Қазақстанның маргарин нарығын сырттан келетін өнім жаулап алды. Бұл туралы Energyprom.kz зерттеуінде айтылады. 

2019 жылдың 11 айында елімізде маргарин мен сол сияқты май өнімдерінің 56,8 мың тоннасы өндірілді, былтырғы қаңтар-қарашада өндіріс 61,6 мың тонна болған, яғни биыл 7,9% аз.

Маргарин әдеттегідей Қарағанды облысында көп өндірілген: 52,5 мың тонна. Бұл өңірде Eurasian Foods Corporation кәсіпорны бар. Energyprom.kz мамандарының мәліметінше, ел бойынша бұл өндірістің азаюына Алматыдағы кәсіпорындар “кінәлі”, өңірде маргарин өндірісі бір жылда бірден 63% құлдыраған (7,7 мың тоннадан 2,8 мың тоннаға дейін). Алматыда маргарин мен басқа да май түрлерін негізінен “Масло-Дел”, “Алматы Сүт” кәсіпорындары өндіреді.

Май өнімдерінің аз өндірілуі нарыққа әсер етті, биылғы 10 айда-ақ импорт ішкі нарық сұранысының 51,4%-ін өтеді, бір жыл бұрын көрсеткіш 37,5% еді. Қазақстандағы өндіріс 8% құлдырағанда импорт былтырға қарағанда 62,4% артып отыр.

Нарықты импорт жаулаған соң баға да өсе бастады, 2019 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі аралықта маргарин мен басқа да май өнімдері былтырғы 11 айға қарағанда 8,4% қымбаттаған. Осы кезеңде жалпы тауар мен қызмет түрлері тек 5,2%, азық-түлік 8% қымбаттағанын айта кету керек.

Биылғы қарашада Қазақстан қалаларында маргариннің келісі орташа есеппен 552 теңге тұрды, Нұр-Сұлтанда, Өскеменде және Қарағандыда баға бұдан жоғары.

Маргарин

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Vincent James)