Зейнетақы аударымына баспана алу: Президент тапсырма берді

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста Президент 2019 жылы әлеуметтік қолдау мақсатындағы шығын 3,5 триллион теңге болғанын айтты. Бұл — жалпы бюджеттің 30%-і. Әлеуметтік қорғау шаралары шамамен 4 миллион адамды қамтыды. «Бақытты отбасы» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша 20 мыңға жуық отбасы займ алды. Президенттің пікірінше, алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі Үкімет жұмысының басым бағыты болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы аударымының бір бөлігіне баспана алу туралы бастамаға қатысты тапсырма берді.

Зейнетақы аударымындағы қаржының бір бөлігін тұрғын үй алуға және басқа да қажеттіліктерге пайдалану жайына келер болсақ, бұл маңызды мәселені шешудің алғашқы қадамы жасалды. Біздің мақсатымыз — барлық жиналған қаражатты қазір бөліп беріп, адамдарды қартайғанда лайық зейнетақысыз қалдырмау. Еңбеккерлер жұмыс берушілерден зейнетақы жарнасын төлеуді талап етуі үшін ынталандыру тетігін ойластырып, еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асыруды бастайды. Осындай мүмкіндік берілетін азаматтардың қатарын біртіндеп көбейте беру керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке әлеуметтік және экономикалық қатерлерге жол бермеу үшін бастамаларды мұқият әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың шешімі азаматтар тарапынан жиі сыналады, кей жағдайда тіпті халықтың ашу-ызасын тудырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста ешкімге сөгіс немесе ескерту жарияламағанын, Үкімет мүшелері мен әкімдерге жіберген кемшіліктерін көктемге дейін түзетуге мүмкіндік беретінін айтты.

Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Үкіметке Сауда саясатының 2025 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуді, Сертификаттаудың ұлттық жүйесін дамытуды, азаматтардың ұлттық стандарттарға сенімін арттыруды және техникалық реттеу туралы заң қабылдауды да тапсырды.