«Қыздар»

Бір ғана толықметражды комедиясымен танымал болған режиссер Юрий Чулюкин 1961 жылы екінші картинасын түсіруге кіріседі. Борис Бедныйдың «Қыздар» повесі бойынша түсірілген комедия 1962 жылы Әйелдердің халықаралық күніне орай көрсетілді. Сала басшылары фильмді «кеңес экранына жарамсыздау» деп тапқанымен ол көрерменнің жоғары бағасын алып, кинопрокатта лидер болып шықты, алғашқы жылы-ақ картинаны 35 миллион адам тамашалады (1962 жылы КСРО халқының саны 220 миллион адам болды). «Қыздар» жарты ғасырдан астам уақыттан бері посткеңестік кеңістіктің телеэкранынан түспей келе жатыр.

Комедияның басты рольдерін сол заманның екі тамаша артисі — Надежда Румянцева мен Николай Рыбников ойнайды. Фильм сюжеті шынайы махаббат, адамгершілік, әйелдер құқығы сияқты идеяларды қозғайды, мұндағы әзіл-қалжың мен цитаталар қанатты сөзге айналып кетті. «Қыздар» картинасы үшін Александра Пахмутова жазған «Старый клен», «Хорошие девчата» әндері эстрада репертуарына әбден сіңді.

«Ы» операциясы немесе Шурик бастан кешкен басқа да оқиғалар»

Бұл кезеңде режиссер Леонид Гайдай шығармашылығы кинематографқа зор ықпал етті. Оның жалпыхалықтық ықыласқа бөленген фильмдер циклының алғашқысы — «Ы» операциясы немесе Шурик бастан кешкен басқа да оқиғалар». Комедия 1965 жылы КСРО кинопрокатының лидері атанды, оны бір жылда 69,6 миллион көрермен тамашалады.

Картина үш бөлек новелладан тұрады: «Жұмыстас серік», «Арбалу» және «Ы» операциясы», бірақ бұлардың бәріне ортақ бір кейіпкер бар — аңғал да тапқыр студент Шурик. «Ы» операциясы» бөлімінде бұған дейін Леонид Гайдайдың басқа бір қысқаметражды фильмдерінде болған үш күлдіргі антиқаһарман — Трус, Балбес және Бывалый (Георгий Вицин, Юрий Никулин, Евгений Моргунов) басты кейіпкермен (Александр Демьяненко) кездеседі. Фильм режиссер мен актерларды бүкілодақтық даңққа бөледі.

Кезінде Александр Демьяненко: Мен сценарийді оқып шыққаннан кейін фильмді зор табыс күтіп тұрғанын түсіндім. Біздің кинода бұған дейін мұндай нәрсе болған емес, — деп еске алды.

«Кавказ тұтқыны немесе Шурик бастан кешкен жаңа оқиғалар»

«Ы» операциясының» фурорынан кейін Леонид Гайдай Шурик оқиғасының жалғасын түсірді: «Кавказ тұтқыны немесе Шурик бастан кешкен жаңа оқиғалар». Фильм үлкен экранға 1967 жылдың 3 сәуірінде шықты. Бұл — гротеск, эксцентрика, сатира, гэг пен клоунада элементтерінен тұратын комедия.

Сюжеті: студент Шурик Кавказға ғылыми-этнографиялық экспедицияға барады. Жергілікті халықтың тост айту дәстүрін зерттеймін деп жүріп милицияға ұсталып қалған оны аудандық шаруашылық басшысы Саахов жолдас құтқарып алады. Саахов «фольклор үлгілерін көрсетемін» деген желеумен студентті қыз алып қашуға пайдаланады. Трус, Балбес, Бывалый мен Шурик «өзі комсомол, өзі спортшы, өзі сұлу» Нинаны ұрлап қашады. Істеген ісі қойылым емес, барып тұрған қылмыс екенін, әбден алданғанын түсінген Шурик Нинаны құтқаруға тырысады. «Советский экран», «Искусство кино», «Известия» басылымдары мен сыншылар қауымы картинаға бірауыздан «шедевр» деген баға беріп, кеңес көрермені үшін ондай дүниені бір жылда бірнеше рет түсіру керек екенін жазды.

«Плющихадағы үш терек»

Бұл кезеңде комедияға ғана емес, драмаға да сұраныс жоғары болды. Татьяна Лиознованың 1967 жылы шыққан «Плющихадағы үш терек» мелодрамасы кеңес кинематографындағы орны ерекше әрі танымал туындыға айналды. Деревняда тұратын екі баласы бар әйел Мәскеуге шаруамен келеді. Оны бір таксист Плющиха көшесіндегі «Три тополя» кафесінің жанында тұратын қайын апасына жеткізіп тастамақ болады. Ауыл әйелі мен қала таксисі жақсы шүйіркелесіп, сырласып кетеді. Бұл кездесу әйелдің өмірге көзқарасын өзгертеді, бірақ бұл жолығысу ұзаққа бармайды.

Фильмде ғашықтық жарасым мен ар-ұят терең қайшылықта емес, бейкүнә параллельде суреттеледі. Александра Пахмутованың әйгілі «Нежность» әні алғаш рет осы картинада шырқалып, көрерменге өзінше интерпретация жасауға эмоция жағынан ықпал ете түседі. Бұл шлягер кейін тұңғыш космонавт Юрий Гагариннің сүйікті әніне айналды.

«Гауһартас таңылған қол»

Режиссер Леонид Гайдай 1968 жылы «Гауһартас таңылған қол» комедиясын жарыққа шығарды. Ол — кеңес киносы тарихындағы ең танымал фильмдердің бірі. Лента сюжеті болған оқиғаға негізделген. Қара теңіз жағасындағы портта контрабандашы жөліктер шетелден бағалы тас жасырып әкелумен айналысады. Теңіздің арғы бетіндегі қалада сыбайластары КСРО туристерін күтіп отырады. Құпия келісім бойынша банда мүшесі Геша Козодоев бір дәріхананың алдында сүрініп, «Сайтан алғыр!» деген парольді айтуы керек. Бірақ одан бұрын әлгі жерге Кеңес Одағының адал азаматы, үлгілі еңбеккер Семен Горбунков барып құлап қалады. Контрабандашылар оны өз адамы деп қабылдап, қолына гауһартас салынған гипс таңып береді. Ары қарай банда мен милицияның контрабанда тауарына қол жеткізуге таласы күлкілі де шытырман оқиғаларға ұласады…

Картина сценарийі басты рольде Юрий Никулин болады деген есеппен жазылған, талантты актер бұл миссияны тамаша атқарып, көркемдік кеңестің күмәнін келтірген жоқ. Фильмге Алматы консерваториясы мен «Қазақфильм» түлегі, композитор, кейін Ресейдің халық артисі болған Александр Зацепин «Остров невезения», «Песня про зайцев», «Помоги мне» әндерін жазды. Олар кеңес халқының сүйікті әндеріне, мәдениет игілігіне айналып кетті.