Мамандардың мәліметінше, Жаңа жылдан бастап Еуропаның солтүстігі мен Батыс Сібірдің үстінде өте белсенді кең фронтал аймақ қалыптасты, сол арқылы Атлантика аудандарынан Арктика жағалауы бойынша жылу мен ылғалдың мол қоры бар терең циклон бірінің артынан бірі келіп, Қазақстанға Арктика суығының енуіне кедергі болады. Сондықтан алдағы тәуліктерде еліміздегі ауа райына ықпал ететін синоптика процестері айтарлықтай өзгермейді. Крещение кезінде де жылдағыдай қатты аяз болмайды.
Атмосфера фронттарының ықпалынан еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде 19-20 қаңтар күндері аздаған қар жауып, боран соғады, батыстан және солтүстік-батыстан екпінді жел соғады, түнде 10-18, күндіз 5-10 градус аяз болады. Республиканың қалған аумағында жауын-шашын түспейді, түнде және таңертең тұман түседі, түнде 2-10 градус аяз, күндіз температура 4 градус аяз — 2 градус жылы аралығында болады, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнде 8-15 градус аяз, күндізгі температура 5 градус аяз бен 2 градус жылы аралығында болады, орталықта түнде 8-15 градус аяз, күндіз 5-10 градус аяз болады, — деп хабарлады «Қазгидрометтің» баспасөз қызметі.
Синоптиктердің хабарлауынша, 19-20 қаңтар күндеріндегі ауа температурасы орташа көпжылдық шамадан 3-5 градусқа жоғары, оңтүстікте ол шамаға жақын болады. Бұл күндері Нұр-Сұлтанда жауын-шашын болмайды, 19 қаңтарда түнде 7-12 градус, күндіз 3-8 градус аяз, 20 қаңтарда түнде 13-18, күндіз 7-12 градус аяз болады.