді. Бір мысал: ұзақ уақыт бойы неандертальдар, яғни Еуропа аумағында өмір сүрген ежелгі адамдар осы күнгі сіз бен біздің бір атамыз саналып келді, бірақ кейінгі жылдары жүргізілген зерттеулер қазіргі адамзаттың тікелей неандертальдан тарамайтынын, олардың тұйыққа тіреліп, жоғалып кеткен аталас туысымыз екенін көрсетіп отыр. Сондықтан «еркек екі сөйлемейді» деп шікірейе қалу ғылымға жүрмейді, ертең адамның шежірені австралопитектен емес, басқа бір пәлен деген «питектен» тарататыны дәлелденсе, ғалымдар «бұрын олай еді, енді мына жаңалықтың негізінде былай дейтін болдық» дегенге көшеді. Ертең деймін-ау, мұндай дау қазір де бар, тіпті төменде келтірілген әр дерек бойынша қарсы дәйек келтіретін ғалымдар жеткілікті.

Бұл мәтіннің ғылым шамамен осылай-ау деп болжал түрінде берген схемасы бойынша жасалғанын айту керек. Оның миллиондаған жылды қамтитынын, аса маңызды оқиғалардың ғана сипатталғанын және басты-басты кейіпкерлерді ғана еске түсіріп, желдірте шыққанымызды ескерткім келеді. «Үйбәй, оны кім көріп келіпті, оқығансымақтардың сандырағы да» деп ерніңізді сылп еткізуге асықпаңыз, әр сөздің артында түрлі салада жүрген жүздеген ғалымның ондаған жыл бойғы зерттеуі, археологиялық қазба кезінде тапқан сүйек-саяғы, көз майын тауысып жазған еңбегі, тайға таңба басқандай қылып анық көрсетіп, жетесіне жеткізіп тұрып көрсететін дерегі тұр.

Шимпанзе — адамның екі туып, бір қалғаны

Сонымен 60 миллион жылдай бұрын динозаврлардың «аяғы аспаннан келіп», жануарлар тізбегінде бос ниша пайда болды. Ұсақ-түйек сүтқоректілер жалма-жан өсіп-өніп, салмақ қосып, үлкейіп, әлгі орындарды иемдене бастады. Солардың арасында болашақ маймылдардың аталары да бар еді.

Бастапқыда тұрқы бірнеше сантиметр ғана болатын протоприматтар миллиондаған жыл бойы жүрген сұрыпталудың арқасында бір түрден екінші түрге өтіп, олардан үшінші-төртінші түрлер таралып, сан салаланып, көбейе берді. Сумұрын һәм құрғақмұрын болып топталды, кейінгісі тармұрын мен кеңмұрын деп тағы бөлінді. Мартышкатектес, адамтектес деп және бір іріктелді.

Осы адамтектестердің қатарында адамға тікелей қатысы бар деген бірнеше түр болды. Мәселен, 17-21 млн жыл бұрын өмір сүрген проконсулды айтуға болады. Бір ғалымдар бұл маймылды адамтектестерге жатқызады, енді біреулер адамтектес және мартышкатектестердің ортақ атасы дейді. Жақ сүйегінің және азу тістерінің салыстырмалы түрде шағын болуы жануардың бейбіт болғанын көрсетеді.

Проконсул
Проконсул (реконструкция). Фото: Wikimedia.org

Шамамен 18 миллион жыл бұрын адамтектес маймылдар арасында гоминидтер деп аталатын тұқымдастар тобы бөлініп шықты. Оған адам (жер бетін басып жүрген сіз бен біз, яғни Homo sapiens және құрып кеткен өзге адам түрлері) мен орангутан, горилла, шимпанзе кіреді. Бұл төртеудің бір атадан тарағанына ғалымдардың дауы жоқ, себебі геномдары, яғни гендер жиынтығы төртеуіне де ортақ геномның аздап өзгерген көшірмесі екенін көрсетеді, бір-бірінен де көп ерекшелене бермейді. Ал адам мен шимпанзенің геномындағы айырмашылық бар болғаны — 1,5%. Бізге ең жақын тұрғаны осы шимпанзе — арамыз 6 миллиондай жыл бұрын ғана ажырапты.

Горилла
Атлантадағы (АҚШ) зообақта тұратын, ерекше пигментпен туған Анака атты горилланың саусақтары. Фото: Twitter.com/ZooATL

Homo-ға апарар жол

Шамамен 4,4 миллион жыл бұрын Африкада маймыл мен адам арасындағы аралық түр саналатын ардипитектер өмір сүрді. Бұл кезде ұзаққа созылған ауа райы өзгерістеріне байланысты қалың ну ормандар сиреп, олардың орнында саванналар пайда болған еді. Сол себепті ағаш басынан жерге түскен ардипитектер екі аяққа тұруға мәжбүр болды.

Ардипитек адамзат тарихын зерттеуде ерекше маңызға ие. Себебі табылған қаңқалар бұл жануардың адам мен маймыл қасиеттерін қатар алып жүргенін көрсетеді — алысқа жүгіре алмаса да, тік жүруге тырысқан, қолы тізесіне дейін түсіп тұрса да, оны-мұны жасауға икемделіп қалған, басқа маймылдармен салыстырғанда азу тісі кішірейіп, агрессияны азайтқан.

Ардипитек
«Арди» деген есіммен белгілі ардипитек қаңқасы (реконструкция). Фото: Britannica.com

Шамамен 4,2 миллион жыл бұрын саванналарда австралопитектер пайда болды. Бұл екі аяғына нық тұрған жалғыз маймыл еді. Шөбі жайқалған, ағашы жоқ ашық дала да оны шошыта алмайтын. Топтасып өмір сүрді, еркектері әйелдер мен балаларды қауіп-қатерден қорғады. Homo тұқымына жататын тіршілік иелері тарихын осы маймылдардан таратады.

Австралопитектердің ғалымдар тапқан, тіркеген түрі көп: кейбірі жыртқыштарға жем болды, енді біреулері эволюция жарысында жеңе алмай, жойылып кетті, басқа бір топтар дамудың қате жолына түсіп, тұқымы құрыды.

Алайда көп ғалым 3,5 миллион жыл бұрын пайда болған Афар австралопитегі Homo-ның қалыптасуына себеп болды деген болжам айтады. Тура біз секілді 32 тіске ие афарлықтар өз тұқымындағы ең майда австралопитек болыпты.

Люси
Эфиопиядан табылған Афар австралопитегінің қаңқасы. Оған ғалымдар «Люси» деп ат қойған. Айтпақшы, Люк Бессон осы Люсидің құрметіне аттас фильм түсірген болатын. Фото: Thevintagenews.com

Афар австралопитегі негізінен шөп жеген. Бірақ еттен де бас тартпаған. Басқа жыртқыштардан қалған жануарларды іреу үшін ағаш пен тастан қарапайым құралдар жасаған деген пікір бар. Қалай дегенде де кейінгі деректер бойынша адамға ең жақын тұрған австралопитек — осы афарлар. Ғылым Homo тұқымының ең алғашқы өкілі Homo habilis, яғни «Епті адам» Афар австралопитегінен тарайды деген тұжырымға тоқтап отыр.

Австралопитектің миы қалай үлкейді?

Африка далаларына австралопитектер шыққанда шөп-шалам, жаңғақ, бидайдан басқаны ас демейтін, ми көлемі де қазіргі шимпанзенікінен үлкен емес-ті. Ал арлы-берлі жосылған антилопа, қабан, мүйізтұмсықтар қылыштіс жолбарыстардың, алып шиебөрілердің жемтігі болды.

Алайда 2,5 миллион жыл бұрын жағдай өзгерді — көзге көп түсе бермейтін павиандар аяқасты үлкейіп, төрт аяқтап тұрғандағы бойы 1 метрден, салмағы 60 келіден асатын жануарға айналды. Адамның арғы атасы саналатын грацил австралопитектер (афарлықтар осы топқа кіреді) үшін қаралы күн туды, себебі павиандардың тамақ рационы бұлардікімен бірдей еді. Бар болғаны 30 келі тартатын, ал бойы тік тұрғанның өзінде 1 метр болатын грацилдер павиандардан жеңілді. Біраз түрі құрып кетті, ал аман қалғандарының кейбірі қорыту қиын болғандықтан көп ешкім жей бермейтін өсімдік тамырына көшті. Алайда енді бір түрлері ет жеуге өтті. Себебі жоғарыда айтылған алып антилопа-қабандар климат суып, құрғақ ауа райының жайылуына байланысты жойылып кеткен-ді. Олардың орнын қазіргі зебра, піл, елік басты. Негізгі жемтігі құрыған соң үлкен-үлкен жолбарыс-шиебөрі де жоғалды. Жыртқыш ретінде сахнаға арыстан, қорқау, гепардтар келді, бірақ осы ауыс-түйіс болып жатқан кезде аз ғана уақыт (шамамен 500 мың жыл) жыртқыштардың орны бос қалған еді. Павиандардан қашқан австралопитектер сол бос нишаны ала қойды, яғни ет жеуге көшті.

Афар австралопитегі
Афар австралопитегі (реконструкция). Авторы: John Gurche. Фото: Humanorigins.si.edu

Шөпқоректі жануарды ұстау оңай емес. Дегеніңе көне беретін астыққа ұқсамайды, оны қуалап жүріп құлату керек. Ал бұл ми жұмысының артуына себеп болды. Аңды қайдан табамын деп ойланасың — бір, тапсаң, достарыңмен барып, оны ұстау керек — екі, ұстау үшін кімнің қайда тұратынын, не істеу керек екенін үйлестіру керек — үш, өткен жолғыдай аш қалмас үшін тәжірибе жинайсың — төрт. Оның үстіне, басқа аң сияқты тырнақ-тісің жоқ (осы уақытқа дейін шөп жеп келген маймылда ол қайдан болсын), сондықтан таяқ-тас іздейсің. Қару жасау үшін де бас керек. Қысқасы, миға салмақ түсті. Ал құрылымы күрделене берді.

Ет жеудің пайдасы да бар еді. Ол шөп-шаламға қарағанда әлдеқайда нәрлі, қуатты. Қарын толтырамын деп күні бойы көк күйсеп жүргенге қарағанда бір кесек ет асап, соны қорытып жата берген әлдеқайда тиімді. Әрине, бос уақыт пайда болады. Оны басқа тірліктерге жұмсай аласың. Мысалы, үйірлестермен әңгімелес, құрал-сайман әзірле. Бұл да мидың дамуына оң ықпал етті.

Бұдан бөлек, шөп шайнау ет шайнауға қарағанда қиын екені анықталды. Себебі өсімдік жасушасының сыртында целюлоза қабықшасы бар. Етте жоқ. Артық салмақ түспейтіндіктен бұл жақ сүйегінің, шайнау аппаратының қысқарып, кішіреюіне ықпал етті. Содан бассүйектегі ми алатын орын кеңейді.

Осылайша шөптен кейін ет жеуді үйрену саналы адамның пайда болуына жол ашты. Бірақ тарих сахнасына Homo sapiens-тің шығуына тағы біраз уақыт керек болды. Оған келесі сабақта тоқталамыз.

P.S. Айтпақшы, бір деректерге қарағанда жоғарыда айтылған аса ірі, ашулы павиандардың жойылып кетуіне ақылы асқан, қолына қару ұстап оралған адамзат себепші болыпты. 

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Mario Jacome)

Эволюция сабақтары-1. Маймыл неге адам болып кетпейді?

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!