Ұлттық орталықтың жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің маманы Нұрбала Бақтиярқызының айтуынша, пневмония — өкпе тіндерінің қабынуы, ол негізінен альвеоланы (жақ сүйегінің тіс еніп тұратын қуысы) зақымдайды. Аурудың басты себептерінің бірі — пневмококк инфекциясы, оның қоздырғышы — пневмококк бактериясы. Аурудың алғашқы белгілері: дене қызуының жоғарылауы, кеуде тұсының ауыруы, қақырықты жөтел.

Диагностиканың негізгі әдісі — флюорография, өкпенің рентгенографиясында қара жарықтар және қақырық дақтары болуы мүмкін, — дейді Нұрбала Бақтиярқызы.

Маманның айтуынша, пневмониядан сақтану үшін:

— бөлмені үнемі желдетіп отыру және таза ұстау;

— қозғалыс режимін сақтау: таза ауада серуендеп, қалыпты дене жаттығуларын жасау;

— жалпы нығайтатын іс-шараларды жүргізу: профилактикалық массаж, шынығу, су процедуралары;

— салауатты өмір салтын ұстану: зияны бар әдеттерден бас тарту, толыққанды демалыс пен қалыпты дене жаттығуларын ауыстырып отыру;

— суықтан сақтану;

— тынысалу органдарының созылмалы ауруларын емдеу курсынан уақытында өту қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, мына шаралар пневмониядан болатын өлім-жітімді азайтуда оң нәтиже береді:

  • вакцинациялау, соның ішінде Steptoccuspneumoniae және Haemophilusinfluenzae типті инфекцияға қарсы вакциналарды пайдалану;
  • дүниеге келген сәбиге алғашқы 6 айында тек емшек сүтін емізу;
  • сәбидің дене салмағының азаюына жол бермеу және жақсы тамақтандыру;
  • бөлмелерде ауаның ластануына жол бермеу және салауатты ортаны қамтамасыз ету;
  • АИТВ инфекциясынан сақтану.

Нұрбала Бақтиярқызының айтуынша, пневмония — дүниежүзінде балалар арасындағы өлім-жітімнің басты себебі.

Қазақстанда вакцинацияның бірегей күнтізбесі бар, онда кең таралған ауруларға қарсы барлық белгілі вакцина бар. Соның ішінде ең озық 13 валентті пневмококк инфекциясына қарсы вакцина бар, ол анағұрлым патогенді 13 серотипті, яғни пневмококк түрін қамтиды. Әр елдің өзінің бекітілген профилактикалық егу күнтізбесі болады. Еліміздің өмір сүру деңгейі жоғары болған сайын егу жүргізілетін жұқпалы аурулар тізімі кеңірек болады, — дейді маман.

Қазақстанда профилактикалық екпе салудың ұлттық күнтізбесі ДДҰ ұсыныстарына сай келеді және Австрия, Израиль, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Жапония елдеріндегі иммундау кестесімен бірдей.

Иммунитетті нығайту, вакцинация, жедел респираторлық вирустық инфекцияның алғашқы белгілері кезінде дәрігерге уақытылы қаралу және ағзаны қорғаудың қосымша шаралары жөнінде емдеуші дәрігерден кеңес алу қажет. Азаматтардың денсаулығы 10% жағдайда ғана денсаулық сақтау жүйесіне, ал 50% жағдайда адамдардың өз денсаулығына деген қамқорлығына байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан денсаулығыңызды күтіп, сақтаңыз, өзіңізге қамқор болыңыз. Пневмониямен және де кез келген аурумен күресудің ең тиімді әдісі — алдын алу шаралары екенін ұмытпаңыз, — дейді Нұрбала Бақтиярқызы.

Пневмония

 

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!