ҚР СІМ Уханьдағы азаматтарымызды елге әкелуге тырысады

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Қытайдағы Қазақстан азаматтары туралы мәлімет берді.

Ведомствоның мәліметінше, қазір Ухань қаласында Қазақстанның 98 студенті бар. Қытайдағы Қазақстан елшілігі студенттермен тікелей байланыс орнатып отыр.

Студенттерде қажет нәрсенің бәрі бар, өздері білім алып жүрген университеттер оларды керек-жарақпен — медицина бұйымдарымен, маскамен қамтамасыз етіп жатыр. Азық-түлік өнімдері де жеткілікті мөлшерде. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бізде ведомствоаралық комиссия құрылғанын білесіздер. Кеше отырыс өтті, қазір біз студенттерді көшіру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл мәселе бойынша Қытай тарапына ресми нота жіберілді. Қазіргі уақытта маршрутқа қатысты ұшақ ұшып шыға ма, қайда қонады, адамдарды қайдан алу қажет болады деген нақты мәселелер пысықталып жатыр. Студенттермен келіссөз жүргізіліп жатыр және арнайы борт олардың санына қарай жіберіледі. Дипломатиялық рұқсат алу Қытаймен келісу кезеңінде, — деді Шахрат Нұрышев.

Оның айтуынша, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі мен бас консулдығы қазір елімізге келетін ҚХР азаматтарынан денсаулық жағдайы туралы анықтаманы қатаң талап етіп жатыр.

Үкіметтің шешімімен ҚХР азаматтарының Қазақстан аумағына визасыз транзитпен 72 сағатқа келу тәртібі уақытша тоқтатылды. Қазіргі кезде ҚХР азаматтары үшін әуежайға келгеннен кейін электрон виза ресімдеуді тоқтата тұру туралы шешім қабылданды, — деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Қазақстан Қытаймен арадағы шекараны жапқан жоқ. Шахрат Нұрышевтың айтуынша, ол үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы қажет. Әрі шекара жабылған жағдайда ол жақтағы азаматтарымызды елге әкелу мүмкін болмайды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір Қытайда Қазақстанның 1 300 азаматы бар. Оның 635-і — Хайнань провинциясында демалып жатқан турист, 204 адам — Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен бас консулдығында жұмыс істейтін азаматтар мен олардың туыстары. Қалғаны — еліміздің басқа да азаматтары.

Халықаралық ақпарат агенттіктері Қытайда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 4 500-ден асқанын, 106 адам қайтыс болғанын хабарлады.

Қазақстан коронавирус инфекциясынан сақтану шараларын күшейтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қытайдан келген төрт азамат аураханаға түсті.