Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданы тұрғындарымен еркін микрофон форматында екінші рет кездесті. Кездесуде биыл ауданда атқарылған жұмыс нәтижесі баяндалды.
Алматы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуге 450 адам жиналды. Мұның алдында қала әкімімен ауданның 300-ден астам тұрғыны кездесіп, 80-ге жуық проблема көтерген еді. Олардың қалай шешілгенін Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов баяндады.
Оның айтуынша, ауданда 19 көшенің сыртқы жарық желісінің құрылысы аяқталып, 1084 шам орнатылды. Келер жылы қалған 268 көшеге жарық тартылып, 600 шам орнату жоспарланып отыр. 27 аулаға 500 жарық нүктесі қойылады. Медеу ауданында 82 аула абаттандырылды. Келер жылы 41 аула жөнделеді.
Марат Оспанов, Сарыбай, Чарльз Чаплин атындағы көшелерді су басып қалу қаупі мәселесін шешу үшін Орталық музей маңынан 5,1 шақырым болатын арық желісінің құрылысы аяқталды. Дәл осындай арық желісін 16 көшенің бойына салу жоспарланып отыр. Оның ұзындығы 22 шақырым болады. Кіші Алматы өзенінің жағалауы Шақшақ Жәнібек көшесінен Гоголь көшесіне дейін абаттандырылады, — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тұрғындар Тастықырат, Мұзтау, Көлсай, Сұлусай, Кеңсай тұрғын үй алаптары мен Аққайың ықшамауданына су беру мәселесін жиі көтереді. Тастықырат пен Көлсай ықшамауданына су жүйесін салу келер жылдың көктеміне қалып отыр. Ал Мұзтау тұрғын үй алабына су бөліп, су жүйесін салу 2020-2021 жылдың жоспарына кірген. Жобалар іске асса, 7 мың тұрғыны бар 2500 үй ауызсумен және кәріз желісімен қамтамасыз етіледі.
Думан ықшамауданындағы 57 көшенің инженерлік желісінің құрылысы аяқталып қалды. Ықшамауданның көшелері күрделі жөнделіп, абаттандырылады. Биыл ұзындығы 75 шақырым газ құбыры салынып бітті. Құбыр 50 мың тұрғыны бар 2000-нан астам үйге газ жеткізеді.
Кездесуде мектептегі орын тапшылығы мәселесі де көтерілді. Бұл мәселені шешу үшін Думан ықшамауданындағы №172 мектеп жанынан 850 орындық қосалқы нысан салынып жатыр. Самал-3 ықшамауданында 800 орындық мектептің, Ғали Орманов көшесінің бойынан жеке инвестиция есебінен 540 орындық әмбебап мектептің құрылысы жалғасып жатыр.
Кездесу соңында аудан тұрғыны, қоғам белсендісі Б.Шерәлиева көпбалалы әйелдерге қолдау көрсетіп, баспанасыз қалған аналарды өз үйінде тұрғызып жатқаны туралы айтты. Бақытжан Сағынтаев бұл бастамаға қолдау білдіріп, мұндай тәжірибені қаланың белсенді тұрғындарына тарату қажет екенін айтты.