EXPO-2020 көрмесіндегі Қазақстан павильоны қандай болады?

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаһандық іс-шара 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Ақыл-ойды ұштастыру — болашақты қалыптастыру» деген тақырыппен өтеді. EXPO-2020 көрмесін дамыту жөніндегі басқарушы директор Ахмед әл-Хатибтің айтуынша, көрмеге 20 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланып отыр.

Қазақстан павильоны Біріккен Араб Әмірліктерінің негізгі алаңына жақын жердегі «Мүмкіндіктер» деп аталатын кластерде орналасады. Ұлттық экспозиция бірнеше бөлікке бөлінген. Онда Қазақстанның әлемдегі орны, еліміздің туризм әлеуеті, тарихы, мәдениеті және астанасы туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар көрмеге келушілер Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде мәлімет ала алады. Интерактив шоудың соңында павильон қонақтарына жасанды интеллектінің адамзат болашағына әсері туралы айтылады.

EXPO-2020 көрмесіндегі Қазақстан павильоны
EXPO-2020 көрме орталығы. Фото: Akorda.kz

Ресми сапарының екінші күні Қасым-Жомарт Тоқаев Дубай халықаралық қаржы орталығында да болды.

Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасының аясында Дубай халықаралық қаржы орталығын (DIFC) аралап көрді.

Халықаралық орталықтың басқарма төрағасы Ариф Амири Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы экономикалық аймақ жұмысының принциптері, қажетті заңдық, коммерциялық және басқа да инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету арқылы бизнес пен қаржы институттары үшін тартымды жағдай жасау жөнінде айтты.

Бүгінде Орталыққа заңды түрде 2 300-ге жуық компания тіркелген. 2024 жылға қарай олардың Дубай әмірлігінің жалпы ішкі өніміне қосатын үлесі шамамен 15% болмақ.

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Дубайдың халықаралық қаржы орталығы арасында тығыз ықпалдастық орнату және Дубайдың табысты тәжірибесін «Астана» қаржы орталығының жұмысына пайдалану маңызды екенін айтты.

Ресми сапары барысында Қазақстан Президенті Дубай инвестициялық корпорациясының атқарушы директоры Мұхаммед аш-Шайбанимен кездесті.

Кездесу барысында қаржы саласындағы өзара ынтымақтастыққа және «Астана» халықаралық қаржы орталығының одан әрі даму перспективасына қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар Дубай инвестициялық корпорациясының Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасына және «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жұмысына белсенді қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед аш-Шайбаниге Қазақстан активтеріне инвестиция салуға және сатып алуға қызығушылық білдірген жағдайда біздің мемлекеттік құрылымдардың инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтты.

28 қаңтарда Қазақстан басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен және Абу-Даби әмірлігін билеуші әулеттің өкілі, ірі бизнес өкілі Сурур бен Мұхаммед әл-Нахаянмен де кездесті.