Қуаныш Біләлұлы жұмыс істейтін шеберханадан домбыра жасау процесінің түрлі кезеңін көруге болады: бірінің шанағы жартылай ғана әзір, бірінің мойны кесіліп жатыр. Музыкалық аспап 40 түрлі процестен өтіп барып, кемі 3 күнде дайын болады.

Домбыра жасау ағаш таңдаудан басталады. Шебердің айтуынша, ағаш атаулы дыбыс өткізгіш және дыбыс ұстап тұрғыш болып екіге бөлінеді.

Шырша, қарағай сияқты қылқанжапырақты ағаш дыбысты жақсы өткізеді. Сол себепті одан домбыраның бетін жасайды. Шанағына қайың, палисандр сияқты тығыз ағаш кетеді. Аспаптың ноталары мойнына жазылады. Ол бөлік жіңішке болғандықтан иіліп, суықта қисайып кетуі мүмкін. Мойын иілсе, домбыраның дыбысына әсер етеді. Сондықтан бұған құрамы тығыз әрі дыбысты ұстап тұратын балқарағай мен шамшат ағашы қажет, — дейді Қуаныш Біләлұлы.

Шебер қажет ағашты таңдап алған соң домбыраны жасауға кірісті. Әуелі аспаптың шанағы жасалады. Шанақ дегеніміз — домбыраның қырлы корпусы. Оның тарамдарының санына қарай аспап жеті, тоғыз, 10 және 11 шанақты болуы мүмкін. Тоғыз шанақты домбыра жұмырланып, әдемі көрінеді. Қазақстанда аспап жасауға қажет ағаштың көп түрі өспейді, шеберлер оларды Ресейден, Қытайдан алғызады. Қытайдан Африкада өсетін ағаш та келеді. Өйткені домбыраның шанағын жасауға басқа ағаш жарамайды.

Халқымыз домбыраны бұрын бір ағаштан бүтіндей шауып жасайтын болған. Ол үшін ағашты әбден кептіреді. Бір ағаштан шауып жасалған домбыраны бүгінде көбіне дәстүрлі әншілер ғана сатып алады. Ал қазір кең қолданылып жүрген домбыралар композитор Ахмет Жұбановтың технологиясы бойынша әртүрлі ағаштан құрастырып жасалады.

Домбыра қалай жасалады
Домбыраның қалыптары. Фото: Айгүл Хожантаева

Домбыраның бойы мойнының ұзындығымен өлшенеді. Балаларға арналған аспап 38 сантиметрден басталады. Стандарт домбыраның мойны — 48 сантиметр. Шебер де бүгінгі жұмысы үшін осы қалыпты таңдап алды.

Домбыра қалай жасалады
Шанақ арнайы пешке иіледі. Фото: Айгүл Хожантаева

Домбыраны қалыбына салып отырып, шанағынан бастап жасайды. Шанақтың қалыңдығы — 3 миллиметр, ұзындығы — 50 сантиметр. Станокпен кесіп алған соң оны арнайы пешке салып, 30 минут-1 сағатта иіп шығамыз, — деп шебер ағашты июге кірісті.

Қуаныш атауызға домбыраның қалыбын қысып қойып, иілген шанақтарды желімдеуге көшті. Домбыраның арты жұмыр болып шығуы үшін иілген ағаштарды да өлшеп кесу керек. Содан кейін бір-біріне желімдеп, желім жақсы жабысуы үшін оны жіппен байлап, 2 сағаттай күтеді.

Кезек мойынға келді. Домбыраның мойны үш бөліктен құралады. Шебер екі балқарағайдың ортасына құрамы тығыз шамшат ағашын желімдеп салды. Мойынды тек бір ағаштан жасаса, әбден кепкен кезде майысып, тіпті сынып кетуі мүмкін.

«Ағаш кессең, ұзын кес, қысқартуың оңай» дейді қазақ. 48 сантиметр болатын стандарт домбыраның мойнын 63 сантиметр етіп артығымен ала береміз. Жапсырып қойған үш ағаштан екі домбыраның мойнын жасауға болады. Станокпен қате кесіп қойған кезіміз де бар. Бірақ кесілген ағаш босқа қалмайды. Балалардың домбырасына немесе ағаштан басқа зат жасауға пайдаланамыз, — дейді шебер.

Аспаптың мойын бөлігінің корпусқа кіргізетін тұсының ұзындығы 3 сантиметр болуы керек. Қалған бөлігінен 48 сантиметр өлшеніп, артығы кесіледі. Қуаныш станокпен мойынды кесіп алған соң бетін сүргімен тегістеді. Домбыраның негізгі формасы дайын деуге болады.

Әлгінде жақсы жабыссын деп байлап қойған жіпті шешіп алған соң ағаш шебері шанаққа ішкі жиек жапсыруға кірісті. Ол домбыраның бетін, яғни бетқақпақты ұстап тұру үшін керек. Ішкі жиекті иілген шанақтан қалыңдығы 5 миллиметрдей етіп кесіп алды. Оны шанаққа желімдеп, 20 минуттай қыстырып қояды. Желім кепкен соң шанақ тегістелді.

Содан кейін шебер қайтадан мойынды қолға алды. Оған домбыраның қос құлағы тұратын бөлікті желімдеді. Құлақ бөлігі қисық орналасып қалмауы үшін мойынның дәл ортасын сызып алу керек.

Мойынды әлі жасап бітпедік. Енді оған қалыңдығы 5 миллиметр болатын мойын бетін жапсырамыз. Ол мойынды қисайтпай тік ұстап тұрады, құлақтың жұлынуына жол бермейді. Бұл жерге ноталар сызылады. Біз домбыраның құлақтарын Қытайдан алдырамыз. Бізде негізінен скрипканың құлақтары бар. Ішекті аспаптың құлағын жасау майда тірлік болғандықтан әжептәуір уақыт алады. Дайынын ала салған тиімді, — дейді Қуаныш Біләлұлы.

Домбыра қалай жасалады?
Бетқақпақ жасауға керек ағаш. Фото: Айгүл Хожантаева

Домбыраның шанағын, мойны мен құлағын жасап біткен соң Қуаныш шанақтың жиегіне бетқақпақты салмақ болды. Бір домбыраға қалыңдығы 7 миллиметрден тілінген, ұзындығы 39-40 сантиметр болатын төрт ағаш кетеді. Шебер бетқақпақтың формасын кесіп алып, бір-біріне жапсырып шықты. Бірақ әлі домбыраға орналастыруға жеткен жоқпыз. Жіпті шешкен соң бетқақпақ жұқартылады. Домбыра жасаудағы ең маңыздысы да — осы сәт.

Бетқақпақ аспап дыбысына тікелей әсер етеді. Оны шырша ағашынан кесіп алған соң домбыраға жапсырылатын формасын шығарамыз. Ортасын 4-4,5 миллиметр, шетін 2,5 миллиметр қалыңдықта жұқартып шығамыз. Жұқартқан сайын бетқақпақтың қалыңдығын арнайы аппаратпен өлшеп отырамыз. Ал дыбысын білу үшін құлағымызға тосып, тырнақпен түртіп тексереміз. Бетқақпақты тырнақпен соққанда дыбыс шорт үзілмей, ұзаққа баруы керек, — дейді шебер.

Бетқақпақты болашақ аспаптың үніне қарай жұқартып отыру ағаш ұстасының дыбыс тани білуіне байланысты. Сол себепті біреу бұл іске 30 минут отырса, келесі бір шеберге бір сағат уақыт қажет болуы мүмкін. Кейіпкеріміз домбыраның беті дайын болған соң ішкі жиекке салып, төменгі және жоғарғы жағына кішкентай шеге қақты. Шегеге желімді ұстап тұратын жіпті байлап шықты. 15 минутта желім де кеуіп қалды. Домбыраның қақпағы да, шанағы да дайын. Демек, мойын шығару процесіне кірісе беруге болады.

Домбыра мойнының шанаққа жалғанған тұсының жуандығы — 2,6 сантиметр. Ал мойынның құлақ жақ бөлігін станокпен, қашаумен жонып, қалыңдығын 2,2 сантиметр қылады. Мойын сүргімен тегістеледі.

Домбыраға жабыстыратын оюды қағазға сызып алады. Фото: Айгүл Хожантаева

Домбыраның бетін безендіру үшін жіп-жіңішке ағаш материал — шпон пайдаланылады. Ою-өрнек басылған трафаретпен шпонның бетін ойып шығады.

Алынған өрнекті домбыраның бетіне жапсырған соң шебер аспапты түгел тазалап, артық-кемін тегістейді.

Домбыра қалай жасалады?
Домбыраны лактау. Фото: Айгүл Хожантаева

Әбден тазаланған домбыраға ағашқа арналған нитролак жағылады. Лак біркелкі, тегіс жағылуы үшін шебер щетканы емес, матаға оралған сорғышты пайдаланды.

Домбыра кепкен соң мойны 19 пернеге бөлініп, жоғарыдан төмен қарай әрқайсы қалыңдығы 0,6-0,7 миллиметр болатын, ұзындығы аспап бойымен 3,5 рет тартқанға жететін ішекпен буылады.

Ағаш шебері пернелерді буып болғаннан кейін бетқақпаққа тесік салып, домбыраның дайын құлақтарын орнатты.

Домбыра қалай жасалады?
Домбыраның негізгі ішегі керіліп жатыр. Фото: Айгүл Хожантаева

Соңғы кезең — аспаптың негізгі ішегін тағу. Бұрын шеберлер мұны малдың ішегінен жасаған. Ал біздің кейіпкеріміз қармақ жібін қолданды. Ішекті аспапқа да, балықшы құралына да жарай беретін материалды Германиядан, Түркиядан алғызады.

Домбыра қалай жасалады?
Фото: Айгүл Хожантаева

Ішек домбыраның құлағынан бастап тартылып, түймесіне байланады. Шебер құлақ күйін келтірді. Домбыра дайын!

Қуаныш Біләлұлы жұмыс істейтін шеберханада алты шебер бар. Оларға көбіне әншілер, күйшілер мен музыка мектебінің оқушылары тапсырыс береді. Біреуі домбыраның дыбысы тенор дауысқа арналған болсын десе, екіншісі баритонға арналған болуын өтінеді. Ең бастысы — аспап қоңыр үнді болуы керек.

Домбыра дайын болған соң үні тапсырыс берушіге ұнамай қалуы мүмкін. Ондай кезде бетін қайта ашып-жабуға тура келеді. Классикалық, ою-өрнексіз домбыраны біздің шеберханада 50 мың теңгеге жасайды. Өзім 300 мың теңгеге домбыра жасап бергенім бар. Аспап жасаудың процесі көбейген сайын бағасы қымбаттайды, — дейді шебер.

Қуаныш Біләлұлы — Алматы облысының тумасы. Музыкалық аспаптардан домбыра, жетіген мен қылқобыз жасайды. Кішкентайынан сурет салуға қызыққан. Мектеп бітіріп, Алматыға келгенде ауылдасы Алмас Мұстафа қаладан шеберхана ашып, ағаш жонуға икемі бар жас жігіттердің басын қосқан. Қуаныш Алмастан үйреніп жүріп, Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінің көркемсурет факультетінде білім алды, домбыра жасаудың үздігі Жолаушы Тұрдығұлдың шеберханасында тәжірибе жетілдірді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!