Басты бетЖаңалықтарМектептерде буллинг...

Мектептерде буллинг пен суицидке қарсы бағдарлама іске асырылады

Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мектеп оқушылары арасында буллинг пен суицидті болдырмауға ерекше көңіл бөлінеді. Zakon.kz тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Білім мен ғылымды дамыту бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған жобасында біз педагог мәртебесін алғашқы орынға қойып отырмыз. 4 жылда жалақыны 2 есе көбейту қарастырылған. Кейін балабақша, қосымша білім беру мекемесі, колледж педагогтарының жалақысы өседі, — деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, кейінгі кездері қоғамды балалар қауіпсіздігі алаңдатып отыр, сондықтан мемлекеттік бағдарлама аясында мектептерге арнайы күзет, видеобақылау, қауіпсіз тасымал жүйесін енгізу мәселесін 100% шешу көзделген.

Тамақтану рационы нормаларын қайта қарау, асханаларды қолма-қол ақшасыз есептесуге біртіндеп көшіру, оқушылардың кибермәдениеті мен кибергигиенасын қалыптастыру, бұған қоса, буллинг пен суицидті болдырмаудың бірыңғай бағдарламасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл — үлкен проблема, — деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен бірге Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында алғаш рет отбасы тәрбиесі мен адам құндылықтарына айрықша мән беріледі. Мектеп ұжымы мен ата-ана қатынасының жаңа форматын қалыптастыру, оқушыларды дебатқа, театрға баулу, «Жас ұлан» қозғалысын одан әрі дамыту көзделіп отыр.

Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы туралы мына жерден толығырақ оқуға болады.