Денсаулығына зиян екенін біле тұра адам не себепті бордан бас тарта алмайды? Оны қандай мөлшерде жеуге рұқсат етеді? Бұл сұрақтарға Семейдегі №4 қалалық емхананың отбасы дәрігері Гүлзат Қопанова жауап берді.
Борға әуестік ағзаға кальций жетпегеннен болады деп айтып жатады. Дәрігер бұл пікірді қолдады. Бірақ, оның айтуынша, адамның дәм талғамының өзгеруіне қатысты аурулар да ағзаның борды талап етуіне себеп болуы мүмкін.
Бор жеудің негізгі бес себебі бар. Біріншісі — анемия. Табиғи бордың құрамында аз мөлшерде темір оксиді болады. Ағзаға сол жетпеген соң да борға әуестік байқалады. Бірақ бор жегеннен ағзаға темір бармайды. Сол себепті анемияны дәрігердің нұсқауымен емдеу қажет. Екінші себеп — жүктілік. Бұл кезде әйел ағзасы түрлі дәмді қалап тұрады. Бірде тұзды, бірде тәтті тағамды аңсайды. Көбі борға әуестене бастайды. Әйел ағзасында кальций жетпесе, бала оның анасының сүйегі мен тісінен «ала» бастайды. Кей дәрігер ағза қатты талап еткенде жеуге болатын тағам борын ұсынады. Бірақ қандай жағдай болса да, мөлшерден асуға болмайды, — дейді Гүлзат Қопанова.
Маманның айтуынша, адам борды қалқанша без патологиясы болған себепті де жейді. Бұл — жиі кездеспесе де, маңызды фактордың бірі. Қалқанша без ауруы кезінде ағзадан кальций жиі шығады. Сондықтан бор жеуге итермелейді. Бауыр дұрыс жұмыс істемесе, рацион бұзылса да, осы құбылыс байқалады. Егер адам дұрыс тамақтануға көшсе, борға әуестігі жойылып кетуі мүмкін. Ағза D, E, C дәрумендерінің жетіспеуінен де борды талап етеді.
Борды қандай мөлшерде жеуге болады?
Дәрігердің айтуынша, таза кальцийдің өзі ғана ағзаға дұрыс сіңбейді және бор жегеннен бұл мәселе шешілмейді. Егер ағзаңыз тым қатты қалап тұрса, өте аз мөлшерде жеуге рұқсат етілуі мүмкін. Оның өзінде кеңсе, құрылыс борын таңдамау керек. Себебі олар жеуге арналмаған, құрамында химиялық заттар болады.
Жеуге болатын бордың үш кішкентай кесегі немесе бір ас қасық ұнтақ түрі рұқсат етілген норма болуы мүмкін. Ең дұрысы — борды жасанды баламаларға (мысалы, кальций глюконатына) ауыстыру қажет, — дейді маман.
Гүлзат Қопанова борды шектен тыс көп жеу денсаулыққа өте зиян екенін айтады. Бор ішкі ағзаларда, түтікше қабырғаларында тұрып қалып, олардың жұмыс істеуіне кедергі жасайды. Кальций карбонаты мөлшерден көбейіп кетсе, бүйректе тас пайда болады, қант диабетіне, панкреатитке себеп болады. Бор асқазанға түскенде тұз қышқылымен араласып, газ түзіледі. Бұл ойық жара мен гастритке апарады.
Кеңсе борын жеу өте қауіпті. Оның құрамында кальций карбонатымен қатар бояғыштар мен гипс бар. Құрылыс борында қоспа тіпті көп, — дейді отбасы дәрігері.
Ағза борды қатты талап еткенде не істеу керек?
- Дәрігер ағзаға темір жетіспейтіні анық болса, оны бордан іздемеуге кеңес берді. Кей адам аллергиясы болған соң құрамында темір бар препараттарды қабылдай алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда темірге бай өнімдерді (бауыр, ет, алма, ашытылған қырыққабат, балық, жидек, цитрус) рационға енгізу керек.
- Құрамында бор бар кальций глюконатына, басқа да дәрі-дәрмекке алмастыру қажет.
- Әрдайым бір нәрсені «кеміруге» әуестіктің себебі ағзаның борға мұқтаждығы болуы мүмкін. Оны алмаға немесе жаңғаққа ауыстыруға болады.
- Дұрыс тамақтануды қолға алсаңыз да, мәселе шешілуі мүмкін. Сол себепті дәрігердің, диетологтың кеңесін алған жөн.