Ұялы байланыс қолданушылары әр 100 адамға 139-дан келеді, бір жыл бұрын 100 адамға 142-ден келген.

Қазақстанда орнықты интернет абоненттерінің саны бір жылда 2,5 миллионға жеткен. Әр 100 адамға 13 абоненттен келеді.

2019 жылдың қаңтар-желтоқсанында байланыс қызметін ұсынатын компаниялардың табысы 800,1 миллиард теңге болып, бір жылда 9,8% көбейген. Бұдан бір жыл бұрын табыс сомасы 728,7 миллиард теңге болған еді.

Байланыс нарығындағы табыстың негізгі үлесі (35,6%) интернет қызметіне тиесілі — 285,1 миллиард теңге. Сома 2018 жылдың 12 айымен салыстырғанда (244,6 миллиард теңге) 16,6% көбейген. Орнықты интернет пен интернетке қосылған ұялы байланыс абоненттері санының көбеюі және интернет қызметіне деген сұраныстың артуы тарифке де әсер етті. 2019 жылдың 12 айында интернет байланысының бағасы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 3,3% өсті.

Нарықтағы табыстың 27,7%-і ұялы байланыс қызметінің үлесінде. Өткен 12 айда табыс сомасы 221,6 миллиард теңге болды, көрсеткіш бір жылда 2,8% артқан (215,5 миллиард теңге). Ranking.kz мамандарының мәліметінше, табыстың молаюына ұялы байланыс операторлары қызметі тарифінің өсуі себеп. 2019 жылы ұялы байланыс қызметі бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,3% қымбаттаған.

2019 жылдың 12 айында телекоммуникацияның сымды және сымсыз желілері арқылы дерек жолдау қызметі нарықтың 6%-іне тең болды — 47,6 миллиард теңге. Ал жергілікті телефон байланысы бойынша 36,7 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген, бұл — телекоммуникация саласының жалпы табысының 4,6%-і.