Ranking.kz мамандарының мәліметінше, былтырғы 9 айда Қазақстаннан 34 198 адам басқа елдерге көшіп кетті. Оның 23 мыңнан астамы — еңбекке қабілетті азамат.
Қандай да бір мамандықты меңгерген азаматтардың шетелге үздіксіз кетуін қалай тоқтатуға болады? Респонденттеріміз жауап берді.
Аятжан Ахметжан, Qazbilim орталығының директоры:
Кәсіби мамандардың шетелге кетуінің бірден-бір себебі — еліміздегі әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Бүгінде Қазақстанда жалпы жалақы мөлшері аз. Жыл сайын Үкімет әр сала маманының жалақысын көбейтіп жатырмыз дейді. Бірақ 5 жылдан бері айтарлықтай өзгерісті байқамадық. Ал азық-түлік бағасы қарыштап тұр. Мысалы, былтыр ғана еттің келісі 1 400 теңге болған, биыл 2 000 теңге. Бұл — инфляцияның көрінісі. Мұндай жағдайда жас әрі білікті мамандардың шетелге кетіп қалуы — орынды нәрсе. Егер осылай жалғаса берсе, Қазақстанда мамандар тапшылығы пайда болады. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде дәрігер жетіспейді. Ең қорқыныштысы — болашақта халықты кім емдейді, кім оқытады, кім дамытады? Кәсіби мамандар шетелге кетпеуі үшін мемлекет жоғарыда айтылған проблеманы шешуге тиіс. Сонымен қатар жеке кәсібін бастағысы келетін жастарға қолдау көрсеткен абзал. Жуырда «Сыбаға» атты бағдарлама туралы естідім. Бағдарлама жеке кәсіпкерге, фермерлікпен айналысамын деушілерге несие береді екен. Меніңше, осындай бағдарламалар бойынша берілетін несиенің процент мөлшерлемесін азайту қажет. 2020 жылы билік осы мәселелерді ескерсе екен деймін.
Әсем Иманғалиева, ІТ-маман:
Шанхайға жұмыс бабымен кеткеніме 1,5 ай болды. Шетелге кетуімнің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазір мен әлемдегі ең үздік 10 ІТ-компанияның қатарына кіретін Microsoft компаниясында жұмыс істеймін. Бұл жерде кәсіби білігімді арттыратынына сенімдімін. Екіншіден, Шанхай — экологиясы таза қала. Ал бұл денсаулығыма оң әсер етеді. Үшіншіден, Қазақстандағы бірнеше мекемеде тәжірибемнің аздығына байланысты мені жұмысқа алмады, тіпті осы себеппен конкурстардың соңғы кезеңінен өтпей қалатынмын. Меніңше, еліміздегі жұмыс берушілер мамандарды жұмысқа қабылдарда оның тәжірибесіне емес, талантына және білігіне назар аударғаны жөн. Сол кезде мамандар шетелге кетпес еді.
Ғани Бейсембаев, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры:
«Мамандар шетелге кетіп жатыр» деген ақпаратты көп оқимын. Бірақ осы ақпаратқа байланысты нақты және ресми дерек көрген емеспін. Мысалы, біздің орталық 9-11 сынып оқушылары арасында шетелге кету-кетпеу тақырыбы аясында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға республика бойынша 80 мың оқушы қатысты. Нәтижесінде олардың тек 5%-і ғана шетелге кетуді жоспарлаған. Олардың көбі — Солтүстік Қазақстан облысының балалары. Сондықтан «жастардың барлығы шетелге кетуді көздейді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды, бірақ кейбір білікті мамандардың, жастардың шекара асып кеткені жасырын емес. Негізі біздің азаматтардың тәжірибе алмасу немесе үйрену мақсатында басқа мемлекетте жұмыс істегеніне қарсы емеспін. Керісінше, жастардың білім көкжиегін кеңейту үшін мұхит асуы — қуантарлық жағдай. Ал өзге мемлекетте тұруға біржола қалып жатса, өкінішті. Бірақ ондай азаматтар бірен-саран. Менің ойымша, шетелге біржола кеткен мамандар Қазақстанда әділ түрде белгілі бір жетістікке, мансапқа жетуге болатынына сенбейді. Неге сенбейді? Себебі Қазақстанның барлық жерінде жемқорлық өршіп тұр. Жақында Президенттің жастар кадр резервіне 300 үздік маман кірді, бірақ кейін «оған бұрын белгілі бір қызметте істеген немесе танысы бар мамандар кірген» деген сыбыс тарады. Сыбыстың тарауының өзі күмән келтіреді. Сыбайлас жемқорлық, тамыр-таныстық — билікке де, халыққа да жараспайтын дүние. Мысалы, америкалықтарда шпаргалка пайдалану — ұят нәрсе. Оларда интеллекті төмен адам ғана мұндай қадамға барады. Ал біздің қоғам шпаргалка қолданғанын мақтанып айтады. Менің ойымша, бұл — жемқорлықтың алғашқы сатысы. Егер еліміздегі жемқорлық мәселесін шешсек, барлық саланың сапасы, деңгейі артады, мамандардың да ертеңге сенімі артады.
Нұрдәулет Жұмабай, экономист, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:
Қазақстаннан шетелге кеткен адамдар жоғары білікті және төмен білікті маман болып екіге бөлінеді. Төмен білікті мамандар көбіне АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Еуропа елдеріне қара жұмыс істеуге барады. Олардың басты мақсаты — ақша табу. Ал жоғары білікті мамандардың шетелге негізінен өзін кәсіби маман ретінде дамыту үшін кетеді. Себебі жас маманға білім мен білікті арттыруға Қазақстаннан гөрі шетелде мүмкіндік көп. Жалақы деңгейі де біздің елмен салыстарғанда әлдеқайда жоғары, әсіресе ІТ және қаржы салаларында жоғары білікті мамандарға еңбекақы жақсы төленеді. Меніңше, мамандардың шетелге барып, білігін арттырғаны еліміз үшін тиімді. Мысалы, мен Англияда «Болашақ» бағдарламасымен магистратурада оқып келдім. Бағдарлама тек оқып келуге емес, сол жақта жұмыс істеп көруге де мүмкіндік берсе екен деймін, бірақ шетелге барып, сол жақта қалып қойған жастар да бар. Білігі төмен мамандардың елден кетуі халық санына ғана кері әсерін тигізеді. Ал еліміздегі «мидың» шетелге кеткені — айтарлықтай шығын. Менің ойымша, шетелге кетіп жатқан мамандарды тоқтатудың бір жолы — еліміздегі өмір сүру сапасын арттыру. Әр сала маманына еңбегіне лайық жалақы мөлшерін белгілеу керек, жемқорлықты жойып, медицина және білім сапасын жақсартуымыз қажет, тіпті жолдың сапасының өзі адамдардың елден кетуіне себеп болуы мүмкін.