Бұл индекс табысқа жетудің экономикалық шарасының баламасы ретінде қарастырылып, әлеуметтік дамудың түрлі аспектісін өлшеуге және азаматтардың әл-ауқатын жақсартудың негізгі көрсеткіштерін анықтау мен ынталандыруға негіз бола алады.

2019 жылы әлеуметтік прогресс индексі бойынша рейтингіде 90,95 балл көрсеткішпен Норвегия көш бастады. Үздік үштікке онымен бірге Дания (90,09 балл) мен Швейцария да (89,89 балл) кірді.

Алғашқы ондыққа Финляндия, Швеция, Исландия, Жаңа Зеландия, Германия, Канада және Жапония да орналасып отыр. Рейтингіде барлығы 149 мемлекет бар, Қазақстан 68,2 балл көрсеткішпен олардың арасында 69-орында. Еуразия экономикалық одағы елдері арасында Қазақстанның көрсеткіші тек Қырғызстаннан жоғары. Қырғызстан 81-орында, Беларусь 48-орында, Армения 59-орында, Ресей 62-орынды иеленді.

Әлеуметтік прогресс рейтингі

Мемлекеттердің әлеуметтік прогресс саласындағы жетістігі 50-ден астам көрсеткіш бойынша есептеледі. Бұл көрсеткіштер үш негізгі топқа жіктелген, олар:

  • адамның негізгі қажеттіліктері — тамақтануы, негізгі медициналық көмекті пайдалана алуы, баспанамен, ауызсумен, электр жарығымен, санитария қызметімен қамтылуы және жеке басының қауіпсіздігі;
  • адамның әл-ауқатының негізгі көрсеткіштері — базалық білім ала алуы, халық сауатының жоғары деңгейі, ақпарат пен байланыс құралдарын пайдалана алуы, денсаулық сақтау саласының деңгейі, қоршаған орта сапасы;
  • адам дамуының мүмкіндіктері — жеке және азаматтық еркіндігі, адамның шешім шығаруға және өз потенциалын іске асыруға құқығы мен мүмкіндігінің болуы.

«Адамның негізгі қажеттіліктері» санаты бойынша Қазақстан 57-орын алды (85,39 балл), екінші санат бойынша 68-орын (70,36 балл), үшінші санат — «адамның даму мүмкіндіктері» бойынша еліміз 87-орын алған.

Рейтинг мәліметі бойынша Қазақстанның әлеуметтік саладағы артықшылығы — халықтың тамақтануы, медициналық көмек пен базалық білім ала алуы, ауызсу мен санитария қызметтеріне, баспанаға, ақпарат пен коммуникацияға қол жеткізе алуы. Ал инклюзия, яғни мүгедектігі бар азаматтарға қоғамның басқа да мүшелерімен тең мүмкіндік беру, жоғары білімнің қолжетімділігі, қоршаған орта сапасы, жеке құқық, денсаулық пен әл-ауқат сияқты компоненттер ең төменгі көрсеткіштерге ие болған.

Әлеуметтік прогресс рейтингі