Венгрия

Венгрия қазақстандықтарға Stipendium Hungaricum бағдарламасы шеңберінде 250 грант бөлді. Оның ішінде: бакалавриат — 110 орын (техника, гуманитар, ауыл шаруашылығы ғылымдары, өнер), магистратура — 90 орын (техника, ауыл шаруашылығы, өнер), докторантура — 20 орын (барлық бағыт бойынша) және бакалавриат + магистратура — 30 орын (жалпы медицина, фармацевтика, стоматология, сәулет, ветеринария хирургиясы, егіншілік инженериясы, сәулет инженериясы). Соңғысының оқу мерзімі: 5–6 жыл.

Стипендиат бірінші оқу жылы «Венгр тілі шет тілі ретінде» курсын оқып, екінші семестрдің соңында емтихан тапсыруға міндетті.

Ал докторантурада оқитын үміткердің қабылдаушы университеттен ғылыми жетекшісі болуы керек.

Венгрия гранты тегін білім алуға, стипендия алуға, жатақханада тұруға (немесе пәтер жалдауға, ақысы айына 120 еуро көлемінде) және медициналық сақтандыруға мүмкіндік беріледі. Стипендия көлемі: бакалавриат және магистратура үшін 130 еуро, докторантура үшін 415 еуро (бірінші 4 семестр) және 530 еуро (екінші 4 семестр).

Үміткер болу үшін әуелі Stipendium Hungaricum бағдарламасының сайтында онлайн-тіркеуден өту керек. Оның мерзімі — 2020 жылдың 15 қаңтарына дейін. Кейін құжатты 3 желтоқсаннан 2020 жылдың 20 қаңтарына дейін Нұр-Сұлтандағы «Халықаралық бағдарламалар орталығына» тапсыру керек. Құжаттар мен мамандықтар тізімін орталықтың ресми сайтынан біле аласыз.

Венгрия тарапы 2020 жылдың 28 ақпаны мен 1 мамыры аралығында іріктеу өткізеді.

Қытай

Қытай Үкіметі бакалавриатта, магистратурада, докторантурада оқуға және тағылымдамадан өтуге 86 білім грантын бөлді.

Стипендиат тегін білім алады, бакалавриат бойынша стипендия — 350 доллар, магистратура бойынша 420 доллар, докторантурада 490 доллар. Сонымен бірге оның медициналық сақтандыруы мен жатақханасының шығыны өтеледі (немесе жалдамалы пәтердің ақысы айына 90-140 доллар көлемінде).

Грант туралы толық ақпарат Қытайда оқу стипендиясының ресми сайтында көрсетілген. Үміткер әуелі сол сайтта онлайн-тіркеуден өтуі керек. Тіркелгеннен кейін 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін «Халықаралық бағдарламалар орталығына» құжаттарды қолма-қол тапсыруы қажет.

Венгрия және Қытай ұсынған білім гранттары Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің келісімімен тағайындалған. 

Ұлыбритания

Оксфорд университеті Clarendon бағдарламасы аясында жыл сайын магистратура мен аспирантураға 130-ға жуық грант бөледі. Оған әлемнің барлық елінің азаматы үміткер бола алады.

Грант тегін оқуға және университеттің міндетті жарнасын өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге күндізгі бөлімде оқитын студентке бір жылға 14 777 фунт стипендия тағайындалған.

Бұл грантқа құжат тапсырудың қажеті жоқ. Оған қаңтардың соңына дейін Оксфорд университетіне оқуға тапсырған барлық абитуриент (магистратура мен аспирантура) үміткер бола алады.

Толық ақпаратты университеттің ресми сайтынан біле аласыз.