Бір домбыраны айлап жасайтын кездер болады

Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық университетінің көркемсурет факультетінде сәндік қолданбалы өнер мамандығында оқыдым. Алғашқы домбырамды 2-курста оқып жүргенде ұстазым Жолаушы Тұрдығұловтың шеберханасында жасадым. Домбыра жасаумен айналысқаныма 12 жылдан асты.

Алмас Серікұлы, домбыра шебері
Алмас Мұстафа, домбыра шебері. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Домбыра жасауға қажетті барлық бөлшектер дайын болса, бір домбыраны екі-үш күнде жасап шығуға болады. Ол үшін күндіз-түні тек сол домбырамен айналысу керек. Ал шеберлерде ондай мүмкіндік бола бермейді. Құрап қойып, басқа шаруаларымен айналысады. Сондықтан бір домбыраны кем дегенде бір апта жасайды.

Домбыраның бағасы, сапасы, жасалу мерзімі тапсырыс берушіге тікелей байланысты. Тіпті, бір домбыраны айлап жасайтын кездер болады.

Елімізде шырша ағашы тапшы

Алмас Серікұлы, домбыра шебері
Домбыра жасауға арналған ағаш осындай болады. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz

Домбыра жасауға арналған негізгі құрал-жабдықтар өз елімізде жеткілікті, бағасы да қолжетімді. Тапсырыс бойынша әкелетін орталықтар да, арнайы барып алып келетін жерлер де бар. Отандық өнім болғандықтан сенімді, сапасы да жақсы.

Алайда, кейбір бөлшектерді Түркиядан және Ресейден арнайы барып әкелуге тура келеді. Негізі нақ домбыраға ғана арналған материалдар болмайды. Жалпы музыкалық аспаптарға арналған ағаштарды пайдаланамыз.

Домбыраның бетін жабатын ағаштың сапасы оның үніне, сапасына тікелей әсер етеді. Оны шыршадан жасаған ыңғайлы. Ал Қазақстанда шырша ағаштарын кесуге тыйым салынған. Сондықтан, Кавказдан, Ресейден әкелуге тура келеді. Бұл бізді көп шығынға батырады.

Кейде бұрын құрылыста қолданылған шырша ағаштарын қайта өңдеп пайдаланамыз. Ескі ағаштар домбыра жасауда өте қолайлы. Себебі, ғасырлар бойы кепкен ағаштан жасалған домбыраның үні ерекше болады. Кеппеген жас ағаштан жасалған домбыра алғашында жақсы үн шығарғанымен кейін кеуіп кеткен соң өзгерістерге ұшырауы мүмкін.

Қазір малдың ішегі қолданыста жоқ

Бұрын қазақтар домбыраның шегін малдың аш ішегінен жасаған. Біз де мұны қолданысқа енгізуге тырысып көрдік. Бірақ, қазіргі таңда бұл аса оңтайлы шешім болмай тұр.

Қолданысқа ыңғайлысы нейлон, карбон немесе флюракарбон. Сапалы ішекке арналған материалдарды Жапониядан, Германиядан, Италиядан алдыруға тырысамыз.

Ресей жерінде бураттар түрлі аспаптарға арналған ішектерді иіріп шығарумен айналысады. Алайда олардың материалдары қатты болады. Домбыраға аса ыңғайлы емес. Әнге арналған аспаптарға жақсы келеді.

Арфаға арналған ішектер Америкада өндіріледі. Шама жетсе, сапалы домбыра үшін арфаның ішектерін пайдаланған жақсы.

Домбыраның бағасы доллардың курсына байланысты

Домбыраның бағасы оның өлшеміне, тапсырыс берушінің талаптарына, жасалған материалы мен шебердің еңбегіне байланысты белгіленеді. Әр шебердің өз бағасы бар. Сондықтан нарықтағы нақты бағасы мынадай деп кесу айту қиын.

Алмас Серікұлы, домбыра шебері
Алмас Мұстафа, домбыра шебері. Фото: Айгүл Хожантаева

Негізі домбыраның бағасы доллардың құнымен есептеледі. Себебі, қажетті материалдарды доллардың құнымен сатып аламыз. Доллардың курсы тұрақсыз болған кезде домбыраның да бағасы ауытқып отырады. Егер теңгемен есептесетін болса, шеберлер кейде табысқа кенеліп жатса, кей кездері шығынға батып қалады.  Шеберлер мен мамандар арасында бұл заңдылықтар сақталады. Ал кәсіби маман емес адамдар домбыраның бағасының ауытқуына немесе сапалы домбыраның қымбат болуына шағымданып жатады.

Орта есеппен айтатын болсақ, шағын домбыралардың бағасы 20-25 мың теңгеден басталады. Ал сапалы, кәсіби домбыралар 100 мың теңгеден басталады да, 600-700 мыңға дейін барады.

Қарапайым адам сапалы домбыраның құнын білмейді

Домбыра қазақ халқының ұлттық аспабы болғаннан кейін әрбір үйде бар. Екінің бірі домбыра шерте алады. Алайда домбыраның сапасын нағыз кәсіби мамандар мен шеберлер ғана біледі.

Көп еңбекпен келген, сапалы материалдардан жасалған домбыраның бағасы да қымбат болады. Домбыраның сапалы не сапасыз екені оның сыртқы көрінісінен, тиегінен, үнінен-ақ белгілі. Мұндай жағдайда көп адамдар бізге сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан тек тапсырыс бойынша қызмет етуге тырысамыз.

Домбыра даму эволюциясын өткеруі керек

Алмас Серікұлы, домбыра шебері
Алмас Мұстафа, домбыра шебері. Фото: Айгүл Хожантаева

Домбыра аспабы 30-жылдардан бастап қарқынды дами бастады. Бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл процесс әлі жалғасып келеді. Қазақ өнері де, біз сияқты шеберлер де домбырамен бірге дамып келеді. Алғашында домбыра тек музыкалық аспап ретінде қалыптасты. Қазір оның ғылыми тұжырымдамалары мен оқу бағдарламасы дайындалды. Ұлттық аспабымыз әлі де болса дамудың көптеген сатыларынан өтеді. Әлемге танымал гитараның да, скрипканың да алғашқы нұсқасы сақталғанымен, дамудың түрлі эволюцияларын бастан кешірген соң өзгерістерге ұшырады. Домбыра ЮНЕСКО мұрасының қатарына кіргендіктен, қорғаудағы аспап болып саналады.

Ұлттық домбыра күні туралы

Алмас Серікұлы, домбыра шебері
Домбыра аспабы. Фото: Айгүл Хожантаева

Қоғамда болмайтын мереке-мейрамдар көп қой. Оның жанында «Ұлттық домбыра күнінің» мән-мағынасы да, маңыздылығы да жоғары тұруы керек. Бұл нағыз насихаттайтын, тәрбиелік және патриоттық маңызы зор мереке. Биылғы жылдан бастап Ұлттық домбыра күнінің бекітілгені жақсы бастама.

«Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» дегендей, қазақтың қазақтығын, тарихын, мәдениетін тасымалдайтын аспап ретінде бәрі осы аспапты қадірлеуі керек деп ойлаймын.

Жеміс ағашынан да домбыра жасауға болады

Алмас Серікұлы, домбыра шебері
Алмас Мұстафа домбыра жасау кезінде. Фото: Айгүл Хожантаева

Қазақстан ұлан-байтақ ел болғандықтан, әр аймақтың ән айту, күй шерту дәстүрі, соған сәйкес домбырасы да әр түрлі болады. Мамандардың айтуынша, арнайы тапсырыспен жасалатын домбыраны сол аймақтың ағашынан жасаған дұрыс. Себебі, жергілікті ағаштар да аймақтың табиғатын, өнерін, әні мен күйін бойына сіңіреді. Мысалы, Арқаның әндеріне арналған ағаштың орталықтан, Батыс Қазақстандағы күйшілерге арналған ағашты батыстан алсаң, домбыраның үні сәйкесінше жергілікті өнермен үйлесім табады.

Бұл тұжырым тек домбыраға ғана емес, басқа аспаптарға да қатысты. Қазақстанның әр жерінде флора, яғни өсімдіктер жамылғысы әр түрлі. Кей жерлерде үйеңкі жақсы өссе, кей жерлерде жеміс ағаштары көп. Егер домбыра жасайтын адам шебер болса, ағаш талғамастан жақсы домбыра жасай алады. Тек домбыра жасаудың технологиясын дұрыс қолдана білсе болғаны. Тіпті, жеміс ағашынан да жақсы домбыра жасауға болады.

Сапасыз домбыра — шебердің сәтсіз жобасы

Байқап қарасаңыз, басқа елдердің аспаптарының мойны жуан болып келеді. Гитара болсын, скрипка, виолончель болсын. Ал қазақтың ұлттық аспабы домбыраның мойны да, үні де нәзік, ерекше. Мойны жіңішке болғандықтан, сыну қаупі жоғары. Сондықтан домбыраның мойнын барынша берік ағаштан жасаған абзал.

Алмас Серікұлы сұқбат беру үстінде.
Алмас Мұстафа. Фото: Айгүл Хожантаева

«Мұндай ханның қызында да болады» дегендей, кейде шеберлердің өзі сапасыз домбыраны дүниеге әкеп жатады. Домбыраның сапасыз болуы — шебердің жобасының сәтсіз аяқталуы. Кейде сәтсіздік материалдың сапасына, ағаштың кеппей қалуына байланысты болып жатады. Бірақ, көптеген жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі бар шебердің сәтсіз жобасы мыңнан бір рет қана кездесуі мүмкін.

Домбыраның жарамдылық мерзімі

Алмас Серікұлы, домбыра шебері
Алмас Мұстафа, домбыра шебері. Фото: Айгүл Хожантаева

Домбыраның нақты жарамдылық мерзімі жоқ. Аспаптың күтіміне, ауа-райына байланысты. Өз басым 40-50 жыл қызмет еткен домбыраларды көрдім.

Ал ағымдағы домбыраларды шамамен 5-7 жыл қолдануға болады. Домбыраны қатты күннің астына, ыстық пештің жанына, судың астына немесе дымқыл жерде қалдыруға болмайды.