Арай Жеңіс Куала-Лумпурдағы Стратфорд халықаралық тіл орталығында ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Оқуға 5 күн қалғанда Алматыдан Куала-Лумпурға студенттік тарифпен 160 мың теңгеге ұшаққа билет сатып алған. Қазір ол Малайзияда айына 300 долларға бір бөлмелі пәтер (оның ішіне интернет, коммуналдық төлемдер, фитнес, бассейн, үй тазалаушы, қоқыс шығару қызметі кіреді) жалдап тұрады. Ал тіл курсына айына 400 доллар төлейді. Күнделікті тамағына, жолына және киім-кешегіне шамамен 200-250 доллар жұмсайды екен.
Бакалавриатта оқығанда ағылшын тілінен қиналдым. Алматыда бірнеше тіл курсына қатыстым. Бірақ, өкінішке қарай, қанша тырыссам да, үлкен нәтижеге жетпедім. Сосын ағылшын тілін жетік меңгеру үшін халқы сол тілде сөйлейтін елге баруым керек деп ойладым. Сөйтіп тіл үйрену үшін Малайзияны таңдадым. Олай етуімнің екі себебі бар. Бірінші себеп — Малайзияда өмір сүру де, білім алу да Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Екінші себеп — малай халқының екінші тілі — ағылшын тілі, — дейді Арай.
Арай Стратфорд халықаралық тіл орталығы туралы әлеуметтік желіден білген. Бұл елдегі тіл курсының ұзақтығы — 5-6 ай. Онда бару үшін Нұр-Сұлтандағы Малайзия елшілігіне қажет құжаттарды тапсырып, 6 айға виза рәсімдейді. Бірақ Арайға виза алу оңай болмаған.
Студент визасын алу үшін орта немесе жоғары біліміңіз бар екенін растайтын құжат, төлқұжат және баратын еліңіздің тіл орталығынан шақырту керек. Бірақ Малайзияға виза алу шетел студентіне, неге екенін білмеймін, қиын екен. Студент визасын алуға 2 ай уақытым мен 600 доллар ақшам кетті, — дейді Арай Жеңіс.
Арай Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша бакалавриатта оқып жүргенде арнайы бағдарламамен Оңтүстік Кореяда «Жаһандық және Азия медиа жаңалықтары» мамандығы бойынша 6 ай білім алған. Оның айтуынша, шетелде білім алудың берері көп. Басқасын айтпағанда, еліміздегі білім сапасын басқа елдердегі ахуалмен салыстыруға мүмкіндік аласың.
Кореядағы ұстаздар мен студенттер өте мейірімді. Шетелдік студент екеніңді білсе, барынша қолдау көрсетеді. Бұл елде оқып жүріп «шпаргалка» қолданбауды және біреуден көшірмеуді үйрендім. Меніңше, бұл мәселе — біздің еліміздің оқушылары мен студенттері арасындағы ең өзекті проблема. Ал ол жақтың студенттері үшін бұл — оғаш дүние. Олардың ойынша, «шпаргалка» қолдану — оқытушыны емес, өз-өзіңді алдау. Ал Малайзиядағы ұстаздар өте талапшыл. Күніне 7 сағат оқимыз. Сабаққа 5 минут кешіксең, кіргізбейді. Дәріс кезінде телефонды жинап алады. Рұқсатсыз суретке түсіруге болмайды. Бұл елдің білім беруіндегі маған ұнаған тұсы — теориядан гөрі практикаға көбірек мән береді. Ұстаз бен студент арасында достық қарым-қатынастың басым болғаны мені таңғалдырды. Тіпті, маған бір оқытушы өзін есімімен атай беруіме рұқсат етті. Олардың түсінігінше, студент қатал мұғалімнен емес, досынан үйреніп жатқандай болуы керек, — дейді кейіпкеріміз.
Арайдың айтуынша, Малайзияда студенттер үшін білім мен спорт — өмірдегі ең маңызды нәрсе. Таңертең бассейнге түсу, жүгіру — олар үшін қалыпты жағдай. Малайзия студенттері адам білім алуы үшін әуелі оның энергиясы болуы қажет деп есептейді.
Арайдың айтуынша, Малайзияда Қазақстан азаматтары бакалавриат, магистратура және докторантурамен қатар ағылшын тілі бойынша дайындық курсында академиялық бағдарламалар арқылы да оқып жатыр. Соның арқасында ол жақтың халқы Қазақстан туралы жақсы біледі.
Шетел студенттерінің біздің елімізді білетіні мені ерекше қуантты. Оларға қазақстандық екеніңді айтсаң, бірден «Сен мұсылмансың ба?» деп сұрайды. Мен оларға біздің елдің зайырлы мемлекет екенін, сол себепті басқа да дін өкілдері тұратынын айтамын. Өкінішке қарай, бізді әлі күнге дейін Кеңес Одағының құрамындағы ел деп қана танып жататындар бар, — деді ол.
Арай тіл курсын бітірген соң сол елде магистратураға түспекші. Оның айтуынша, Малайзияда бакалавр гранты тек жергілікті студенттерге беріледі, шетелдіктер ақылы оқиды. Шетелдіктер магистратура мен докторантура грантына ғана өтініш бере алады.