«РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, Иран Қарулы Күштері Бас штабы елдің IRIB мемлекеттік телеарнасынан осындай мәлімдеме жасады.

Бұл ұшақ адам қатесінің салдарынан және абайсызда атып түсірілді, — делінген мәлімдемеде.

Иран Қарулы Күштері Бас штабының мәліметінше, жолаушылар ұшағы маңызды әскери нысанның үстінен ұшқан. Мәлімдемеде оқиға Ирактағы американ базаларына зымыран тасталғаннан кейін АҚШ жауап соққы беруі мүмкін деп, әскери дайындықты күшейткен жағдайда болғаны айтылады.

Көңілсіз күн. Қарулы Күштердің ішкі тергеуінің алдын ала нәтижесі: АҚШ авантюризмінің себебінен болған дағдарыс кезіндегі адам қатесі әуе апатына соқтырды. Біз халқымыздан, апаттың барлық құрбанының отбасынан және зардап шеккен барлық елден кешірім сұрап, көңіл айтамыз, — деп жазды Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф Twitter-де.

Иран Президенті Хасан Рухани бұл оқиғаның «кешірілмес қате» екенін мәлімдеді.

Қарулы Күштердің ішкі тергеуі, өкінішке қарай, «адамның қатесінен тасталған зымырандар украин ұшағының жантүршігерлік апатқа ұшырауына және 176 бейкүнә адамның қаза табуына себеп болды» деген қорытындыға келді. Тергеу бұл ұлы трагедия мен кешірілмес қатенің мән-жайын анықтауды жалғастыра береді. Иран Ислам Республикасы апатқа себеп болған абайсыздық үшін терең өкінеді. Менің бар тілек-дұғам қара жамылып отырған отбасыларға арналады. Қайғырып көңіл айтамын, — деп жазды Хасан Рухани Twitter-де.

Украина Президенті Владимир Зеленский Ираннан қайғылы жағдайды толық әрі ашық тергеуді және марқұм болғандар үшін өтемақы төлеуді талап етті.

Таң бүгін қайырлы болған жоқ, бірақ ақиқатқа жеткізді. Халықаралық комиссияның жұмысы аяқталғанға дейін Иран кінәсін мойындады. Бірақ біз кінәнің себебін әлі білмейміз. Ираннан оқиғаны толық әрі ашық тергеуге дайындықты, кінәлілерді жауапқа тартуды, қаза болғандардың сүйегін елге жеткізуді және олар үшін өтемақы төлеуді сұраймыз. Тергеу әдейі созғылаусыз, кедергісіз жүреді деп үміттенемін. Біздің 45 маманымыз ақиқатқа қол жеткізу үшін іске еркін араласа алуы керек, — деп жазды Владимир Зеленский Facebook желісінде.

Украина халықаралық әуе желілеріне қарасты Boeing 737-800 ұшағы 8 қаңтарға қараған түні Тегераннан ұшып шыққаннан кейін апатқа ұшырады. Киевті бетке алған лайнерде 167 жолаушы мен экипаждың тоғыз мүшесі болған. Борт түгел опат болды. Қаза тапқандардың арасында Иран, Украина, Канада, Германия, Швеция, Ауғанстан азаматтары бар.

Иран Азаматтық авиация ұйымы ұшақ апатын тергеудің алғашқы нәтижесін жария етті. Ұйымның алдын ала есебінде жолаушылар ұшағы жерге түспей жатып-ақ жанып кеткені айтылады. «Ұшақтың құлауына двигательдің істен шығуы себеп» деген жорамал жасалды.

Канада Премьер-министрі Джастин Трюдо және басқа да ірі саясаткерлер «Иран Украина халықаралық әуе желілерінің Boeing 737-800 ұшағын зымыранмен кездейсоқ атып алғанын дәлелдейтін барлау мәліметі бар» деп мәлімдеді. Сол кезде Иран Азаматтық авиация ұйымының басшысы Әли Абедзаде жолаушылар ұшағына зымыран тиюі мүмкін екенін жоққа шығарған еді.

3 қаңтарда АҚШ Әскери-әуе күштері Бағдатта Иран революциясы сақшылары корпусы әскери-саяси құрылымының әл-Кудс арнайы бөлімшесін басқаратын генерал Касем Сулейманиді әуе соққысымен өлтірді. Бұл жайт аймақтағы ахуалдың шиеленісуіне себеп болды. Иран революциясы сақшылары корпусы АҚШ-қа жауап ретінде арнайы операция бастайтынын мәлімдеді. 8 қаңтарға қараған түні Иран АҚШ-тың Ирактағы екі әскери базасына зымыран тастады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!