Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына себеп болуы мүмкін үш жағдайды атады. Бұл туралы Zakon.kz тілшісі Үкімет отырысының кулуарынан хабарлады.
Қазір ІІМ тергеу тобы Алматы маңында болған әуе апатын тергеп жатыр. Апат себебінің үш нұсқасы қарастырылып отыр. Біріншісі — экипаждың қатесі. Екіншісі — борттың өзінің техникалық жарамсыздығы. Үшіншісі — навигация қызметтерінің жұмысы, — деді Ерлан Тұрғымбаев.
Министрдің айтуынша, қазір мамандар оқиға орнын тексеріп, әуе лайнерін жөндеп жатыр, ұшақ әуежай аумағына жеткізіліп, детальдар бойынша тексеріледі.
Абырой болғанда сол жақтағы отын багына зақым келгенімен ұшақ отқа оранбады, отынның жартысы ұшақтың астына төгілген, — деді министр.
Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, төгілген отыннан от шықпағанына ауа райы мен жердегі дымқыл, яғни қар себеп болды.
Халықаралық сарапшылар тартылып, қара жәшік алынды, Нидерландыдан ұшақты жасаған зауыт өкілдері келді. Техникалық жағынан ұшақ өте күрделі екенін түсініңіздер, сондықтан аз уақыт ішінде апатты тергеу нәтижесін күту және апат себебі туралы айту мүмкін емес. Техникалық сараптамалар кешені белгіленеді, олардың нәтижесі бойынша әуе көлігінде не болғанына баға беріледі. Қылмыстық іс бабы бұрынғысынша 344-ші, 3-бөлік («Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу») қала береді, — деді Ерлан Тұрғымбаев.
Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Fokker 100 ұшағы 27 желтоқсан күні таңертең Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырады. Бортта 98 адам болған. Ұшақ әуеге көтеріліп жатып бетон қоршауды қағып өтіп, тұрғын үй секторындағы екі қабатты құрылысқа соғылды. 12 адам қаза тапты, қазір 46 адам ауруханада жатыр. Ұшақтың бортжазбасы Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне жіберілді. Әуе компаниясының қызметіне және Fokker 100 ұшақтарын қолдануға уақытша тыйым салынды.