Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің 20 желтоқсанда өткен екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін енгізу қажет екенін айтты. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент Үкіметке халықтың осы санатын жұмысқа орналастыру жөнінде тапсырма берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, еліміздегі мүгедектігі бар 106 мың адамның 25%-і ғана жұмыспен қамтылған. Жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдарды қабылдау үшін арнайы квота бөлуге тиіс. Үкіметке осы міндеттің орындалу барысын қадағалауды тапсырамын. Орындамаған жағдайда өтемақы төлеу мәселесін қарастыру керек, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің барлық аймағында Еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жұмыс істеуі керек. Ақмола, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтанда және Шымкентте мұндай орталықтар жоқ.
Бұл — үлкен кемшілік, сондықтан ондай орталықтарды қалайда ашуды тапсырамын. Осы жұмысты мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігі арқылы іске асыруға болады. Сонымен бірге мүгедектігі бар жұмыс істейтін адамдарға оңалту көмегін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы есебінен беру мәселесін қарастыруды ұсынамын, — деді Президент.
Президент жұмыс берушілер төлеуге тиіс 5% көлеміндегі міндетті зейнетақы жарнасы туралы дау-дамай басылмай жатқанына назар аударып, оның бірнеше жылдан кейін ғана енгізілетінін айтты.
Мұны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастау көзделген еді, алайда әлі күнге дейін баршаға ортақ ұстаным жоқ. Сондықтан жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі кейінге — 2023 жылға шегерілді. Мен бұған егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ қояйын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан басшысы атаулы әлеуметтік көмек бойынша қолданыстағы механизмге айтарлықтай түзету енгізілетінін де еске салды.
Еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне баса мән беріліп, атаулы әлеуметтік көмекті асыра пайдалану барынша азаяды. Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді әлеуметтік-патронаттық қолдауды күшейту керек деп есептеймін. Білім алуға, жұмысқа орналасуға, тұрғын-үй мәселесін шешуге арналған негізгі талаптар баршаға түсінікті болуы қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінің толық нұсқасы.