ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Поток», «Сергек» жүйелері мен патруль экипажы заңсыз жүрген автокөліктерді айып тұрағына қоюға кірісті. Жүргізушіге Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сай 10 АЕК көлемінде (26 510 теңге) айыппұл салынады.
Марат Қожаев, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары (брифингіде айтқаны):
Елде бір жылдан артық айдалып жүрген шетелдің автокөлігін тіркеу туралы бұрыннан айтып келеміз. 2014 жылы Еуразия экономикалық одағы қатысушыларының саны артқандықтан «Жол жүрісі туралы» заңына Қазақстан азаматтары одаққа мүше елдерден алған автокөліктерін тіркетуі керек деген түзету енгізілді. Дәл қазір елде көлікті тіркеуге қатысты ешқандай жаңа норма қабылданып жатқан жоқ. Шетелден әкелінген көлікті тіркеу бойынша да жаңа талап жоқ.
Шетелдің есебінде тұрған автокөліктерді тіркеуді талап етуіміздің негізгі екі себебі бар. Біріншіден, бұл шетел автокөліктері иелерінің есебі үшін ғана емес, жол қозғалысы тәртібі мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін керек. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің мәліметінше, кейінгі 3 жылда Қазақстанда ЕАЭО елдерінің 200 мыңға жуық автокөлігі анықталған. Оның бір бөлігі Қазақстан арқылы өтсе, негізгі бөлігі елде жұмыс істейтін шетел азаматтарына тиесілі. Тағы 40 мың көлік заңды тіркеуден өткен. Қалған тіркелмеген автокөліктер мен олардың иесі туралы мәлімет біздің базада болмағандықтан олар жол қозғалысы ережесін саналы түрде бұзып, өзге де қозғалыс қатысушыларына қауіп төндіреді. Мұндай автокөліктердің қатысуымен 2018 жылы 27 мың құқықбұзушылық болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 93 мыңға жеткен. Былтыр шетелдің нөмірі бар автокөлік иелері 1 800 жол-көлік оқиғасын жасаған. Оның 1 400-інде ірі материалдық шығын болған, 428-інде 132 адам қайтыс болып, 528 адам жарақат алған.
Шетелдің есебінде тұрған автокөліктерді тіркеудің тағы бір себебі — полицияның базасында жоқ көліктің қылмыскерлерге оңай олжа болуы. Өйткені көлік ІІМ базасында болмағандықтан оны іздеп-табу қиындау. Оның үстіне, иесі көлігінің өзіне тиесілі екенін заң жүзінде дәлелдей алмай жатады. Былтыр елде жақын шетелден келген көліктердің қатысы бар 400 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 335-і көлік ұрлау мен өзге де ұрлық болса, қалғаны — адам өлтіру, тонау мен қарақшылық сияқты қылмыстар. Қазір Ішкі істер министрлігінде тікелей телефон желісі жұмысын бастап, «Жолдағы қабылдау бөлімі» ауқымды акциясы ұйымдастырылып жатыр.
Дамир Марденов, заңгер:
Министрлік ақыры шетелден әкелінген көлікті тіркеу туралы заңның орындалуын талап етуге шешім қабылдады. Азамат одақтағы елдерден көлік сатып алып, оны азамат өз атына тіркетсе, елге көлікті кіргізген соң 10 күн ішінде Қазақстанда тіркетуі керек. Көлікті тіркеу талап етіле сала шетелдің автокөлігін мініп жүрген жүргізушілердің бастамашыл топтары билік органдарынан көлікті тіркеу тәртібін жеңілдетуді талап етіп, наразылық білдіре бастады. Олардың шағымы негізінен тіркеу сомасының көлеміне қатысты болып тұр. Оның көлемі 1 миллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Оған қоса, тіркелмеген көлікті Қазақстан аумағынан шығару мерзімі ұсынылды.
Шетелден әкелген көлігін тіркетпейтін, оған салық төлемейтін азаматтардың кейбірі жол ережесін бұзса, жазаланбайтынын біліп алған. Өйткені «Сергек» сияқты бақылау-өлшеу құралы жол ережесінің бұзылғанын есепке алғанымен көлік иесін анықтай алмайды. Сол себепті ереже бұзушыға айыппұл салынбайды немесе заң бойынша жаза қолданылмайды. Ондай көліктердің қатысы бар оқиғалар өзге автокөлік илерінің наразылығын туғызады. Өйткені заң бойынша көлігін тіркеткен адам оның салығын төлеп, жол ережесін бұзса, айыппұлын төлеп отыр. Ал шетелдің нөмірі бар көлік иесі мұның бірде-бірін істемейді. Сондықтан шетелден әкелінген көлікті тіркеу Қазақстан азаматтарының құқығын теңестіреді.
Азамат көлігін Қазақстан аумағында тіркететін болса, көлігі тіркелмеген көлік құралына қарағанда нарықтағы бағаға сай сатылады. Елде Еуразия экономикалық одағына мүше елдерде тіркелген көлік Қазақстанда тіркелгендерден 30% арзан. Көлік иелері жыл сайын мүлік салығын төлейтіндіктен бұл жұмыс ел бюджетіне оң әсер етеді.
Елде тіркелмеген көлік иелерінің алдында үш таңдау тұр:
- тіркеуге қажет соманы түгел төлеп, көлігін алып қалу;
- көлікті елден шығарып, тіркелген елде сату;
- автокөлікті бөлшектеп сату.
Соңғысының материалдық пайдасы шамалы.
Гүлнәр Бажкенова, журналист (Facebook желісіндегі жазбасы):
Біз таудың таза ауасын армандаймыз, көпшіліктің экосанасын, машиналарға емес, адамдарға арналған қалаларды қолдаймыз. Солай бола тұра көлік санының күннен күнге өсуіне де қарсы емеспіз. Көлік иелері автотұрақ үшін, ауаны ластайтын газ үшін, автокөлікті тіркеу мен шетелден әкелу үшін ақша төлемесек екен дейді. Әуелі не қалайтынымызды анықтап алайықшы.
Шетелде тіркелген бұл 170 мың автокөліктің біздің жолдармен жүруінің бірнеше аспектісі бар. Өзім үшін ең біріншісі — көліктер қаланы, көше мен ауланы толтырып тұр. Олар құлағымызға дейін кіріп алатын тарақанға айналып кетер ме екен?! Атбасарға жақын маңда тұрып жатқан ауыл адамдарының әрқайсысында көлік болса, түсінер едім. Оларға ауа райы мен қашықтықты еңсеру үшін жеке көлік керек шығар. Бірақ қоғамдық көлік пен ұтқыр такси қызметтері дамыған қалада автокөлік сатып алудың не керегі бар? Көліктің тұраққа қою, техникалық байқаудан өткізу, жуу, бензин құю сияқты әуресі тағы бар. Автокөлік бедел үшін қажет пе? Әлемде бұл тренд туралы түсініктің ауқымды түрде өзгеріп жатқанын білесіз бе? Миллениал ұрпақ жеке автокөлік алып, оған қатысты проблемамен басын қатырғысы келмейді.
Екінші аспект — көлікке салынатын салық. Әлем автокөлік санын қысқартуға тырысып жатқанда оны пайдаланғаны үшін адамдар бірде-бір тиын төлегісі келмей ме? Бұл ойын ақтап та алмақшы. Оның ақтайтын түгі жоқ. Сондықтан Қазақстанның экология, экономика, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша және саяси мүддесін ойлайық.
Үкімет те Кеден одағының мемлекет шеңберінен тыс келісімдерімен айналысуы керек, бастысы — оларды дұрыс интерпретациялау, заң әрқалай түсіндіруге келе беретін болса, әркім қалауынша қабылдайды. Заңның көрші елдердің, соның ішінде Ресейдің де мүддесіне сай келетін, ал Қазақстанға зияны тиетін осал тұс болмауы керек.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Jordan Hetzer )