«А-Паркинг» жобасының директоры Марат Пірінбековтің айтуынша, ақылы тұрақ бюджетке табыс әкеліп қана қоймай, бірталай мәселені шешкен. 

2016-2019 жылдар аралығында көлік орындарының айналымы артты. Қазір бір көлік тұрақ орнында әрі кетсе 1,5 сағат тұрақтайды, яғни адамдар көлігін бір жерде ұзақ уақыт қалдырмайды. Тұрақ орындарының қолжетімділігі екі есе өсті. Қала орталығындағы көлік саны 15%-ке азайды. Тұрақ ережесін бұзу саны қысқарды, — дейді ол.

Тұрақтың ақылы болуы көліктердің ұзақ тұрақтамауына әсер етті. Марат Пірінбековтің пікірінше, бұл — жақсы нәтиже.  Алматы тұрғыны, көлік жүргізуші Күнту Арынбек мұндай пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, ақылы тұрақ бір жерде сегіз сағат тұрақтайтын адамдар үшін тиімсіз.

Мен жұмыс істейтін жердің тұрағы сағатына 100 теңге алады. Сонда таңғы 09.00-ден 18.00-ге дейін 800 теңге төлеймін. Сонда аптасына 4 мың, айына 20-25 мың теңгем тұраққа кетеді. Меніңше, бір жерде сегіз сағат болатын адамдарға жеңілдік жасауы керек. Мысалы, ақыны алғашқы сағаттарына алса да, жеткілікті. Сосын ақылы тұрақтың тағы бір ұнамайтыны — Алматы базарларындағы тұрақтардың бағасы қымбат, әртүрлі. 20 минутқа кірсең болды, бағасы шарықтап кетеді, — дейді ол.

Ал «А-Паркинг» мамандарының айтуынша, ақылы тұрақтың көздегені де — осы. 

Ақылы көлік тұрағының міндеті — жол-көлік желісінің жүктемесін азайту, халық тығыз орналасқан, кептеліс көп болатын жердегі көлік ағынын қысқарту. Тұрақ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы орта құрып, экология жағдайын жақсартуы тиіс.

Автосарапшы, автоблогер Диаз Абылқасов көлік тұрағы жүйесінің мобайл қосымшасында кемшілік бар екенін айтты. 

Ақылы автотұраққа нақты белгінің қойылғаны жақсы болды. Бұл тұрақ тәртібін реттейді. Қазір төлемді де түрлі тәсілмен төлеуге болады. Бірақ мобайл қосымшаның қатесі көп, — деді блогер.

«Жалпы жол» жол қауіпсіздігі қауымдастығының бас хатшысы Алексей Алексеев ақылы жүйенің арқасында адам көп шоғырланатын жердің тұрағынан бос орынды тез табуға болатынын айтты.

Бір кездері «Көкбазарға» мүлдем бармай қойдым. Онда бара қалсам, көлік қоятын жер таппайтынмын. Дәл сол жағдайды Республика алаңынан байқадым. Қазір ақылы болғаннан кейін мұнда әрдайым бос орын табуға болады. Тұрақ орындары дамып жатыр, белгілер қойылды, — дейді сарапшы.

«А-Паркинг» өкілдері жобаны жүзеге асыру тек бизнестің инвестициясы есебінен жүзеге асырылғанын айтты. Ол Алматы әкімдігінің тапсырмасы бойынша әзірленген.  Жоба 2016 жылдан бастап жұмыс істейді.

Ақылы тұрақтарды ұйымдастыру қаланың даму жоспарына, ел заңнамасына толық сай жүргізілді және Алматы әкімдігінің норматив-құқық актілері және қаулыларымен реттелді. Жоба қызметі барысында халықаралық стандарттар мен нормативтерге сай 11 000-нан астам тұрақ орны жабдықталды. Тұрақ ережелерінің сақталуын бақылаудың барлық жүйесі автоматтандырылған. Бұл адам факторын түгел жоққа шығарады.

Үш жыл ішінде жобаға салынған инвестиция көлемі 3,96 миллиард теңге болды. Оның көп бөлігі — 3,26 миллиард теңге паркоматтар мен шлагбаумдар орнатуға, тіркеу қызметтерін құруға жұмсалған. Тағы 500 миллион теңгеге деректерді өңдеу орталығы құрылған. 200 миллион теңге аумақтың модернизациясына жұмсалды.

Бұған дейін Алматыда көлікпен қатынауды жеңілдететін 5 мобайл қосымша туралы жазған едік. Онда жақын жердегі автокөлік тұрағын табуға көмектесетін, төлем жасауға қолайлы, автокөлік тұрағының атауы, мекенжайы, бағасы мен сапасы жайлы ақпарат беретін мобайл қосымша көрсетілген.

Иллюстрация: Dribbble.com ©Ramz