Отау құрғанымызға 15 жыл болды. Төрт баламыз бар. Алғашқы жылдары күйеуім Алматыдағы нан зауытында жұмыс істеп жүрді. Бір себептерге байланысты ол жақтан шығып кетті. Содан бері жұмыссыз. Өзім дәулетті адамдардың үйін жинап, сол үйдің тірлігін істеп ақша тауып жүрмін. Алатын ақшам тұрақты емес. Қазір Алматының сырт жағында тұрамыз. Күнделікті ішіп-жейтін тамағымыз, балалардың киімі, жолға ақша қажет. Күйеуімнің жұмысы — балаларды сабаққа апарып, үйге су тасу. Күйеуіме қалай жұмыс істетуіме болады? Құрбыларымның күйеуіне қызығамын. Екі қолға бір күрек табылады ғой. Оның ақша таппайтынына ашуым келеді. Қанша айтсам да, ақша таппайды, — деп жазған оқырман.
Бұл жазбаға қатысты психолог Серікгүл Сәли жауап берді. Оның айтуынша, санасы бала қалпында қалып қойған адам жауапсыз болады. Кішкентай баланың алға қойған нақты жоспары жоқ. Ол жауапкершілікті сезінбейді.
Адамның дене бітімі мен жасы өссе де, оның психикасы өспей қалады. Бала психикасында қалып қойған адам жауапкершілікті сезіне алмайды, яғни ол — үлкен адамның денесіндегі бала, — дейді Серікгүл Сәли.
Психологтың айтуынша, ер адамның жұмыс істемей, басқаларға масыл болуына кінәлі — әйелі. Ол күйеуі атқаратын міндетті өз мойнына алып, әр іске жағаласа бергеннен осындай жағдай қалыптасып отыр. Бар жауапкершілікті өзіне жүктеген әйелге сеніп алған еркек жалқау болады. Уақыт өте дайын нәрсеге еті үйреніп, әйелінің сөзіне мән бермейді.
Күйеуінің табыс тапқанын қалайтын әйелден талап етілетін инстинкт — сену. Ол жарым отбасын асырай алады, ақша таба алады деп сене білуі керек. Оған үнемі жылы сөз айтып, қолдау көрсетуі қажет, — дейді маман.
Психологтың айтуынша, мұны әйел психологиясындағы кінәрат деп қарастыруға болады. Себебі ер адамның функциясы әйелге қарағанда өте қарапайым, ол әйелдің тірлігіне араласпайды, ашуға тез берілмейді, өзін дәлелдеу үшін дауласпайды. Ал әйелдің функциясы керісінше.
Бала кішкентай кезінен бастап ата-анасынан қолдау естіп өседі. Ер балалар үйленгеннен кейін ондай қолдауды әйелінен күтеді.
Ер мен әйелдің жаратылысын білмейтін қазіргі әйелдер мұны түсінбейді. Күйеуінің алдын орап, ақшаны өзі білек сыбана табуды көздейді. Ақша табуды ойлағанша күйеуіне сенім артса, ол тырысар еді, еңбек етіп, ақша табар еді, — дейді Серікгүл Сәли.
Психолог күйеуінің ақша тауып, жетістікке жеткенін армандандайтын әйелдерге бірнеше кеңес ұсынды. Ең әуелі ұсынатын кеңесі — ерімен қарым-қатынасты жақсарту. Одан кейін:
- Күйеуінің тапқан табысына қанағат қылу;
- Оған шынайы сену;
- Үнемі қолдау көрсету.
Бұл кеңестен ер азамат миллионер болады демеймін, бірақ балаларыңыздың қарны тоқ, киімі бүтін болатыны сөзсіз, — дейді Серікгүл Сәли.
Үйленерде болашақ жарына отбасын асырауда жауапкершілікті мойнына алуға уәде ететін ерлердің бірқатары жылдар өте тұрмыс міндеттерін неге әйел адамға ысырып қояды? Заңды некеге тұратын кезде ерлі-зайыптыларға қандай құқықтар мен міндеттер туралы айтылады? Мұны Алматыдағы Бостандық ауданы азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің маманынан сұрадық.
АХАТ бөлімінің мамандары некеге тұруға ниет білдірген азаматтарға өзіне үлкен жауапкершілік артылғаны туралы айтады. Ер адам — отағасы, отбасының асыраушысы, әйелі мен балалары үшін жауапты. Әйел үйдің берекесі, отбасының ұйытқысы, ана әрі адал жар екені түсіндіріледі, — дейді маман Мұхамбет Баймұрзаев.
Оқырманымыз айтқан мәселеге қатысты заңгер Ермек Тілеукеев те пікір білдірді. Оның айтуынша, ерлердің отбасын асырау міндетін дұрыс атқармауына өзіне лайық жұмыс таба алмауы, яғни жұмыссыздық мәселесі себеп. Ал қолданыстағы заңнама жұмыс істемейтін ер адамдарға шара қолдануды қарастырмайды.
Қоғам матриархат формасына қарай ауысып жатыр десем, артық айтқаным емес. Ер адам оған көнбейді. Көнбеген еркек пен әйел арасында жиі кикілжің болады, тіпті ерлер әйелге қол көтереді. Бұл жағдай ажырасуға себеп болады, — дейді маман.
Finprom.kz сайтының мәліметінше, 2019 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыз азаматтардың саны 442 100 болған. Оның 44,3%-і немесе 195,9 мыңы — ер адам. Жұмыссыз азаматтардың 55,7%-і немесе 246,2 мыңы — әйел адам.