Мерейтойлар аясында Нұр-Сұлтандағы ескерткіштер жаңартылады

Қала әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, мерейтойларды өткізудің алғашқы дайындығы осы жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында талқыланды.

Биыл елімізде айтулы мерейтойлар мен даталарды аталып өткелі отырмыз. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр әл Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 жылдығы. Осы орайда Нұр-Сұлтанда өтетін маңызды іс-шараларды талқылау үшін жиналып отырмыз. Одан бөлек, биыл — Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске 75 жыл, Конституциямызға 25 жыл және Қазақстан халқы ассамблеясына 25 жыл және еліміз үшін маңызды шаралардың елордадан бастау алатынын білесіздер. Сондықтан біз әрбір іске жауапкершілікпен қарауымыз керек. әл-Фараби мен ұлы Абайдың мерейтойы қағаз жүзіндегі шаралармен өтпеуге тиіс, — деді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Отырысқа Абай мен әл Фараби әлемін зерттеп жүрген зиялы қауым өкілдері қатысты.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту бойынша тиісті жоспар бекітілді. Арнайы тапсырма бар. Оның ішінде қалалық деңгейде өтетін іс-шаралардың тұжырымдамасы жасалып, бекітілді. Бас қалада мерейтойға орай нақты істер қолға алынып жатыр, соның бірі — «Абай әлемі» орталығы, астанада бас ақынға арналған орталық болуға тиіс. Орталықтан қала тұрғындары мен қонақтары экспонаттарды ғана тамашалап қоймай, рухани азық алатындай болуы қажет. Абай — жан-жақты тұлға, сондықтан ол орталыққа біз ақын-жазушылармен қатар суретшілерді, тарихшыларды, музыканттарды да тартуымыз керек, — деді қала әкімінің орынбасары.

Бақтияр Мәкеннің айтуынша, Нұр-Сұлтандағы бірнеше ескерткішті жаңарту керек.

Елордада «Отан Ана» монументі ескіріп қалды. Сондықтан күрделі жөндеу үшін арнайы қаражат бөлдік. Оны 9 мамырға дейін бітіруіміз керек. Жалпы, қалада барлық ескерткішті жөндеуден өткіземіз. Абай көшесіндегі Абай ескерткішінен бастап барлығын қайтадан жаңартып, абаттандырамыз, — деді Бақтияр Мәкен.

Осы жылдың 9 қаңтарында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуді тапсырған еді. Бүгінде Нұр-Сұлтанда Абайдың атындағы даңғыл бар, онда ұлы ойшылдың ескерткіші орнатылған. Былтыр даңғылдың бойында Қаламгерлер аллеясы ашылды. Сонымен бірге № 87 мектеп-гимназияға Абай есімі берілді, мектепте Абайтану орталығы жұмыс істеп жатыр. Биыл Нұр-Сұлтанда «Абай әлемі» ғимараты да ашылады.