Алматыда Орталық Азия әуе компанияларының жетекшілері мен Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының (IATA) мамандары азаматтық авиациядағы қазіргі өзекті проблемаларын қалай шешуге болатынын ақылдасты. Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және Қазақстан аймақтық әуетасымалдаушылары Еуропа одағының әуе қатынасы бойынша стратегиясы мен нормативтік-құқықтық базасын ескеріп, ең әуелі барлығына ортақ қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Мамандар қауіпсіздікті қамтамасыз етуде API-PNR дерек жинау жүйесі мемлекет қаржысы есебінен енгізілгенін қалайды.

Қауіпсіздік бәріне ортақ. Егер мемлекет әр жолаушы туралы ақпаратқа мүдделі болса, әуе компаниясы деректер жүйесіндегі ақпаратты береді. Біз азаматтардың қауіпсіздігі әуе компаниясының емес, мемлекеттің міндетінде болуы керек деген позицияны ұстанамыз. Компания жолаушылардың дерегі заңмен қорғалуын және мемлекет қаражаты есебінен жиналғанын қалайды. Бұл жүйе мемлекеттің араласуына тәуелді, — деді  IATA өңірлік қатынастар бойынша директоры Раймондс Грунтинс.

Бүгінге дейін 65 ел API-PNR дерек жинау жүйесін енгізген. Оның ішінде 8 елде компаниялар жүйені өз қаражатына орнатып отыр: алтауында интерактив жүйе енгізілсе, қалған екеуінде оның интерактив емес түрі бар. Air Astana президенті Питер Фостердің айтуынша, мұндай жүйемен жұмыс істеу әуе компаниясы үшін қымбат.

Қазақстан интерактив емес жүйені енгізді және Қазақстанның дерек жинауға кететін қаражатының көлемі әлемде ең жоғары орында, — деді Питер Фостер.

Орталық Азия әуе компаниялары жетекшілері
Фото: Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі

Сонымен қатар авиация мамандарының айтуынша, әуежайлар жанармай жеткізушілерге ашық болғаны дұрыс. Бұл жеткізушілердің арасында бәсекені қалыптастырады, таңдау да көп болады. Әйтпесе, жанармай тапшылығы тарифтің өсуіне, әуе билетінің қымбаттауына ықпал етеді.

Әр әуежай түрлі жүйемен жұмыс істейді, оларға ортақ ереже жоқ. Ал әуежай авиация инфрақұрылымының бір бөлігі болғандықтан компаниялар әуежайға, жанармайға төлеп жүрген қаражатқа мұқият болғаны дұрыс. Мемлекет те жағдайды қадағалағаны жөн. Әуе компаниясы белгілі бір соманы төлеп, бірақ ол неге жұмсалғанын білмей отырмауы керек. Әуежайдағы жанармай туралы нақты анау арзан, мынау қымбат деп айта алмаймыз. Бірақ жанармай бағасы үнемі бақылауда. Мысалы, жанармай Қазақстанға қарағанда Германияда арзан, — деді Раймондс Грунтинс.