Алматыда жасыл желекті күтудің жаңа ережесі бекітіледі

Алматы әкімдігі жасыл желекті күту мен қорғаудың жаңа ережесін бекіткелі отыр. Ереже мегаполистің жасыл қорын дамыту жөніндегі жұмыс тиімділігін арттырады, оған жасыл желекті жасарту, санитария мақсатында кесу жөніндегі технологиялық нұсқаулар және ағашты заңсыз кескендер мен жасыл желекке залал келтіргендерді жауапкершілікке тарту мен қаланың жасыл қорын қорғау нормалары енген. Жаңа ережені жасау үшін жұмыс тобы құрылды, оның құрамында сарапшылар қоғамдастығы, жұртшылық және ғылым өкілдері бар. Қазір жобаның 90%-і дайын.

Ержан Сейтеновтің айтуынша, бұрын ағашты заңсыз кесу кезінде жасыл қорға келтірілген залалды есептеу әдістемесі болмады, жасарту, ағаштың ұшар басын тәртіпке келтіруге, жасыл желекті санитария мақсатында кесуге рұқсат алудың талап етілмеуі бұл жұмыспен тәжірибесі жоқ адамдардың айналысуына себеп болды, соның кесірінен қаланың жасыл желегінің жай-күйінің нашарлады.

Енді жаңа ереже жобасына мынадай тың нормалар еніп отыр:

  1. Ағашты санитария мақсатында кесу үшін Алматы әкімдігінің келісімін алу;
  2. Ағаш санитария мақсатында немесе басқа да себеппен Алматы әкімдігінің келісімімен кесуге мәжбүрлік болғанда орнына, магистраль көшелер бойында болса, діңі 20-25 сантиметр болатын, басқа аймақта болса, діңі 14-16 сантиметр болатын жапырақты ағаш немесе аталған жерлерге биіктігі жентегімен 2,5 метрден кем емес қылқанжапырақты ағаш (сапасы І және ІІ класс болатын) егу;
  3. Жасалған әдістеме бойынша жасыл желекке келтірілген залалдың нақты құнын анықтау;
  4. Құлағалы тұрған ағаш кесілген жағдайда бір талдың орнына бір тал, құрылыс не басқа да себеппен ағаш кесуге мәжбүр болған жағдайда бір тал орнына 10 тал, ағашты заңсыз кескен жағдайда бір тал орнына 100 тал егу;
  5. Жасыл желектің кепілдік берілген мерзімі — 3 жыл;
  6. Жасыл желегі бар аумақтарды күту жөніндегі бағдарламаның әкімшілері жалпы пайдаланылатын жерлерде ерте көктемде, көктем-жаз, жаз, көктем-күз мезгілдерінде төрттен кем емес рет жасыл желекті сауықтыру мен зиянкестерден және аурулардан қорғау шарасын жүргізуі керек.

Ереже жобасымен қаланың жасыл экономика басқармасының ресми сайтынан танысуға болады. Жоба туралы кез келген адам ұсынысын жолдай алады.

Жұртшылықпен, «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен және басқа да мүдделі органдармен, ұйымдармен келісілген соң жасыл желекті күту мен қорғау жөніндегі жаңа ережені бекіту үшін Алматы мәслихатына ұсынылады, — деді Ержан Сейтенов.

Еске сала кетейік, ҚР «Алматының ерекше мәртебесі туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанда қол қойған еді. 28 өзгерісті енгізу Алматы әкімдігінің бастамасы болды, олар 2020 жылдың 10 қаңтарында күшіне енді. Өзгерістер негізінен жасыл экономиканы дамытуға қатысты.