Академия жарықшамдар байқауының нәтижесін шығарды. Жастар бұйымдарды қарапайым материалдардан жасаған.

Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шара «Біз жұлдыздарды жағамыз», «Z ұрпақ» деген ұрандармен өтті. Оған Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясымен бірге академия жанындағы колледждің және Қазақ-Америка университетінің студенттері де қатысты.

Байқаудың шарты бойынша жастар жарықшамды түгел өз қолымен жасап шығуға тиіс болды. Төбеге бекітілетін немесе үстелге қойылатын шамдардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Жарықшамдарға тек электр қуатын үнемдейтін шамдар қолданылды.

Көрмеге студенттердің 50-ге жуық жұмысы қойылды. Олардың арасында хай-тек стилінде жасалған смартфон арқылы басқарылатын, фантастикалық образ түрінде жасалған шамдар бар. Сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді. Үздік деп танылған бұйымдар Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының Жастардың комьюнити орталығын безендіруге қолданылады. Жарықшамдардың біраз бөлігін жастар жатахана бөлмелеріне қоймақ.