Басты бетҚоғамҚазақстанның әуе...

Қазақстанның әуе компаниялары Иран аумағын айналып ұшады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның әуе компанияларына Иранның әуе кеңістігі арқылы ұшудан бас тартуды ұсынды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан әуе компаниялары қазіргі жағдайға байланысты тиісті елдердің навигация қызметтерімен келісіп, Иран әуе кеңістігі арқылы ұшу үшін рейстерді балама әуе жолдары бойынша орындауға кірісті.

Қазақстанның екі әуе компаниясы — Air Astana мен SCAT Иран әуе кеңістігі арқылы тұрақты рейстерді орындайтын. Air Astana әуе компаниясы Нұр-Сұлтаннан Дубайға (аптасына 5 рет) және Алматыдан Дубайға (аптасына 10 рет) Иран әуе кеңістігі арқылы ұшады. Ал SCAT әуе компаниясы Алматыдан Мединаға және Жиддəға Иранның әуе кеңістігі арқылы (аптасына бір рет) екі тұрақты рейсті және Алматыдан Шарм эш-Шейхке және Шымкенттен Шарм эш-Шейхке тұрақты емес рейстерді орындайды.

Сонымен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінің әуе компаниялары: Fly Dubai (Дубай — Нұр-Cұлтан, аптасына 5 рейс, Дубай — Алматы, аптасына 7 рейс), Etihad (Абу-Даби — Нұр-Сұлтан, аптасына 2 рейс) және Air Arabia (Шарджа — Алматы, аптасына 5 рейс) Иранның әуе кеңістігі арқылы Қазақстанға тұрақты рейс (барлығы аптасына 19 рейс) жасайды. Иранның Mahan Air әуе компаниясы Тегеран — Алматы бағыты бойынша жолаушы тасымалдайды.

Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі тасымалдаушы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Дубайға рейстерді Ирак пен Иранның әуе кеңістігін айналып орындау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Енді Алматыдан Дубайға ұшу уақыты 20 минутқа, Дубайдан Алматыға ұшу уақыты 10 минутқа, Нұр-Сұлтаннан Дубайға ұшу 55 минутқа, Дубайдан Нұр-Сұлтанға ұшу 35 минутқа ұзарады.

Air Astana жағдайды мұқият қадағалап отырады және қандай да бір өзгеріс болған жағдайда жұртшылықты хабардар етеді. Жолаушылардан рейстер кестесін Airastana.com сайтынан немесе Броньдау және ақпарат орталығының 244 4477 (Алматыдан), 58 4477 (Қазақстанның басқа қалаларынан) және +7 702 702 4477 нөмірі арқылы тексеруді сұраймыз, — деп хабарлады Air Astana баспасөз қызметі.

SCAT әуе компаниясы да Парсы шығанағы аймағындағы жағдай тұрақтанғанға дейін  Сауд Арабиясы мен Шарм эш-Шейх бағыттарын өзгерту туралы шешім қабылдады.

Өзгерістерге байланысты Шарм эш-Шейх бағыты бойынша ұшу уақыты 1 сағатқа, Сауд Арабиясына 1,5 сағатқа дейін ұзарады. Біз оқиғаның дамуын мұқият қадағалаймыз және өзгеріс болған жағдайда қосымша хабар береміз. Барлық сұрақ бойынша клиенттерді қолдау орталығынан біздің операторларға +7 (7252) 99 88 80 нөмірі бойынша қоңырау шалыңыз, — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қазір Парсы шығанағы аймағында әскери-саяси ахуал ушығып тұр. АҚШ Иракта Иран революциясы сақшылары корпусы құрылымына соққы бергеннен кейін Иран Ирактағы АҚШ әскери базаларына зымыран тастады. Сонымен бірге 8 қаңтарда Иранда Украинаның халықаралық әуе компаниясына тиесілі Boeing 737 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ақпарат құралдарының соңғы мәліметінше, ұшақта 168 жолаушы мен экипаждың 9 мүшесі болған. Борттағы адамдардың бәрі қаза болды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі апатқа ұшырағандар арасында еліміздің азаматтары жоқ екенін мәлімдеді.